Миссияның қысқа мерзімді орналастырылуының құқықтық негізі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт және Бітімгершілік туралы келісім болды

792

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бастамашылық еткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік күштерінің миссиясы сәтті аяқталды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Қазақстанның ресми үндеуінің негізінде және ҰҚШҰ-ның барлық елдерімен қол қойылған құжаттарға сәйкес, 13 қаңтардан бастап ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгершілік контингентінің кезеңдік шығаруы басталды. Елімізге келген бітімгерлер өз миссиясын сәтті аяқтап, өз елдеріне оралуда. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР СІМ еуразиялық интеграция департаментінің директоры Александр Синяговский Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғаннан бері 30 жылдың ішінде ҰҚШҰ Ұжымдық күштерінің мүмкіндіктері алғаш рет пайдаланылғанын атап өтті.

«Миссияның қысқа мерзімді орналастырылуының құқықтық негізі Ұйымның құжаттары болды. Ең алдымен, бұл 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт және 2007 жылғы 6 қазандағы Бітімгершілік туралы келісім, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті үндеуі. Атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың төртінші бабында: «Егер қатысушы мемлекеттердің біреуі қандай да бір мемлекеттің немесе топтың тарапынан агрессияға ұшыраса, бұл осы Шартқа қатысушы барлық мемлекеттерге қарсы агрессия болып саналады. Мұндай агрессия болған жағдайда барлық өзге елдер қатысушының өтініші бойынша оған қажетті, соның ішінде әскери көмек кідіртпей көрсетеді». Сонымен қатар, 2010 жылы қабылданған ҰҚШҰ-ның дағдарыс жағдайларға ден қою тәртібі туралы ереже; ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдануға ұжымдық шешімдерді қабылдау және жүзеге асыру тәртібі туралы ереже қолданылды. Осылайша, Дағдарыс жағдайларға ден қою тәртібі туралы ереженің 3.2-тармағына сәйкес ҰҚШҰ елдерінің басшылары ҰҚШҰ мемлекетінде дағдарыс жағдай болған кезінде Ұйымға мүше мемлекеттердің біреуінің немесе бірнешеуінің ресми үндеуі негізінде жоғарыда аталған мемлекеттегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған көмек немесе өзге де шаралар көрсету туралы шешім қабылдайды. Уақытылы қолғабыс көрсеткен үшін одақтастарымызға алғысымызды білдіреміз. Бітімгершілік миссияның болуы терроризмге қарсы операцияны өткізуге бағытталған қазақстандық күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік берді», - деді СІМ өкілі. 


Айта кетейік, биыл 10 қаңтарда бейнеконференция режимінде ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы ұйымдастырылды. Іс-шара бұқаралық ақпарат құралдарында ашық трансляцияланды. ҰҚШҰ-ның барлық елдерінің басшылары бітімгершілік миссияның маңыздылығын және өзектілігін баса айтты. 

«Еліміздегі бітімгершілік миссияның сәтті ұйымдастырылуына  және өткізілуіне қосқан жеке үлестері үшін ҰҚШҰ Бас хатшысы, Ұйымның Хатшылығы мен Біріккен штабының барлық қызметкерлерін атап өтеміз. Үстіміздегі жылдың 12-14 қаңтар аралығында ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась Қазақстанға сапармен келіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдында баяндама жасады, Алматыдағы ҰҚШҰ-ның бітімгершілік контингентінің орналастырылған жеріне барды. ҰҚШҰ-ның бітімгершілік миссиясы ең жоғары деңгейде орындалды деп санаймыз. Ұйымның Еліміздегі тәртіпті жедел қалпына келтіруге қосқан рөлін атап өтеміз. Бітімгершілік миссияны одақтастық рухының, саяси қолдаудың және елдеріміздің бауырластығының шынайы дәлелі деп білеміз», - деп түйіндеді Александр Синяговский.
Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -