Менің әкем – нағыз Отан қорғаушы!

41019

Менің аты-жөнім Тлеген Мирас Альбиұлы, Нұр-Сұлтан қаласында 2004 жылы тудым. Қазір №60 мектеп-лицейінің 2 сыныбын аяқтап жатырмын.Біздің сынып жетекшісі апайым Әубәкір Гүльмира Сапарбекқызы бізге ақылды, тәртіпті және әдепті бала болыңдар деп үйретеді. Сыныпта оқу үздіктерінің бірімін. Мен өскен кезде ата-анам сияқты әскери адам болсам деп армандаймын.Өйткені, әскерилер Отанды сыртқы және ішкі жаулардан қорғауға тұрған әскери адамдар. Әр минут сайын және әр сағат сайын олар бізді күзетеді Сондай-ақ, менің ата-анам екеуі де әскери қызметшілер, әкем – Шаменов Әліби Тлегенұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасында, ал анам болса «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналында қызмет етеді.

Әскери адам болу-батырлық пен батылдықтың үлгісі болу. Тек әскери адамдарға тапсырылған іс үшін жауапкершілік сезімі тән, өйткені ел мен халықтың тағдыры олардың қызметке деген көзқарасына байланысты.

Отанға қызмет ету-нағыз ерлердің ісі! Мен әкемді мақтан тұтамын! Мен үшін ол Отанға, туған өлкеге, отбасына деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі. Мен үшін ол ар-намыс, ерлік, тектіліктің бейнесі. Әкем-нағыз Отан қорғаушы!

Әсіресе, әкем әскери формамен үйге келген кезде, мен оған қатты қызығамын. Ол жұмысында үнемі оқ ату жаттығуларына барып тұрады және мені үйде қару жарақтар жайында мәліметтер береді. Біздің жанұямызда тағы екі ағам, бір қарындасым бар. Ағаларым мектепте оқиды, ал қарындасым балабақшаға барады.

Әкем негізінен көңілді кісі, десе де, орнымен. Ашулану қажет кезде ашуланып, сабырлы болу керек жерде сабыр танытып, бәрін де орнымен жасайды. Тіпті бір адамның осынша дана болуы үшін не істеу керек екенін де білмеймін. Менің әкем көпті көрген секілді. Ол бізді әлі күнге дейін еркелетіп, сабағымызды да әлі күнге қадағалайды. Оның айтуы бойынша, біз оның өмірінде бірінші орындамыз. Мен бұл үшін өте қуаныштымын. Әкеміз шынымен де әділ кісі, ол жөнсіз ұрыспайды, қателік жасасақ ақылмен түсіндіреді. Біздің жақсы азаматтар болып өскенімізді қалайды. Мен сыныптастарыма да әкемді аузымнан тастамай айтып жүремін. Себебі оның айтқан ақылдары менің жадымда үнемі сақтаулы тұрады.  Әкем мені ешқашан сөккен емес. Ол менің жақсы білім алып, мен де бір отбасының тіреушісі болғанымды қалайды. Үнемі ақыл айтып отырады. Өзінің білетіндеріен бөліседі. Менің өмірімде әкемнің алар орны ерекше!

Сондай-ақ, біз әкеммен бірге үнемі спортпен шұғылданамыз, турникке тартыламыз, әр түрлі спорттық жаттығуларды жасаймыз, ал қазір күн жылынғаннан кейін саябаққа барып, жүгіріп жүрміз. Себебі әкемнің айтуынша, әскери өмір өзіңді бірқалыпты формада ұстап, спортпен айналысып жүруді талап етеді екен. Үнемі жаттығу жасаймыз, бассейнге жүзуге барамыз, сондықтан болар мен сыныпта спортта үздіктердің қатарындамын және спортпен айналысқанды қатты жақсы көремін.

Біз жанұямызбен ата-анамның жұмыс орнында болатын әр түрлі мәдени -спорттық жарыстарға, қоғамдық жұмыстарға қатысып тұрамыз. 2019 жылы наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Әкем, шешем және мен, Спорттық жанұя» деген спорттық шараға қатысып, жүлделі III орынды алдық.

Таяуда осы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Ашық есік күні болды, сол кезде де бауырларыммен бірге сол жаққа барып, әскери өмір туралы қызықты жайттармен таныстық. Ол жақта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарды көрдім, ол үлкен ағайлар «біздің түнгі ұйқымыз тыныш болсын» деп күн-түнімен Отанға қызмет етеді екен. Олардың жататын орындарын көрдім, таңғы алтыдан бастап олар қызметтеріне кіріседі екен, әр түрлі әскери қару-жарақтарды көріп, ұстап көрдім. Соның барлығына мен қатты қызықтым. Мен де әскери өмірді көргім келді.

Менің әкем қызметтік-іссапарларға жиі барады, әр түрлі қалаларда жұмыс жасайды. Ол Қазақстанның барлық жерінде болып көрді. «Әке, сіз шаршамайсыз ба?»деп сұрасам, «өзінің жұмысын жақсы көрген, елін, Отанын сүйген адам шаршамайды» деп жауап береді. Бізге әкем үнемі «сендер де әскерге барасыңдар, қызмет етесіңдер, себебі жігіттердің міндеті – Отанға қызмет ету» деп айтады. Мен өскен кезде ата-анам сияқты әскери форма киіп, әскерге барып, әскери адам болғым келеді. Болашақта сол арманыма жету үшін жақсы оқып, спортпен шұғылданып жүрсем елімді қорғайтын әскери адам боламын деп ойлаймын! Отан алдында күні-түні еңбек етіп жүрген ата-анаммен біз әркез мақтанатын боламыз және олар сияқты әскери адам боламыз деп ойлаймын!

Тлеген Мирас Альбиұлы, Нұрсұлтан қаласының №60 мектеп-лицейінің 2 сынып оқушысы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -