2022 жылдың қаңтарының басында болған халық наразылықтары мемлекеттік ауқымда шұғыл шешімі табуы тиіс проблемалардың бар екенін айқын көрсетті. Халықтың жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруына, ең алдымен Маңғыстау өңірінде және одан кейін елдің басқа облыстарындағы газ бағасының екі есеге өсуі және өмір сүрудің тым қымбаттауы тікелей ықпал етті. Осыған орай, қазіргі үкіметтің және мемлекеттік органдардың басты міндеті – елдегі қалың бұқараның мұң-мұқтаждары мен талаптарын және күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ескеріп, тиісті реформалар жүргізуі керек. Соның ішінде Президент Тоқаев айтқандай, шынайы «тыңдаушы мемлекет» құру бағытында нақты жұмыстар жасалуы тиіс.
Еліміздегі өмір сүрудің шарықтап қатты қымбаттауы және ұлттық валютаның шамадан тыс құнсыздануына бірден-бір түрткі болып отырған фактор – коррупция, яғни жемқорлықтың кең тамыр жаюы – ел экономикасының қарыштап дамуына үлкен кедергі болуда. Сондықтан еліміздегі әр саланың ғалымдары мен зерттеуші топтары үкімет пен мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде нақты ұсыныстар мен сараптамалық материалдар ұсынуы керек, яғни үкіметтің қабылдаған шешімдері мен саясаты ғалымдардың ғылыми сараптамасы мен эмпирикалық зерттеу негізіндегі ұсыныстарына негізделуі қажет. Демек, түйткілді мәселенің бірі – үкіметке және мемлекеттік органдарға осы қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде ақпараттық және мағлұматтық қолдау керек. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әр факультетіндегі мамандар өз салалары бойынша туындаған күрделі әлеуметтік құбылыстың қыр-сырларын терең зерттеп, сараптама жасап, ұсыныстар жасауы керек.
Бұл бағытта жекелей ғалымдарды және ғылыми-зерттеу топтарын университет және үкімет қаржылай қамтамасыз етуі тиіс. Жеткілікті деңгейде қаржылай және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілген зерттеушілер қазіргі заманауи сандық және сапалық әдістер мен методология негізінде тиісті объективті бағасын беруі тиіс. Бұл бағытта әр сала бойынша университеттің факультеттерінде ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып, жұмыс істеуі қажет. Осы бағытта, мысалы әлеуметтанушылар қарапайым адамдардың тұрмысын, өмір сүру жағдайын, көңіл күйін, дүниетанымдық ұстанымдарын, көзқарастарын зерттеп, сараптау үшін әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырып, эмпирикалық мағлұматтар жинауға басымдық бергені жөн. Тарихшылар мұндай күрделі әлеуметтік проблемалардың тарихи тамырлары мен қозғаушы күштерін анықтап, басқа мемлекеттердің тарихына, олардың осы сынды тәжірибелеріне көңіл аударып, салыстырмалы сараптама жүргізуі керек. Мысалы, көрші Қырғызстанда осы секілді бірнеше мәрте әлеуметтік сілкіністер мен бұқараның жаппай толқуы, революциялар орын алды. Посткеңестік кеңістіктегі өзге елдер де, соның ішінде Украинада, Грузияда, Ресейде бірнеше мәрте қалың бұқараның наразылық акциялары өтті.
Тіпті АҚШ, Франция сынды әлемнің алдыңғы қатарлы индустриалды мемлекеттерінде де терең әлеуметтік және экономикалық проблемалар мен дағдарыстың бар екені айқын. Мәселен, АҚШ-тағы нәсілдік және этникалық теңсіздік саяси, әлеуметтік және экономика салаларында әділетсіздікке алып келіп жатады. Осыған орай, Америка қоғамының төменгі сатысында тұрған афро-американдықтар, испан тілдестер және байырғы халықтардың ұрпақтары ұлттық байлық пен ресурстардың үстем етуші ақ түсті топтардың қолына шоғырлануын әділетсіз деп есептейді.
Осы тұрғыдан келгенде тарихшылар салыстырмалы тарихи талдауға негізделген зерттеу жұмыстарын жүргізуге мән беруі керек. Демек, тарих және кез келген басқа саладағы ғалымдар мен зерттеуші топтарының еңбектері және мемлекеттік мекемелерге ұсыныстары эмпирикалық зерттеу мен мағлұматтарға негізделуі қажет. Мұндай зерттеу топтарының қатарына тек ғылым докторлары мен кандидаттары ғана емес, сонымен қатар жас ғалымдар, магистранттар мен студенттер де тартылуы керек. Оларды жер-жерден эмпирикалық мағлұматтарды жинауға және талдау жасауға тартып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге үйретуге басымдық берілуі керек.
Мұндағы назар аударатын мәселе – үкіметке және өзге мемлекеттік органдарға жасалынатын ұсыныстар және сараптамалық материалдар тек эмпирикалық зерттеудің нәтижелеріне негізделуі шарт, олай болмаған жағдайда мемлекеттік ауқымда қабылданатын шешімдер және жүзеге асырылатын стратегиялар қайтадан қателіктерге алып келуі әбден мүмкін.
Ғабит ЖҰМАТАЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі