Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау қажет

8756
Фотосурет: АР

Елімізде осы қаңтар айында өткен оқиғалар, мемлекет тұрақтылығы қоғам тұтастығында, ел бірлігінде екенін айқын көрсетіп берді. Ал қоғам тұтастығына төнер қауіп-қатерлердің алдын-алудың басты көзі – еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтау екенін түсінгендей болдық.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде ашық айтты: «Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады. Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес». 

Ал Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин: «Алғашқы күндерден бастап ашық ақпараттық шабуылдарға тап болдық. Бұл – жалған ақпараттар мен фейк жаңалықтар ағымы. Олар әлі де жалғасуда. Құқық қорғау органдары тәртіпті қалпына келтіріп қана қоймай, айтып өткен ақпараттық шабуылдарға да тойтарыс беруде», – деп мәлімдеді.  Ол ақпараттық шабуылдардың ішкі және сыртқы көздерден келетінін атап өтті.

Бұл пікірлердің қоғамда ел мүддесіне қызмет ететін журналистер үшін салмағы батпандай.  

Халқымыз «Жүйелі сөз – жүйесін табады, Жүйесіз сөз – иесін табады» дейді, шынында да біз сөз бостандығы дегеніміз – жүгенсіздік, жауапсыздық деп ойламауымыз керек, қалың жұртшылыққа пікір еркіндігі дегеніміз – жауапкершілік екенін, оның заңдық тұрғыдан реттелетінін түсіндіруіміз қажет. Ел бірлігі сынаққа түскен шақта қоғамдағы әрбір азамат өзінің ұлт алдындағы міндеті мен жауапкершілігін терең түсініп, өз үлесін қосуы керек деп есептеймін, осы орайда төмендегідей ұсыныстарды айтқым келеді:

1. Журналистика факультеті университетіміздің әскери кафедрасымен және Алматы қаласының төтенше жағдай органдарымен бірігіп, террорлық және төтенше жағдайлар орын алғанда тұрғындардың қалай әрекет жасау қажеттігі туралы ағартушылық нұсқаулықтар әзірлеу, баспа материалдар мен видеороликтер түсіру;

2.Журналистика факультетінің ғалым-оқытушылары мектептерде, колледждер мен техникумдарда «Медиасауаттылық», «Әлеуметтік медианы сауатты қолдану жолдары» бағытында дәрістер жүргізу;

3. Алматы қаласының ішкі саясат органдарының мамандарымен бірігіп, деструктивті діни ағымдармен күресу жолдары туралы видеороликтер әзірлеу және дәрістер жүргізу;

4.Факультеттің ғалым-оқытушалары еліміздің БАҚ-тарында Ел Президентінің саясатын насихаттау, қолдау бағытында арнайы теле-радиобағдарламаларға қатысу, пікірлерін білдіру;

5. Факультет студенттер-магистранттар-докторанттары еліміздің өңірлік БАҚ-тарында пікір білдіріп, мақалалар жариялау.

Орынтай ОШАНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің доценті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -