Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Хабар 24» телеарнасының журналисі Вера Захарчукпен сұхбат жасап, халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың жауабын берді. Мемлекет басшысы қаңтардағы қайғылы оқиғалардың себептері мен салдарын ашып көрсетіп, елімізде жүзеге асырылатын саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың мән-мазмұнын түсіндірді. Сонымен қатар Қазақ елінің алдағы кезеңдегі сыртқы саяси басымдықтары мен негізгі стратегиялық серіктестерімен өзара қарым-қатынастары туралы арнайы тоқталып, соңғы кездері белең алып кеткен алыпқашпа саяси әңгімелерге нүкте қойды. Әсіресе Қазақстандағы қаңтар бүлігін басуға ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің көмекке тартылуын түрлі деңгейдегі саяси сәуегейлер сан-саққа жорып, «Қазақстан Ресейге кіріптар болып қалатын болды», «батыс елдері енді Қазақстанға экономикалық санкциялар салады», «Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты құрдымға кетті» дегендей сан түрлі жорамалдар жасаған еді. Тәжірибелі дипломат, салиқалы саясаткер саналатын Президентіміз мұндай арандатушылық сипаттағы «саяси болжамдардың» негізсіз екенін айта келе, мәселенің ақ-қарасын ашып берді.
Ең алдымен ҰҚШҰ көмегіне жүгіну осы ұйымның шартында көрсетілген талаптарға сай жүзеге асқанын, бітімгершілік күштер тек қана өздерінің тікелей міндетімен айналысқанын, яғни атқарған миссиясы тек стратегиялық нысандарды күзету мен тылды қамтамасыз етумен шектелгенін атап көрсетті. ҰҚШҰ-да жалғыз Ресей ғана емес, оның құрамында алты одақтас мүше-мемлекеттер бар: Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан. Қажет болған жағдайда өзара көмекке ҰҚШҰ-ның өзге де мүшелері жүгіне алады. Сондықтан ҰҚШҰ көмегіне сүйену – Ресейге «қарыздар болу» немесе Ресейге «тәуелділікке алып келеді» деген жаңсақ пікір. Көріп отырғанымыздай, ҰҚШҰ бітімгершілік мисссиясын аяқтай салысымен, шартқа сәйкес, Қазақстаннан шығарылды.
Сұхбат барысында Президентіміз жүгенсіз кеткен қарулы лаңкестерге ескертусіз оқ ату туралы қатаң бұйрық беруге тура келгеніне де тоқталды. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген қиын сәтте Мемлекет басшысы әрі бас қолбасшы ретінде шұғыл шешім қабылдап, барлық жауапкершілікті өз мойнына алғанын айтты. Мұндай жағдайда батыс елдері не дейді екен деп, ойланып-толғанатын уақыт жоқ еді.
Мемлекет басшысы ойын қорыта келе, еліміздің халықаралық байланыстары қалыптасқан дәстүрді сақтай отырып, көпбағытты, сындарлы және өзара тиімді әріптестікке негізделетінін атап көрсетті. Сыртқы саяси басымдықтарымыз – өзіміздің көршілес елдермен бейбіт достық пен стратегиялық әріптестікті нығайту болып қала береді. Әсіресе құдай қосқан көршілеріміз – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен тату-тәтті болу, жан-жақты және терең ынтымақтастықты дамытудан өзге жол жоқ. Көршіні ешкім таңдай алмайды, сондықтан ежелден бері көршілес отырған елдермен достық қарым-қатынас жасау өмірлік қажеттілік. Алайда қазіргі әлемде туындап отырған келеңсіз геосаяси талас-тартыстар, сауда-экономикалық соғыстар мен ақпараттық арандатулар жағдайында Қазақстанға да өте сақ болу керек. Бұл тұрғыда Президент Қ.Тоқаев антиресейлік немесе Қытайға қарсы синофобиялық көңіл күйді өршітетін арандатушы сыртқы күштер бар екенін, олардың арандатуына ұрынып қалмай, ұлттық мүдделерімізді қорғап, көрші елдермен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыта берудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Сейілбек МҰСАТАЕВ, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы