Ғалымдардың айтуынша, болашақта компьютермен, яғни қолдан жасалған жасанды интеллект алмастыра алмайтын санаулы мамандықтар қалады. Солардың қатарында – журналистика саласы ойып тұрып орын алады делінген. Демек, бұл тек есеппен жүріп-тұратын ақыл-ой иесі қиыннан қиыстырып жазатын қаламгердің орнын баса алмайды деген сөз. Журналистиканың өзі де күрделі, әрқилы сала. Бұл саланың майталманы болуы үшін оқырманның көңілінен шығатын сөз мергендігімен қатар, Абай атамыз айтқандай, нұрлы ақыл мен жылы жүрек қажет. Тек «жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді». Осындай қасиетті мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қалам мен қаруды қатар алып жүрген әскери журналист жайында сөз қозғағымыз келеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы –полковник Сұлтанов Ерболат Мерсайынұлы еліміздегі әскери журналистикадағы санаулы мамандар қатарында. Бүгінгі таңда полковник әскери шеніне жеткен қатардағы әскери журналистердің бірегейі десек, қателеспейміз.
Осыдан үш-төрт ай бұрын жоғарыда айтылған әскери басылымдардың бас редакторы атанды демесеңіз, әскери журналистикадағы сара жолын жиырма екі жыл бұрын бастаған.
Балалық шақ – бақыт мекені
Кейіпкеріміз 1977 жылдың 28 қыркүйегінде еліміздің Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданы Сайхын ауылында дүниеге келген. Бал дәурен балалық шағы өңірге мәрттігіментаныс Мерсайын ақсақалдың қолында өтті. Ауылдың қара сирақ балаларымен қатар Нарынның қызыл құмын басып, сауық-сайран қуғаны әлі есінде. Өзінің қатарластарымен бірге ойын әлеміне еніп, кеш батқанда анасының «үйге жүр» деген дауысымен оралатын. Балалық пейілмен көкжиекке зер салып, армандарына ерік беретін. «Мына ауылдың арғы жағында не бар?»,«Жұлдыздар жетер жол қайда?»дейтін балалық сауалдардың жауабын табу мақсатында үлкендерді сұрақтың астына алатын. Жастайынан ізденімпаз, мақсатшыл, әрі ойшыл болып өседі. Осылайша, ауыл мектебінің табалдырығын аттап, жазу-сызуды үйренеді. Сол кезде алдынан жаңа білім әлемі ашылады. Мектептегі ұстазының «Өскенде кім боласың?» деген сауалына ойланбастан, «ғалым, жазушы және журналист» болам деп жауап беретін. Баланың ойына осындай ігіліктің дәні себіліп, өсе келе бүкіл тұрпатына айналады. Мектепті аяқтар тұста қандай мамандықты таңдайтынын нық білді.
Таңдау
1994 жыл. Орал – Алматы жолаушылар пойызына отырып, бүкіл қазақ жерін басып, кейіпкеріміз ару қалаға жетеді. Қолында мектеп аяқтағаны туралы аттестаты мен үй іші қалтасына салып берген азды-көпті қаражаты бар. Онере де Бальзактың шығармасында жазылған Эжен де Растиньяктың алдынан Париж қаласы қалай ашылса, арман қуып келген жас өреннің алдында Алматы дәл көрініс тапты. Үлкен қала, өзі секілді талапшыл жастар. Алатаудың мәрмәр шыңы қандай биік болса, болашақ студенттің талабы да сондай биік болды.
- Мектепті аяқтаған жылы Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсуге аттандым. Әрине, ең бірінші кезекте өзімнің қабілетіме сендім. Өйткені, мектеп қабырғасында жүріп-ақ, өзім шағын шығармалар жазып жүрдім. Бірақ, кейін өз ойымды өзгерттім. Себебі білімнің қара шаңырағы саналатын жоғары оқу орнына талапкерлер көп болатын. «КазГУға» түскісі келмейтін жас бар ма? Бұл оқу орнында журналист мамандықтарға конкурс жоғары болды. Сондықтан, Алматы институтының халықаралық журналистика мамандығына оқуға түсуге бел шештім. Ойым дәл шығып, таңдаған мамандығым бойынша оқуға түстім,-дейді ол.
Студент кезінен бастап ұлағатты ұстаздардан тәлім алып, қабілетін шыңдайды. Жергілікті басылымдарға мақалаларын жолдап, өз стилін қалыптастырады. Сонымен қатар, студенттік өмірде көңілді тапқырлар клубы командасына мүше болып, институттың қоғамдық өміріне белсенді араласады. «Адамды өсіретін – ортасы» демекші, ару қала Алматыда жүріп талай зиялы қауым өкілдерімен етене араласа бастайды. Білгенін бекітіп, білмегенін үйренеді. Нәтижесінде 1998 жылыжоғары оқу орнын аяқтап, туған еліне аттануға бел буады. Бәлкім, сол сәтте үйіне тартып кетсе, жергілікті баспаға тілші болып орналасып, әрі қарай азаматтық журналистиканы жалғастырып алып кетер ме еді? Алайда, тағдыр оны басқа салаға жібереді. Институтты аяқтағанда оны Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақырады. Сол сәт тағдыршешті болып табылды. Студенттік өмірден сарбаздық өмірге бірден аяқ басады.
Қатардағы жауынгер! Әскерилердің арасында ең дәрежесі төмен, әскери тәртіп бойынша өзі сияқтылардың барлығынан айбынып, айтқанын қалт еткізбей орындауға тиісті адам. Ол барлығына бағынады. Бірақ ол баршаға бағынышты болып бостандығынан, еркінен айырылған еріксіз жан емес. Осындай кішіпейіл, адал жандар батырға тән қасиетке ие. Оған Отан қорғау секілді ер жүректілерге жүктелетін жауапты міндет сеніп тапсырылған. Жауынгер ел амандығына, дүние тыныштығына жауапты тұлға. Сондықтан ешкіммен құқысы жағынан жол таластырып, билік салмақтастырып жатпайтын осы бір пенденің атқарар қызметі тым абыройлы. Жырақта жүріп, қаламына адал болып қала білді. 2027 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүріп, әскери өмір туралы мақалалар жаза бастайды. Сондай-ақ, әскери қызметтің қыр-сырын жақсы меңгереді. Үлгілі сарбазға әскери бөлім басшылығы оң баға беріп, қызмет мерзімі аяқтағалғанда қолдау хат табыстайды. Сонымен үйіне оралған жас жігіт құжаттарын алып, құқықтық тәртіп әскерінің 5517 әскери бөліміне тапсырады.
Әскери қызмет – мінсіз міндет
Алғашкыда Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің атқыштар ротасында бақылаушы болып, келісімшарт негізінде алғашқы әскери қызметін бастайды. Араға бір жыл салып, әскери бөлім басшылығы кейіпкерімізге үлкен сенім артады. Ақылы айбатына, қадірі қайратына сай жігітті жастармен жұмыс жөніндегі офицер лауазымына тағайындайды. Тәрбие бөлімінде жүріп, әскери қызметтің озық дәстүрлерін насихаттау және қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту, әскерде болып жатқан маңызды оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында уақтылы жариялау мақсатында ай сайын облыстық «Орал өңірі», «Приуралие», «Талап», «Жайық үні» газеттерінде «Сарбаз», «Патриот», «Отанға қызмет етемін!» және «Ел қорғаны» айдарларында жолақтарды жүргізеді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери өмірі мен жауынгерлік қызметі туралы әр түрлі жанрда мақалалар жариялайды. Оның бұл қабілетін «Қалқан» газетінің бас редакторы полковник Юрий Фрайденберг пен кейін газеттің басшылығына келген әскери жазушы полковник марқұм Сәдуақас Жұбатов байқайды. Жас талантты әскери басылым жұмысына тартады. Әскерилердің газетінде тәжірибеден өткізіп, кейін туған өлкесінде меншікті тілші лауазымына тағайындайды. 2001 жылдан бастап кейіпкеріміздің әскери тілшілік қызметі басталады. Жас офицердің еңбегін сол кездегі Ішкі әскерлердің Қолбасшысы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов, бүгінгі кезде Қорғаныс министрі болып отырған генерал-полковник Руслан Жақсылықов және әскердің бас тәлімгері болған марқұм генерал-майор Мұхаметқали Сатов жоғары бағалайды.
Бастапқыда әскери тілші лауазымы болды. Мен өзімді өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметінің басшысы деп таныстыратынмын. Ақпаратты да солай тарата бастадым. Кейін менен марқұм М. Сатов сұрады «Сенің лауазымың қандай?» деп. Мен сол кезде «заманға сай, баспасөз қызметідеген атау дұрыс болады» деп ұсыныс айттым. Кейін бүкіл әскерде баспасөз қызметтері пайда болды, - дейді кейіпкеріміз.
Заманмен қатар аяқ алып жүру қажеттігін, ақпарат айдынында жол табу керектігін ертеден біліп, соған ұмтыла бастады. Ол бүгінгі Ұлттық ұландағы ақпараттық жұмыстың бастауында тұрды десек те, болады.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына келген басшылар Ерболат Мерсайынұлының еңбегімен етене таныс. Бүгінде барлығы жоғары лауазымдарда отыр. Мәселен, бұл ретте Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов, Ұлттық ұлан Академиясының бастығы генерал-майор Бауыржан Абжанов және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы болған, бүгінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары «Халық қаһарманы» полковник Қайрат Үмбетов есімдерін айтып өтсек болады.
Өмірінде де, шығармашылықта да ұстаз бола білген запастағы полковник Қуаныш Қожахметов, қызметкер Алтай Сиырбаевтардың да кейіпкеріміздің өмірінде алар орны ерекше. Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы болып тағайындалғанда да екі ардагер журналист білгенін аямай, қолдауларын көрсетті. Ал, кәсіби мереке қарсаңында Ерболат Мерсайынұлына әскерилердің жоғары атақтарының бірі «полковник» шені мерзімнен бұрын табыс етілді.
Жиырма жылдан астам әскери қызметте, қатардағы жауынгерден полковникке дейін, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінің корреспондент-ұйымдастырушысынан Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының қызмет (баспасөз қызметі) бастығы, «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторына дейінгі қызметтерді атқарды.
Полковник Е. Сұлтанов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орайластырылған Батыс Қазақстан облысының журналистері арасындағы байқауларға бірнеше рет қатысты. Қазақстан халықтары Ассамблеясының демеушілігімен өткен «Шаңырақ» облыстық байқауының қатысушысы, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаттары және грамоталарымен марапатталған. «Қалқан» газетінің әскери басылымдары мен «Бүркіт» журналының және басқа ведомстволық басылымдардың беттерінде авторлық мақалалар жариялайтын құқық қорғау органдарының үздік журналистерінің бірі. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
2015 жылы «Армиядағы құқық қорғау қызметі мен құқықтық қызметті үздік көрсеткені үшін» номинациясында Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2017 жылы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» номинациясы бойынша Батыс Қазақстан облыстық байқауының жеңімпазы. Қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы бірнеше рет көтермелеген, әртүрлі 15 медальмен марапатталған.
Құқық қорғау және ішкі істер органдарының қызметтік және жауынгерлік қызметін ведомстволық басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау бойынша көп жылдық жемісті жұмысы өз кезегімен жалғасып келеді.
Бүгінде полковник Ерболат Сұлтанов басқаратын ақпараттық-баспа бөлімі жемісті қызмет етіп келеді. Қызметінде кәсіби маман, білікті басшы, отбасында адал жар, қамқор әке болған кейіпкеріміз журналист мамандығын таңдаған мыңдаған жастарға үлгі деп білеміз.
Дарын БЕРІКЖАНҰЛЫ