Баптау
Тіл
Тақырып
Жаңарту

Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлерінің халықпен кездесулері жалғасуда

585

Ақмола облысында құрамында тәжірибелі әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері мен «Жас сарбаз» қозғалысының белсенділері бар ақпараттық-насихаттау тобы жұмысын жалғастыруда. Кездесулер Ақкөл, Аршалы, Астрахань, Целиноград және Шортанды аудандарында өтуде, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Целиноград ауданы Ақмол ауылының мәдениет сарайында Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері, қарулы қақтығыстарға қатысқан Қарулы күштердің ардагерлері әскерге шақыру жасына дейінгі және әскерге шақырылған жастармен кездесті.

Іс-шараға қатысушыларға арнап Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Жанқозиева құттықтау сөз сөйледі. Ол ардагерлер мен қазіргі әскери қызметшілердің әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға, бейбітшілікті сақтауға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан зор үлесін атап өтті.

Ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ибраев көпшілікке Қарулы күштердің мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айтып берді. Сондай-ақ оларға мерзімді әскери қызмет өткеру ерекшеліктері, елдің әскери оқу орындарына түсу тәртібі де түсіндірілді.

– Идеологиялық және әскери-патриоттық тәрбие – сан алуан қыр-сыры бар қызмет. Біз Мемлекет басшысының бағдарламалық құжаттарымен таныстыратын кездесулер, әскердегі қызмет, аға буынның жауынгерлік ерлігі жайлы әңгімелейміз. Мұның бәрі Отанды сүюді насихаттау,  әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі жұмыстың пәрменді түрлерінің бірі, – деп түсіндірді полковник Әлім Ибраев.

Астана қаласының «Қарулы күштер Ардагерлері» РҚБ филиалының төрағасы авиация генерал-майоры Алсай Жұманов өзінің әскери ұшқыш болу арманына қалай жеткенін және осы мамандық үшін нақты ғылымдарды зерделеу қаншалықты маңызды екенін әңгімелеп берді.

Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжге түсу тәртібі жөнінде колледж тәрбиеленушісі, жауынгерлік даярлықтың үздігі кіші сержант Асылхан Байшоқанов сөз қозғады. Әуе қорғанысы күштері әскери бөлімінің мерзімді сарбаздары Әли Мұхамеджан мен Сергей Никулин әскердегі қызметтің қызықты сәттерімен бөлісті. 

Кездесу барысында Целиноград ауданының мектептері арасындағы әскери-патриоттық тәрбие мен әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстардың қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздарды марапаттау құқығы Әскери-әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы генерал-майор Алсай Жұмановқа бұйырды.

Ақмол ауылындағы мәдениет үйінде 350-ден астам адам қатысқан іс-шара шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Приложение DKNews для Android Приложение DKNews для iPhone
МИА «DKNews» © 2006 -