Тарихтан белгілі болғандай, еліміздің басынан талай қиындықтар өтті, соның бәрін абыроймен жеңіп шықты. Қазіргі кезде Қазақстан әлемге танымал ел болды. Елдігімізді сақтау үшін бірлік керек. Елді, жерді сақтау ата-бабаның аманаты, ал аманатқа қиянат жасауға болмайды, жеріміздің әрбір телімін сақтап қалуда ата-бабамыздың қаны бар екенін ұмытпау керек.
Кез келген елде әртүрлі жағдайға байланысты үлкенді-кішілі бейбіт шерулер өтіп тұратыны жасырын емес. Сонымен қатар кейбір жағдайда бейбіт шерудің соңы, өкінішке қарай қанды қырғынға, қасіретке ұласып отырғаны белгілі. Оқиға, көтеріліс, революция болмасын, олардың себеп-салдары, қозғаушы күші, нәтижесі болады. Олай болса, осы тұрғыдан қарастырсақ, менің ойымша бірнеше себебі бар:
– халықтың әлеуметтік жағдайы, яғни алғашқы бастама сұйытылған газ бағасының қымбаттауы, бұл өз кезегінде азық-түліктің де қымбаттауына алып келді (әл-ауқаттың төмендеуі салдарынан балалар өлімі, суицид, зейнеткерлік жастың өсуі т.б.);
– саяси жағдайлар, биліктің халықты тыңдамауы (жемқорлық, билік халықтан алшақ болды, халықтың жан-айқайы билікке жетпеді т.б.);
– экономикалық жағдай (инфляция, жұмыссыздық т.б.).
Бұл себеп-салдарға мән берсек, халықтың жағдайы үрленіп-үрленіп жарылуға дайын шар сияқты болды, оған түрткі сұйытылған газдың бірден қымбаттауы, яғни бұл ерте ме, кеш пе болатын еді деген ой туындайды.
Ал қозғаушы күші: қарапайым халық, белсенділер. Алайда қарапайым халықтың бейбіт шеруін пайдалануға дайын тұрған бұзақы топтың алдын ала ұйымдастырылғаны байқалды. Бір уақытта барлық қалада бірден басталғандығы баршаны ойландырды деп ойлаймын. Бұл лаңкестік әрекет деп сипатталды, алайда әлі де зерттеліп, әділетті баға беріледі, қорытынды жасалады деген сенімдеміз.
Нәтижесіне келер болсақ, әрине көтерліс басылды, алайда көптеген адамдар қаңғыған оқтың иесі болды, адам өлімі, тонаушылық, зорлық-зомбылық орын алды.
Біздің қоғам демократиялық қоғам, яғни халық өз ойын айта алады, кез келген кикілжің шешімін табуы керек. Бейбіт шеруге шыққандар, сонымен қатар нақты бұзақылар, лаңкестер мен адасқандарды анықтау әділетті тұрғыдан айқындалуы тиіс.
Халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіріп отыр, ол ұсынған реформалар еліміздің дамуына ықпал етеді деген ойдамыз. Президент елді бірлікке шақырып, алдымызда тұрған қиындықтарды бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, қалпына келтіретінімізге сенім білдірді. Сенім ақталады деп, халық та қолдау білдіріп отыр.
Сонымен, педагогикалық тұрғыдан айтар болсам, қазақ «тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, тәрбиеге, соның ішінде патриоттық тәрбиеге мән берілуі керек. Бір жылдары, барлық мамандықтарға 40 сағаттық «Педагогика» курсы өткен болатын, кез келген адам ертең бала тәрбиесімен айналысады, сол себептен де бала тәрбиесінде қателіктер жібермеу үшін бұл курстың маңызы зор.
Елде нақты ұлттық идеология жоқ, міне оны қалыптастыру керек. Кезінде октябрят, пионер, комсомол болу міндеттелді және әрқайсысының алдында өзіндік мақсат, міндеттері тұрды. Бұл жастарды шын мәніндегі патриотизмге, белгілі бір құндылықтарға тәрбиеледі. Дәл солай қайталау керек, оны қалпына келтіру керек деген ой туындамау керек, алайда өткен тәжірибесіз, ертеңгі болашақ күңгірт. Озық тәжірибелер зерделеніп, ел менталитетіне сай өзертіліп, қолданысқа ендірілгені дұрыс.
Тағы да, Әл-Фарабидің «алдымен тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген сөзі есіңе түседі. Бала тәрбиесінде ата-аналар өте жауапты болуы қажет, өйткені кез келген тәрбие бағытының негізі отбасында қаланады, оны балабақша, мектеп, жоғары мектеп жалғастырады. Адамның бойында адами ізгі қасиеттер қалыптасса, ол тәрбиедегі өзек бола алады. Ал өзегі мықты адам солқылдақ-былқылдақ болып, кез келген адамның сөзіне ермейді, жамандық жасамайды, оған оның қалыптасқан өзегі жібермейді. Халқымыздың тағы бір ұлағатты пікірлері «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», «Аманатқа қиянат жасама» т.б. осындай даналық сөздер негізінде және ең алдымен өнеге, үлгі арқылы жас ұрпақты адами қасиеттерге баулу қажет.
Бұл «қаңтар қасіретіне» баршамыз кінәліміз, ата-ана, мұғалім, қоғам – біздер тәрбие процесінде қателіктер жібердік деп ойлаймын. Енді тез арада бұл қателікді түзету керек, «ел боламын десең, бесігіңді түзе», «ерді тәрбиелеймін десең, ұлды, елді тәрбиелеймін десең, қызды тәрбиеле» деген ұстанымдар басшылыққа алынуы тиіс.
Тағы бір байқалғаны, халық төтенше жағдайға даяр емес, талапты сақтамағандар қаншама, бұл тұрғысында да алдын алу жұмыстары жүргізілу тиіс. Білім беру ошақтарында педагогикалық-психологиялық кеңес беру орталықтары жұмыс жасауы қажет, оған білікті практик мамандар тартылғаны абзал. Бұл бағыттарда арнайы әдістемелік құралдар, нұсқаулықтар шығарылып, көпшілікке ұсынылуы тиіс.
Елді сақтау, қорғау – әрқайсымызға берілген мұра, баршамызға сын. Біз саналы ұрпағымызбен мақтануымыз керек, олай болса, мұрамызды, құндылығымызды бағалай, қорғай білейік! Бірлігі жарасқан елдің ғана болашағы жарқын! Біз де өз ұрпағымызға бұл мұраны аманат етуіміз керек!
Нұрсұлу ӘЛҚОЖАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі