ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Алматы қаласындағы онлайн және офлайн сауда саласындағы бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда саласындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ Republic Day акциясына дайындық барысы талқыланды. Маңызды тақырыптардың бірі сауда-сатты барысында қос баға қолдану мәселесі болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
2025 жылдың 10 қазанында ҚР Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген Ішкі сауда қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер баға белгілеудің ашықтығын арттыруға және тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Акциялар, жеңілдіктер немесе тауарды бөліп төлеу арқылы сату сатушының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда сатушы тек бір бағаны көрсетеді.
«Егер бөліп төлеу сатушының өз қаражаты есебінен ұсынылатын болса, баға белгісінде екі баға — тауардың бірден төленетін құны және бөліп төлеу кезіндегі құны көрсетілуі тиіс. Бұл тұтынушыға тауардың өзін қаншаға сатып алып жатқанын және бөліп төлеу мүмкіндігі үшін қанша қосымша төлем жасайтынын түсуге мүмкіндік береді. біледі», — деп атап өтті Айжан Бижанова.
Аталған норма, әсіресе, қымбат тауарларды автокөліктерді, массаж креслоларын, зергерлік және бағалы аң терісінен жасалған бұйымдарды, тұрмыстық техниканы және өзге де тауарларды сату кезінде маңызды. Бұл жағдайда сатушы бөліп төлеу бойынша барлық тәуекелдерді өз мойнына алады және оларды тауар бағасына енгізуге құқылы.
Ал егер тауарлар екінші деңгейлі банктермен біріктірілген электронды сауда алаңдары (маркетплейстер) арқылы сатылса, онда бөліп төлеуді сатушы емес, банк өз қаражаты есебінен ұсынатын болады. Бұл жағдайда банк пен сатып алушы арасында қарыз шарты жасалады.
Мұндай қарым-қатынастарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) реттейді, ал несиелік шарт барлық пруденциялық талаптарға сай болуы тиіс. Осылайша, жаңа ережелер тек сатушылардың өздері бөліп төлеу шарттарын ұсынатын жағдайларға қолданылады және маркетплейстер арқылы рәсімделетін банк несиелеріне қолданылмайды.
Сонымен қатар, кездесу барысында маркетплейстердің комиссиялары мен қызметтер тізбесі, сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен өзара әрекеттесу мәселелері де талқыланды.