Қазақстанның жаңа тарихында «қаңтар қырғыны» деген атпен қалатын қанды оқиғалардың аяқталғанына көп болмаса да, көпшілік осы оқиғалардың себебі мен салдарын түсінуге тырысуда. Алғашында бәрі бейбіт түрде басталды, осылайша Алматы халқы жаңаөзендіктерге қолдау білдірмек болды. Дегенмен, алғашқы күннің соңында-ақ бейбіт шерудің аяғы алғашқы қақтығыстарға ұласты. Нәтижесінде, жаппай тәртіпсіздіктер орын алды, жекенің мүлкі тоналды, үкіметтік және әртүрлі сауда-саттық, халыққа қызмет көрсету нысандары қиратылды, отқа оранды. Банктер мен олардың бөлімшелері қиратылып, қыруар қаржы қолды болды. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлерге, банктерге келген шығын есептеліп, мемлекет тарапынан өтелетін болар. Алайда осы оқиғалардың құрбаны болып, қыршын кеткен азаматтардың өмірін олардың отбасына кім қайтарады? Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жалпы ел бойынша 225 азамат қаза тапқан, 19 күштік құрылым өкілдері де тәртіпсіздіктермен арпалыса жүріп бақилық болды. Осы азаматтардың қаншасы кездейсоқ оққа ұшты, соны анықтап, заң жүзінде бағасын беретін кез келді.
Шеруге шыққан халықтың арасында бейбіт тұрғындармен қатар, әртүрлі діни экстремистік топ өкілдерінің, криминалдық элементтердің де болғаны белгілі. Дегенмен, Алматыдағы бейбіт шерудің осынша ушығып, қайғылы аяқталуына солар ғана кінәлі ме? Жауапкершіліктің бір ұшы Алматы әкімшілігі мен қүштік құрылымдардың қабылдаған шешімдерінде жатқан секілді.
Қазіргі кезде бұл оқиғалардың орын алуына түрткі болған әртүрлі себептер айтылып жүргені белгілі. Алайда отыз жылдан бері қордаланған әлеуметтік мәселелердің өз шешімін уақытында таппауы, жаппай жұмыссыздық, халықтың, әсіресе жастардың ертеңгі өміріне сенімсіздік, осындай әлеуметтік жарылысқа түбі бір әкелетіні белгілі еді. Соңғы жылдары елдегі билік пен бизнес бір қолға жинақталып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы билеуші тап өкілдерінің назарынан тыс қалды. Әлеуметтік қолдау көрсетіп жатырмыз деп, итке сүйек тастағандай көрінетін кейбір шаралары халықтың жыртығына жамау бола алмады. Коррупциямен күрес тек қағаз жүзінде жүргізілді, мемлекеттік мекемелерді жалмаған бюрократия, қағаз бастылық, өтірік есеп беру секілді теріс қасиет қанымызға тереңдеп сіңді.
«Қаңтар оқиғасының» болашақта қайталанбауына ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан оның алдын алу үшін осы оқиғадан сабақ алуымыз қажет. Бірінші кезекте, қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар заң қабылдануы тиіс деп ойлаймын. Ең алдымен, халықтың жұмыссыздық мәселесін шешу керек. Әрине, бір-екі жылда бүкіл халықты жұмыспен қамтитын зауыт, фабрикалардың ашыла қоятыны екіталай, сондықтан да халықтың өз бетінше күн көруіне үкімет көмек бермесе де, ең құрығанда кедергі келтірмеуі керек. Мысал ретінде айта кетсек, Қытай сияқты экономикасы мен өндірісі дамыған алпауыт елде өндіріс орындарының жетіспеушілігі байқалмайды, дегенмен, 1,5 миллиард халықты түгелдей мемлекеттік жұмыспен қамту мүмкін болмағандықтан, халықтың бизнес ашып, өз бетінше күн көруіне толық мүмкіндіктер жасалған, алғашқы жылдары өте төмен салық көлемін тағайындау, төмен пайызбен несие алу, мүгедектігі бар азаматтардың салықтан мүлде босатылуы секілді шаралар халыққа үлкен қолдау болатыны түсінікті. Осы жағдайда халық мемлекет тарапынан қандай да бір қолдауды сезінетін болады.
Кез келген мемлекеттің тұрақтылығының берік тірегі, ол орта тап өкілдері екендігі белгілі және осы тараптағы әңгімелер баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде соңғы кезде жиі айтылып жүр. Кейбір сарапшылардың есебіне қарағанда, елімізде орта тап өкілдеріне халқымыздың тек 5 пайызын жатқызуға болады екен, мемлекеттің аяғында нық тұрып, әлеуметтік-экономикалық дамуына сеніммен қарау үшін, бұл көрсеткішті 50-60 пайызға жеткізу керек. Ол үшін шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды арттыра түсу керек, жаңа бизнес түрлерін ашу процедурасын, несие алу талаптарын жеңілдете отырып, осы салада жұмыс істейтін азаматтардың санын арттыруға, олардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен көмек көрсетуге болады. Орта тап өкілдеріне, дамыған капиталистік мемлекеттердің үлгісінде түрлі салада жұмыс атқарып жүрген жоғары білімді инженерлердің, дәрігерлердің, экономистердің, білім және ғылым саласы мамандарының жалақысын көтеру арқылы жеткізуге болады.
Еліміздегі оқиғалардың басты себептерінің бірі, бай-манаптар мен кедей халық табысының бір-бірінен ерекше алыстауы десек болады. Президент айтқандай, ел байлығының жартысынан астамы тек 162 адамның қолына шоғырланған, бұл дегеніңіз тек қаржылық көрсеткіш қана емес, осы адамдардың өздері ие болып отырған салаға монополия орнатуы деп түсінуге болады, яғни, шикізат өндірісі, оның тасымалы, сатылуы жекелеген компаниялардың иелігіне берілген, басқа компаниялар бұл салаға бас сұға алмайды. Осыдан келіп бәсекелестік болмаған жерде жекелей билеп төстеу орын алады, компанияның, оның артында тұрған жекелеген азаматтардың талабына қарай баға белгіленеді. Осы мәселені шешу үшін, кез келген саладағы бәсекелестікті арттыру керек, ол өз кезегінде өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің сапасын арттыруға, баға саясатын қалыптастыруға септігін тигізеді деп сенуге болады.
Президенттің ерекше көңіл бөліп отырған мәселесі, жастардың білім алу мүмкіндігінің қолжетімсіздігі. Оқу ақысының қымбаттығы, әсіресе ауылда тұратын, тұрақты табысы жоқ отбасының балаларына оқуын жалғастыруына, еңбек етіп, өзін, отбасын асырай алатын мамандық алуына үлкен кедергі келтіруде. Осы тұрғыда ауыл балаларына ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтарды тегін игеруіне мүмкіндіктер жасалса, сонымен қатар мемлекет тарапынан білім беріп қана қоймай, жас мамандардың алған білімін практикада қолдана алатын ортаны қалыптастырса дұрыс болар еді.
Қорыта айтқанда, соңғы күндері орын алған оқиғалар, еліміздің тарихындағы белгілі бір тоқырау кезеңінің аяқталып, жаңаша даму жолына түскен тарихи сәт деп сенейік. Осы тұрғыда, қазақ халқы ел басшысы Қ.Тоқаевқа үлкен сенім артып отыр. Көпшілік болып осы кісінің басшылығымен жаңа, демократиялық құндылықтарды бірінші орынға қоятын мемлекеттің құрылысына белсене араласайық.
Данияр МАДИЕВ, ҚазҰУ, шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының доценті