Қаңтар айындағы дүрбелең, елімізді дүр сілкіндірді. Мемлекетіміздің тарихында мәңгі есте қаларлықтай қасіретке ұрындық. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары түрлі көзқарас пен сараптаулар жасауда. Үкімет өз тарапынан жоғарыдан төмен қарап мәселенің төркінін, себебін, салдарын түсінуде. Ал жай халық, проблеманың астарын төменен жоғары қарап түсінуде, осы екі ортада «алтын ортасын» таба алатын, кәсіби мамандардан терең зерттеулердің арқасында кәсіби сараптауларға құлақ салғанымыз өте дұрыс қадам болды.
Мәдениеттанушы ретінде қортынды жасасам: ол, халықтың наразы болуына көп мәселе түрткі болған, жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік және экономикалық проблемалар екеніне бәрінің көзі жетті, сонымен қатар үнемі еленбей қалатын мәселе – мәдени және рухани тәрбиенің әлсіздігі. Митингке шыққандардың 30 пайызы орта жастан жоғарғылар, яғни оның ішінде қарт адамдар мен әйел-ер аралас адамдарды көрсек, ал қалған 70 пайызы жастар болып отыр, бұл жағдай көпті ойландырғаны анық. Елдің пікірінше, жастардың көбі – жұмыссыздар немесе жұмыс іздеп келгендер, иә, онымен де келісеміз. Себебі Алматының төңірегінде басқа өңірлерден көшіп келгендер мен табыс табуға келген азаматтар көптеп қоныстануда, жылдан-жылға келгендердің саны көбеймесе, азаяр емес. Алматы – үлкен мегаполис, табыс көзінің ошағы болып отыр, амалсыз, жақсы өмір, жұмыс іздеп, бала-шағасын асыраймын деп, қанша азаматтар тұрғылықты жерлерін тастап келуде. Осы әлеуметтік топ амалсыздан наразыларға айналды. Осыған орай көптеген қоғам белсенділері «жастарда патриотизм мен рухани идеологияның жоқтығын» айтуда. Бұл пәкірге де қосылуға болады. Себебі көп жастарымыз деструктивті діни ағымдарға ұрынып жатыр. Сонымен қатар маңызды мәселенің бірі – жастардың кәсіпсіз болуы, бәрі кешегі мектеп оқушылары, мектеп жағдайын бәріміз білеміз, ауыл-аймақтардағы білім саласының жағдайы 30 жыл бойы шешілмей келеді. Мектеп оқушыларының таланты мен дарынын ашатын, оларды тәлім-тәрбиеге баулитын мәдени ұйымдардың жоқтығы рас, бар болса да қолжетімсіз екені тағы да анық.
Ұсынысым: «Баланы – жастан» демекші, баланың тәлім-тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс, бүгінгі бала, ертең азамат болып шыға келеді. Ол не көрді, неге үйренді, немен айналысты, білімнен басқа қандай мәдени шаралармен, үйірмелермен айналысты, бойына не сіңірді, қандай кәсіпке дағдыланды, осыны түбегейлі және бірінші кезекте шешуіміз қажет. Баланың тұлға болып қалыптасуына мемлекет мектеп жасынан бастап, білімнен басқа, қосымша тегін мәдени үйірмелер ұйымдастыруы керек. Баланы жастайынан кәсіпке, өнерге, қолөнерге, спортқа баулу қажет. Соның бәрі қолжетімді болуы – маңызды. Кәсіп пен мәдени дағдыға үйренген бала өз өмірін ұйымдастыра алады, бойында өзіне деген сенімі артып, жауапкершілігі арта түседі, тұлға болып қалыптасады. Ал ондай тұлға, өмірде адаспайтыны анық.
Айжан КҮДЕРИНА, Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы