Қаңтар оқиғасы тәуелсіз Қазақстан жылдарындағы қасіретті оқиға болды. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген сұхбатында қоғамды алаңдатқан осы оқиғаға қатысты мәселелер белгілі дәрежеде талқыланды. Әсіресе оқиғаның себеп-салдары, алда орындалуы керек саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестерімен қарым-қатынастары туралы сауалдар рет-ретімен қойылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде осы оқиғаға қатысты ақпараттар өте көп, тіпті әлеуметтік желілердің өзінде жазылып жатқан пікірлер мен ойлардан көз сүрінеді. Өйткені бұл оқиға бәрімізді алаңдатады. Сондықтан бұл қалыпты жайт. Ал елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан көтерілген «қыжыл» соңы бейбіт митингіден үлкен тәртіпсіздіктерге ұласты, ал билік жаңа реформаларды жүзеге асыру жолына қадам басуда. Ал неге біздің ақпараттық кеңістігімізде мәселелер күрделі және коммуникация неліктен жеткіліксіз? Мұны осы сұхбатта Президентіміздің өзі: «Мұны мойындау керек. Менің сол кездегі әрекеттерім сияқты, бұйрығымды да ешкім жөндеп түсіндірген жоқ. Кейін барып қана мен қолмен басқару режимінде «ана жерде мынаны, мына жерде ананы айту керек» деген сияқты тапсырмалар бердім. Яғни сізбен келісемін, «ақпараттық алаңда» ұтылып жаттық. Оған уақыт та жоқ еді. Білесіз бе, бәріміз көш кеткен соң ақылдымыз. Дәл сол кезде біз туралы кім не дер екен деп ойлап отыруға болар ма еді?» – деді.
Шындығында, Президент көптеген тапсырмалар бергенімен, тиісті атқарушы органдар тарапынан әлі күнге дейін белгілі бір жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Бұл туралы «Осы жағдайда құқық қорғау органдарының іс-қимыл жоспарының бірыңғай алгоритмі болмады. Ашығын айту керек, тәртіпсіздік болды. Құқық қорғау органдарының басшылары өздеріне жауапкершілік алудан қауіптенді. Мен оларға Рокоссовский немесе Жуковтың әрекетін мысалға келтірдім, яғни олар күн сайын Сталиннен қандай да бір іс-қимылдар үшін рұқсат сұраса, олар соғыста жеңіске жетер ме еді? Бұл жағдайда өздеріне жауапкершілік алу керек болды. Біздің заңдар осылай болып тұр, Жаңаөзендегі оқиғадан кейін дәл осындай жағдайларда құқық қорғау органдарын еркіндігі жоқ ахуалға түсіретін заңдар қабылданды. Сондықтан жаппай мәлімдемеге дейін қарулы бандиттерге оқ ату керек екенін айтып, жауапкершілікті өзіме алдым. Ал үндеу жасаған кезде бұл мәселені көпшілікке қайталап айттым», – деді Мемлекет басшысы.
Қоғаммен байланыс – ақпараттық қоғамның ең басты ұстыны. Сондықтан биліктегі тұлға болсын, қарапайым азамат болсын байланыстың осы формасында тұрақты қатынаста, үйлесімде болмаса, мемлекетке, Отанға деген жауапкершілігімізді, міндетімізді, парызымызды орындай алмаймыз. Кез келген жағдайда ортаны бірлікке бастайтын да, қасіретке душар ететін де біздің қарым-қатынасымыз. Ал мемлекет деңгейінде ақпараттық байланыстың бұрыс болуы болашаққа қауіп төндіреді. Ақпараттық әл-ауқатты арттыру, ұлттық ақпараттық иммунитетті қалыптастыру жолында мықтап жұмыс жүргізуіміз қажет. Ол халық пен билік арасын байланыстыратын көпір болуы шарт. Ақпараттық алаңда қуатты болашаққа ұмтылайық.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының оқытушысы, PhD философия докторы