Қаңтар оқиғасы отандастарымызға өте ауыр тиді. Бұл оқиға үлкен рухани шығынға алып келді. Жазықсыз қатыгездіктің құрбаны болған жандар да бар. Өте өкінішті.
Бүгінгі таңда жарқын болашаққа үлкен үмітпен қарап, саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеуге тырысамыз. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде кемінде 100 мың жоғары білікті IT-мамандарды даярлау қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеген болатын. Соңғы оқиғалардан кейін Президентіміз техникалық бағытты дамыту қажеттігін баса айтты. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы да ел дамуына зор үлес қоса алады деп сенеміз. «Ақпараттық технологиялар» және «Электротехника және автоматтандыру» бағыттарындағы білім беру бағдарламалары аясында даярланған жас мамандарымыз – еліміздің білімді, ынталы кадрларының қатарында. Себебі, білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің талаптарына негізделген. «Интеллектуалды басқару жүйелері (ISCTE-IUL)» докторантура бағдарламасы бойынша оқып жатқан 5 докторант оқуды Португалияға барып жалғастырмақ. Сонымен қатар магистартура деңгейі үшін Латвия, Рига техникалық университетімен бірлескен қос дипломдық «Адаптроника» бағдарламасы да білімге құштар жастарымыз үшін әзір.Заман талабына сай терең білім беретін бағдарламаларымызды бітірген, Еуропа елдері тәжірибесін меңгерген біздің түлектер мықты маман болары сөзсіз.
Қазіргі уақытта Қазақстанда инженерлік бағыттағы білікті мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін университеттерді заманауи жабдықтары бар зертханалармен қамтамасыз ету қажет, бұл университет қабырғасында Заттар интернеті, жасанды интеллект, роботтандыру саласында оқып, прототиптік шешімдер жасауға мүмкіндік береді. Қазақстандық жұмыс беруші компаниялармен тығыз байланыста, өндірістік практикадан, тағылымдамалардан өту студенттерге нақты нарық талаптарын түсінуге мүмкіндік береді. Студенттердің инновациялық стартап жобаларға, гранттық қаржыландыру жобаларына қатысу мүмкіндіктері студенттердің сындарлы, шығармашылық қызметке тартуды арттырады, олардың болашақта жұмысқа орналасуына, мансаптық өсуіне, тұрақты материалдық қамтамасыз етілуіне деген сенімін күшейтеді.
Профессор-оқытушылар құрамының бірлігі мен белсенді өмірлік ұстанымы, мемлекеттік стратегиялық міндеттерді түсіну, қолдау және жүзеге асыру еліміздің қазіргі дағдарыстық жағдайдан шығуына және еліміздің одан әрі дамуына ықпал етеді.
М. МАНСҰРОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Жасанды интеллект және Big Data» кафедрасының меңгерушісі