Бұдан былай ипотекалық мүліктерді бағалау туралы есептер банктерге кез келген уақытта қолжетімді болатын бірыңғай электрондық реестрде сақталмақ. «Bagalau» деп аталатын жаңа сервис іске қосылды. Есептер реестрі 2020 жылғы 10 сәуірден бастап Қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында жүргізілмек. Аталған платформада жылдар бойы жинақталған «қоғамдық мүддеге ие» қазақстандық компаниялардың қаржылық есептілігі мен аудиторлық есебі орналастырылған, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Былтыр күзде Алматыдағы «Ақбұлақ» шағын ауданында 5 адамның өлімімен аяқталған қанды оқиға кепілдік мүлікті бағалау саласындағы былықтарды әшкерелеп берді. Бұл жайт осы салада, оның ішінде мүлікті бағалау саласында жүйелі проблемалар бар екенін айқындады. Мәселен, тараптардың бірі қайғылы жайтқа мүліктің әділетсіз бағалануы себеп болғанын жеткізген. Осыдан соң мемлекет мүлік саласындағы түрлі айла-амалдың алдын алу үшін салада реформа жасап, цифрландыру туралы шешім шығарды.
«Бұған дейін ипотекалық кепілде тұрған мүліктерді бағалаумен түрлі компаниялар айналысып келген және есептерде өтіп кеткен күндерді қайта белгілеп, түзетулер енгізу мүмкіндігі болған. Бұл жайтты арам ниетті қарыз алушылар да пайдаланып кеткен жағдайлар болған. Есептердің анық-қанығын ешкім тексеріп жатпайтын, оның мазмұны белгіленбеген. Әркім өзіне қажетті есепті жасап алу үшін «рахметін» беріп, түзеп алатын еді. Алаяқтыққа апаратын мұндай жайттарды болдырмас үшін ипотека бойынша барлық есепті бір реестрде сақтау туралы шешім шығарылды. Осылайша, бағалау процесі ашық бола түседі, бастысы бұл қазір ел аузында жүрген қағазбастылық немесе практикалық бюракратиядан арылу» «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-ның Бағалы қағаздар бөлімінің басшысы Манас БАЙТӨРЕЕВ
«Bagalau» қызметін жасағандардың айтуынша, реестрде бағалаушылар палатасы барлық мүшесі туралы, сонымен бірге арам ниетті бағалаушылар туралы деректер жарияланатын болады. Бұл кез келген пайдаланушы көре алатын жария реестр болады. Қазіргі күні бұл деректердің барлығы жүктелуде. Осы ретте егер палата мүшелері туралы деректерде қандай да бір өзгерістер болса, бағалаушылар палатасы ары кеткенде үш күннің ішінде деректерді жаңартуы тиіс. Екіншіден, есептерді уәкілетті органдарға, мәселен Қаржы министрлігіне бағалаушылар электрондық форматта, депозитарий арқылы өткізеді. Бұл деректер автоматты түрде реестрге енгізілмек.
Ережелерге сай "ипотекалық келісімшарт жасау кезінде және кепілге қойылған мүлікті сатқан кезде қамсыздандырылған мүлікті бағалау жөніндегі есептердің көшірмелері осы есеп электрондық «PDF» (Portabe Document Format) форматында депозитарийге орналастырылғаннан кейін барып ұсынылған болып саналады". Яғни есеп тек депозитарийге енгізілгенде ғана заңды күшке ие болады. Осылайша бағалаушы есепке заңсыз түрде ешқандай өзгеріс енгізе немесе түзету енгізе алмайды.
«Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ айтуынша, бұл өзгеріс ипотекалық қарыздар бойынша кепілдегі мүлікті бағалауда алаяқтыққа жол бермейді. Осылайша, азаматтарды қорғай отырып, бағалаушылардың қағаз түріндегі есептерінің барлығы электрондық форматқа ауыстырылады. Ал депозитарийдің «Жеке тұлғалар», «Заңды тұлғалар», «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» және «Атаулы тіркелім» секілді мемлекеттік базалармен бірігуі есебінен есептілікті қалыптастыру процесі жеңілдей түседі. Сервистің қалай жұмыс істейтінін түсіндіру үшін арнайы видеонұсқаулық назарға ұсынылады.