Астанадағы туризм: жаңа жобалар және әлемдік деңгейде ілгерілету

1386
Фотосурет: Gov

Астанаға 2024 жылы 1,5 млн турист келді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 14%-ға артық, деп хабарлайды DKnews.kz.

Туристердің дені Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея елдерінен келген. Бүгінде Астанада туризмнің іскерлік, оқиғалық, медициналық, гастрономиялық және мәдени-спорттық бағыттары қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

2025 жылдың ақпан айынан бастап елордада «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа құрылымның басты мақсаты – Астананың өңірлік іскерлік және оқиғалық хаб ретіндегі халықаралық беделін нығайту, шаһарда туристерге қолайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру.

Елордадағы оқиғалық туризмнің басты брендіне айналған – Comic Con Astana халықаралық фестивалі. 2025 жылы бұл айтулы шараға 120 мыңнан астам көрермен, оның ішінде 15 мыңға жуық шетелдік қонақ келеді деп күтіліп отыр. Жаз мезгілінде әлемдік музыка жұлдыздары – Крейг Дэвид пен Дженнифер Лопес елорда төрінде өнер көрсетеді. Мұндай ауқымды мәдени оқиғалар Астананың халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастырып қана қоймай, елорда экономикасына да серпін береді.

Мұндай іс-шаралар қаланың оң имиджін қалыптастырып қана қоймай, мультипликативті экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді: инвестициялардың әрбір салынған бөлігі бес есе көп пайда әкеледі.

Астана іскерлік туризмнің халықаралық картасында өз орнын айқын бекітіп келеді. Қала ICCA ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатып, MICE форматындағы (іскерлік жиындар, ынтымақтастық шаралары, конференциялар мен көрмелер) ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырып отыр. 2024 жылы елордада 40 іскерлік іс-шара өткізілсе, 2025 жылы олардың саны 80-нен асып, қатысушылар саны 150 мыңнан жоғары болады деп жоспарланып отыр.
JCI халықаралық аккредитациясынан өткен 9 қазақстандық клиниканың 7-еуі Астанада орналасқан. 2024 жылы елордаға 4500 медициналық турист келген, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. 2025 жылы олардың саны 8000-ға жетеді деп күтіліп отыр. Медициналық туристің орташа шығыны – 2-5 мың АҚШ доллары аралығында. Бүгінде Astana Health – Point of Central Asia бренді қалыптасып келеді. Жетекші медициналық мекемелер қатарында Green Clinic, UMC және «Үміт» клиникасы бар. Сонымен қатар жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын 19 ірі медициналық инвестициялық жоба іске асырылуда.

Астанада 2200-ден астам қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Жаңа танымал мекемелер қатарында – «Сандық», Negroni, Dio бар. 2025 жылы Аркадий Новиковтың «Сыроварнясы» сынды брендтік мейрамханалар ашылады. Қала 50 Best Explore рейтингіне қатысуға дайындалып, Visit Astana Recommended мәзірі мен Astana Gastro Gallery каталогын іске қосады.
2024 жылы Астанада 128 халықаралық мәдени-спорттық шара өткізілді.

2025 жылы олардың саны 200-ден асады. Негізгі оқиғалар қатарында – тоғыз елдің қатысуымен өтетін «Опералия» фестивалі және Жеңістің 80 жылдығына арналған «Мәншүк» музыкалық драмасы бар.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Тау-Кен Алтын, Kazakhstan Paramount Engineering, КАИ сынды өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, өңірлік оқушыларға арналған білім беру турлары іске қосылды.
Астана қолжетімді туризмді дамыту мақсатында ENAT ұйымына мүше болуды жоспарлап отыр. Бұл бастама аясында қалалық инфрақұрылымға аудит жүргізіліп, инклюзивті туристік бағыттар мен нысандарды аккредитациялауды қамтиды. Сонымен қатар Visit Astana платформасы арқылы экскурсияларға онлайн тапсырыс беру жүйесі іске қосылады. Қала Safe Travel платформасымен біріктіріліп, аудиогидтер мен жасанды интеллектке негізделген гид қызметтері қолжетімді болады. Туристік маршруттар 2GIS, TripAdvisor сынды халықаралық сервистерге енгізіледі.

Астана халықаралық әуежайында ТМД елдерінде баламасы жоқ, жеті тілде қызмет көрсететін және тәулік бойы жұмыс істейтін Taxi Point терминалы іске қосылды. Бұл қызмет теміржол вокзалдары, LRT бекеттері мен ірі сауда орталықтарында да жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар туристік инфокиоскалар, бірыңғай қалалық такси стилі және қытайлық туристерге арналған арнайы навигация жүйесі енгізіліп жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -