Қай кезде де мемлекетті құрайтын халық. Сондықтан да ең бірінші қарапайым жұртшылықтың мұқтаждығына құлақ асу, өтініштерін орындау бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке жеделдете отырып жаңа жоспар түзу туралы тапсырмасы көптің ойынан шықты деп ойлаймын. Оның ішінде ұлттық қорларды ел игілігі үшін дұрыс пайдалану жайын өте орынды айтты деп есептеймін. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалатын болса, халқымыздың әлеуеті де, хал-ахуалы да жақсара түсетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды.
Мемлекет басшысы утилизациялық алымның қажеттілігі туралы қоғамдық талқылауларға нүкте қойды. Атап айтқанда, Президент «ӨКМ Операторы» компаниясының утилизациялық алымды жүзеге асыру жұмысын тоқтатуды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, утилизациялық алымды жинаумен мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс. Сонымен қатар Президент қазақстандықтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында утилизациялық алымның көлемін қайта қарауға шақырып, елдегі утилизациялық алым мәселесіне уақтылы назар аударды. Жаһандық өткізгіш тапшылығы жағдайында Қазақстандағы автосалондарда жаңа автомобиль жеткіліксіз. Енді азаматтарда шетелдерден автокөлікті бәсекелі бағамен сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ утилизациялық алымды жеке компаниядан мемлекеттік ұйымның қарамағына беру алымдардың ашықтығын арттыруға және халықтың мемлекеттің утилизация саясатына деген сенімін нығайтуға ықпал ететінін атап өткен жөн.
Осының барлығы сайып келгенде қастерлі құндылығымыз, азаттығымыздың айғағы – тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны баянды ету үшін жасалатын игі істер болмақшы.
Сүндетғали ҚАЛМАХАНОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі директорының орынбасары