Ұлттық идеологияны халық санасында қалыптастыратын бірден-бір негізгі құрал – баспасөз, радио, телевизия. Оған дәл бүгінгі таңда гаджеттер, смартфондар, қалта телефондары қосылды, яғни цифрлы журналистика пайда болды.
Бұрынғыдай емес, ақпараттар ағымы бірнеше есе артық жылдамдықпен тарайтын жағдайға жетті. Яғни, өте ерекше қарқынмен дамыған ғылыми техникалық жетістіктер адамзат өркениетін жаңа цифрлық деңгейге көтерді. Өткен ғасыр аяғына таман басталған жаһандану үрдісі, жер бетінде біртұтас жаһандық-ақпараттық кеңістік қалыптастырып, оның нарығын дүниеге әкелді.
Заманауи технологиялардың адам өмірінің барлық саласында қолданылуы – қоғам дамуына түзетулер енгізіп, әлеуметтік-саяси мәселелер жайлы мағлұмат беретін бұқаралық ақпарат көздеріне жаңа тенденциялар әкелді. Мәліметтік қамалдар бұзылған, жаңа жанрлар пайда болды. Бұрын құпия болған дереккөздерге деген кедергілер біртіндеп жойылуға айналды. Шартараптағы барша дереккөздер мен жаңалықтарды бірер минут ішінде әлемге тарап, алақандай алаңға сыйды. Мұндай даму эволюциясынан біздің ел журналистикасы да қалыс қалған жоқ. Ғаламтордың жекелікке көшуі мен дәстүрлі жаңалық таратудың дамуы – мультимедиялық журналистиканы дүниеге әкелді.
Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтар санаулы минуттарда-ақ көз алдыңызға келіп жатады. Цифрлық журналистиканың бұдан да басқа мүмкіндіктері ашылып, ғаламтор мен озық технологиялардың даму мүмкіндіктеріне орай басқа да салалары дамып келеді. Сол себепті де бүгінгі журналистер алдында жаһандану заманында түрлі компьютерлік қосымшалар мен бағдарламаларды игеру міндеті тұр.
Ақпараттық технологиялар дамып, жаңа ғасыр сұранысы жоғарылаған сайын, оған қойылатын талап та күшейіп отырады. Осы орайда заман ағымы мен қоғам талабы өзгерген, басты мақсаты мен принциптері – шынайы ақпарат жеткізу мен тарихи өзгерістерді қаттап отыратын журналистика әрдайым түлеп, жаңарып отырады. Сол себепті осыған лайық мамандар дайындау, қоғамның қозғаушы күші болатын ғылыми алаңын жасақтау, онда ғалымдар шоғырын қалыптастыру, жаңа технологияларын меңгерген шәкірттер дайындау – біздің факультет міндеті.
Елімізде орын алған «Қаңтар оқиғасынан» кейін ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жаңаша көзқараста қарау қажеттілігі туындап отыр, нақтылай айтсақ азаматтарды «жалған ақпараттар» ағынынан құтқару. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «...интернетке еркіндік берілгенімен, ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін. Ондай материалдар шықса, олардың авторларын тауып, жауапкершілікке тарту шараларын қабылдаймыз. Арандату мен деструктивті ұрандарға қарамастан, заңға және өз елдеріңізге деген адалдықты сақтап қалдыңыздар» деген сөзі жұртшылықты ойланту керек.
Ел тәуелсіздігі сынға түскен сағатта халық бірлігіне сызат түсіруді көздеген ақпараттар толассыз ағылып, жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіре жаздағанын жасырып, жабудың қажеті жоқ. Осы орайда журналистер халықтың шынайы әрі объективті ақпараттарға қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыла еңбек етулері қажет. Елімізде орын алып отырған қазіргі жағдайға қатысты төмендегідей ұсыныстар айтқымыз келеді:
Әлемдік зерттеулер бойынша әзірге конфликтіге қатысушы тараптардың біреуінің қажеттілігі өтелмейінше, ол конфликтінің сабақтары туралы айтып, жазу мүмкін емес. Сондықтан баға беруге асықпау.
Журналист конфликтінің бейбіт жолмен шешілуіне оң үлес қосуы керек.
Журналист конфликтіге қатысушы жақтардың қай тарапын да конфликт шешілмеген жағдайда қолдамауы, қорғамауы керек.
Журналист өзі ұсынып отырған ақпараттың шынайылығына жауап беруі керек.
БАҚ-та конфликтлерді көрсетудің методтары мен принциптерін анықтайтын арнаулы оқу бағдарламалары болу керек. Бұл бізде бар, бірақ ол теориялық характерде. Өмір тәжірибесінен алынған нұсқаулықтармен толықтырулары керек.
Жастар тәрбиесіндегі журналистика рөлінің қаншалықты екендігін анықтау, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатын көздеу.