Бір жыл бұрын Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінде ерекше білім беру бастамасы Tomorrow School, яғни Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект мектебі ашылды. Бұл мектептің басты ерекшелігі – peer-to-peer форматындағы оқыту жүйесі. Мұнда дәстүрлі оқытушылар жоқ, студенттер бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасады. Осындай тәсіл білім алушылардың өздігінен ойлау қабілеті мен жауапкершілігін артырып, командалық жұмыс дағдыларын дамытады, деп хабарлайды DKNews.kz.


Бүгінде Tomorrow School жай ғана оқу орны емес, Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген 303 студентті біріктірген халықаралық IT қауымдастыққа айналды. Студенттердің орташа жасы – 27, оның ішінде 35%-ы әйелдер. Бұл соңғы жылдары әйелдердің IT саласына қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Tomorrow School-де студенттер теорияны тыңдап қана қоймайды, нақты жобалармен жұмыс істейді.
«Мамандығым бойынша экономист болсам да, IT және жасанды интеллектіге қызығушылығым бар еді. Tomorrow School адамның өзін-өзі дамытуы туралы түсінігімді түбегейлі өзгертті. Мұнда біз бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасамыз. Бұл жерде тек білім алумен шектелмей, командамен жұмыс істеуді және кәсіби байланыстар орнатуды үйреніп келеміз. Бұл қарқынды өзгеріп жатқан IT нарығында аса маңызды дағдылар», - дейді Tomorrow School-ге экономика саласынан келген студент Әмір Жақышев.
Оқу бағдарламасына сәйкес 18 айдың ішінде студенттер 50-ден астам жобаны қамтып, 20-дан көп бағдарламалау тілін меңгереді. Олардың қатарында Golang, JavaScript, Python, Rust бар. Соңғы алты айда студенттер өз бағыттарын таңдайды: жасанды интеллект инженериясы, бағдарламалық жасақтама әзірлеу, фулстек және мобильді бағдарламалау, DevOps, IT жүйелер архитектурасы, киберқауіпсіздік немесе ойын әзірлеу.

Tomorrow School-де оқу процесі икемді әрі тәулік бойы қолжетімді, студенттер өздеріне ыңғайлы уақытта білім ала алады. Ең бастысы – оқу толығымен тегін. Ал шалғай өңірлерден келген үздік студенттерге тегін жатақхана беріледі. Бұл талантты жастарға өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
«Біз өз жобамыздың тек Қазақстандағы емес, өзге елдерден келген дарынды жастардың дамуына мүмкіндік беретін алаңға айналғанын мақтан тұтамыз. Бұл мектептің халықаралық мәртебесін нығайта түседі. Tomorrow School – жай ғана білім беру бастамасы емес, IT мамандарды даярлаудың жаңа тәсіліне жол ашқан маңызды қадам. Біз мұнда студенттерді оқу үдерісінің белсенді қатысушыларына айналдыратын, бірлесе жұмыс істеу арқылы маңызды дағдыларды дамытатын орта қалыптастырамыз. Осындай формат студенттердің нарық талабына тез бейімделуіне мүмкіндік береді», - деді Алена Славкина, Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры.
Бір жылдың ішінде мектеп 9 іріктеу кезеңін (бассейн) өткізді. Оларға 1272 адам қатысып, барлығы 16 000-нан астам өтінім қабылданған. Студенттердің 35%-ы оқушылар, 29%-ы толық уақыт жұмыс істейді, 20%-ы жартылай жұмыспен қамтылған, 12%-ы жұмыссыз болса, ал 4%-ы фрилансерлер.
Tomorrow School студенттері Astana Hub экожүйесінің жобаларына белсенді атсалысып келеді. Олар Startup Garage, AI’preneurs, Silkway Accelerator сияқты бағдарламаларға қатысып, өз стартаптарын дамытып жүр. Бір топ студент Astana Hub Ventures қорынан $50 000 көлемінде soft-commit алса, басқа бір команда Solana Day халықаралық хакатонында 512 команданың арасынан 3-орынды иеленді. Сондай-ақ, студенттер Decentrathon activ 5G байқауында шығармашылық бағыттағы жобасымен жеңімпаз атанды.
Мектепте өткен жылы 30-дан астам қонақ дәріс ұйымдастырылды. Спикерлердің қатарында Николя Садирак, Айдана Қасқырбек, Иван Кононов, Дмитрий Мун және өзге де IT саласының тәжірибелі мамандары болды. Олар жасанды интеллект, блокчейн, мансаптық даму және креативті ойлау бағытында құнды тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінде Tomorrow School инновацияға толы, үздіксіз дамуға негізделген ерекше орта. Егер Сіз жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласында өз жолыңызды бастағыңыз келсе және заманауи білім беру форматында дамығыңыз келсе, Tomorrow School қауымдастығына қосылыңыз.