Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында көп мәселенің басын ашып айтты. Соның бірі еліміздегі ірі кәсіпорындарға шетелден мамандар тартуды қысқартып, Қазақстан азаматтарын жұмысқа алу туралы болды. Әрине, Президент «Ресейдің білім жүйесі, әсіресе техникалық білім саласы жақсы» екенін айта келе, Қазақ елі Ресейдің «стратегиялық серіктесі, бізде ірі бизнес саласында бірлескен кәсіпорындар бар, сондықтан бізге Ресейде білім алған техникалық мамандар қажет» екенін атап өтті.
Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі атап көрсеткендей, Ресейде ғана білім алу қажет дегенді білдірмейді және батыс елдерінде білім алғысы келген адамға ешкім кедергі келтірмейді. Алайда батыстың білім саласын идеалға айналдырудың қажеті жоқтығын меңзеді. Дана халқымыз «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, біз батыстың да, Ресейдің де, тағы да басқа елдердің қай салада болсын жақсы, озық тұстарын ғана екшеп ала білуіміз қажет. Сондай-ақ оны өз ұлтымыздың ерекшелігін ескере отырып, қолданысқа дұрыс енгізе білсек игі.
Осы тұста біз Болон үдерісі бойынша білім саласына енгізілген өзгерістерге де қайтадан талдау жасағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Батыс білім жүйесін енгізуде бізде кеткен қателіктерді түзету қажет. Осы тұрғыда филология ғылымының кандидаты, аудармашы, Абердин университетінің (Ұлыбритания) PhD докторанты Гүлшат Бақытжанқызының пікіріне тоқталғанды жөн көрдім. «Шын мәнінде Болон процесінің мүшесі болып есептелетін батыстың алдыңғы қатарлы университеті мен Қазақстан университетінің білім деңгейі сәйкес емес. Студент қандай да бір пән аясында немесе құбылыс туралы өзі ізденбейді, іздену, сыни пайым қалыптастыруды білмей шығады. Есесіне оған бәрі тек оқытушы тарапынан айтылып беріледі, болды. Бұл жалпы білім алу процесінің қағидаттарына қарсы. ЖОО-да білімді бермейді, білімді студент өзі алуы тиіс. Ол үшін іздену керек. Ал ізденуге уақыт қарастырылуы қажет», – деген еді. Міне, осы әріптесім айтқан олқылықтарды ескеріп, білім жүйесіне түзетулер енгізетін уақыт жетті деп есептеймін.
Айтқали БАҚЫТОВ, Дипломатиялық аударма кафедрасының профессоры, ф.ғ.к.