Бүгін Алматыда әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі аясында өткен коммерциялық емес ұйымдарға (КЕҰ) арналған гранттар байқауының қорытындысы шықты, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған жәрмеңкенің биылғы тақырыбы «Үйлесімді даму және бақытты балалық шақ – қазіргі заманауи негізгі басымдық» деп аталды.
Естеріңізге салайық, байқаудың басты мақсаты жалпыұлттық міндеттерді шешудегі әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру және өңірлерде халықтың әлеуметтік бастамасын жандандыру. 2008 жылдан бері байқауға қоғам мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтық сектордың 2 300-ден астам өкілі қатысты. Оның 311-і әлеуметтік стартабын жүзеге асыру үшін грант алды. Бағдарламаның бір ерекшелігі, ең әуелі жергілікті сипаттағы мәселелер мен міндеттерге бағытталған.
Биылғы байқауға Қазақстан бойынша 177 өтінім келіп түсті. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 50 жоба финалға шығып, авторлары екі күн бойы — 28-29 сәуірде қазылар алқасына бастамасын ұсынды. Ең үздігі, яғни 10 жоба Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан грант иеленіп, идеясын іске асыра алады. Айта кетейік, байқауға қатысушылар білім беру, құқық қорғау, денсаулық, демалыс және т.б. салаларда балалардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған жобаларды әзірледі.
«Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі – Қордың азаматтық секторды қолдау, инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу және жергілікті деңгейдегі міндеттерді шешу жөніндегі негізгі бағдарламның бірі», — деді Алматы қаласындағы Қор өкілдігінің директоры Сергей Тоқтаров.
— Жыл санап жәрмеңкеге деген қызығушылықтың жоғалмай, тек арта түскеніне шын жүректен қуаныштымыз. Бірнеше рет қатысқандар да бар. Жаңа жобалар мен жаңа ұйымдарды қолдап, табысты серіктестікке үміт артамыз. Жәрмеңке екі жыл бойы онлайн форматта өтті. Бұл пандемияға байланысты мәжбүрлі қадам еді. Сіздермен осындай жылы жүздесулерді, байланысты, ақпарат пен жаңа тәжірибе алмасуды асыға күттік, — деді Сергей Тоқтаров.
2022 жылы жеңімпаздар:
— «Таңдау құқығымыз туралы үнімізді естіңіз!» номинациясы бойынша:
- «Тәуелсіз елдің - тәуелсіз ұрпағы!» («АйРиз-Қамқор» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы);
- «Болашаққа көпір» («Реванш» қоғамдық қоры, Алматы қ.);
- «Цифрлық ауыл» («Golden Qazaqstan» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауылы).
— «Балалар алдындағы жауапкершілікті жаңғырту: болашақтың міндеті» номинациясы бойынша:
- «Саусақтар сөйлейді» ерекше балалардың ата-аналарына арналған курсы» («Жас Өрен» жастар орталығы» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласы);
- «Baby Day» оқу-өндірістік орталығы» («Мүгедек балалар мен жастарға арналған «Baby Day» инклюзивті даму орталығы» қоғамдық бірлестігі, Талдықорған қаласы);
- «BALPAN» отбасылық бақыт академиясы» («Aqylsana» қоғамдық қоры, Қарағанды қ.).
«Талантты ынталандыру: іске кірісіңіз, мүмкіндіктерді арттырыңыз, ресурстарды қолданыңыз!» номинациясы бойынша:
- «Ерекше мамандар мен ерекше ата-аналар – дені сау балалар!» («Өркениетті келешек» қоғамдық қоры, Ақтау қаласы);
- «Өзекті ауыл өмірі» («Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда облысы, Арал қаласы);
- «Nесо» қылқан жапырақты және жеміс ағаштарының мектеп питомнигі» («Nесо экологиялық клубы» қоғамдық қоры, Қостанай облысы, Федоровка ауылы);
- «Заманауи инклюзивті білім беру» («Афина» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, Талдықорған қаласы).
Бұған қоса, үш жоба көрермен көзайымы жүлдесімен марапатталды. Атап айтсақ, «Күллі әлем баланың бір тамшы көз жасына татымайды» («Асыл бала» республикалық қауымдастығы» ЗТ және ЖК бірлестігінің филиалы, Шымкент қ.), «Мүмкіндігі шектеулі ауыл балаларына арналған цифрлық әлем» ( «Дәметкен» жеке қайырымдылық қоры, Қызылорда облысы, Жосалы кенті), «Гитарамен орындалатын қазақ әндері» («Folkstan» халық музыкасы мен мәдениетін дамыту қоры» жеке қоры, Нұр-Сұлтан қ.).
Ал 10 жеңімпаз 3 миллион теңгеге дейінгі сомаға (жобаның бюджетіне сәйкес) грант алады.