Баптау
Тіл
Тақырып
Жаңарту

Қазақстанда еліміздің үздік тергеушісі анықталды

503

ҚР ІІМ-нің ұйымдастыруымен Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында республикалық үздік тергеушілер слеті өткізілді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Аталған шараға еліміздің барлық облыстарынан 30-дан астам тергеушілер қатысып, бақтарын сынады.

– Баршаңызды академия қабырғасында өткізілгелі отырған республикалық байқауда көргенімізге қуаныштымыз. Әрқайсыңызға осы сайыста білім мен біліктіліктеріңізді көрсетіп, жеңіске жетулеріңізге тілектеспін, – деді слеттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген академия бастығы Ақынғали Дәрменов.

Шараның салтанатты ашулы сәтінен кейін тергеу саласының мамандарына академияның ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері қылмыстық істерді тергеу кезінде кездесетін проблемалық мәселелер мен оны шешудің жолдары туралы зерттеу жұмыстарымен бөлісті.

Екі күн қатарынан өткен үздік тергеушілер слетіне қатысушылар арасынан республиканың үздік тергеушісін анықтау мақсатында ұйымдастырушылар бірнеше сынақтар ұйымдастырды. Олар “Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының теориясы мен практикасы” тақырыбында тестілеуден өту, тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру, “Менің мамандығым” тақырыбында эссе жазу, сондай-ақ құралайды көзге атқан мергенді анықтау бойынша бірнеше кезеңдік сындардан өтті.

Тергеушілердің арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарын құттықтау үшін шараның қорытынды сәтіне ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев арнайы келді.

– Тергеуші мамандығы – ішкі істер саласындағы ең жауапты қызметтің бірі. Сіздер адамның тағдырын шешіп, жасаған әрекеттеріне баға бересіздер. Бүгінгі жиынға қатысудың өзі Сіздер үшін үлкен мәртебе. Өйткені бұл сайысқа әр қатысушы жергілікті жерде үздік деп танылып келіп отырғаны белгілі. Сондықтан да әрқайсыңыз артылған міндетті абыроймен ақтадыңыздар деп ойлаймын, – деді үздіктерді марапаттау салтанатында сөз сөйлеген министрдің бірінші орынбасары.

Құттықтау салтанатынан кейін Марат Қожаев тергеу саласының жілігін шағып, майын ішкен үздіктерді марапаттады.

Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қызылорда облыстық Полиция департаментінен келген тергеу бөлімінің аға тергеушісі Асылбек Бексейітов жеңіп алса, екінші орынға Атырау қалалық Полиция басқармасының тергеушісі Исатай Есқалиев, ал үшінші орынды Астана қалалық Полиция департаменті Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының тергеушісі Бауыржан Садвакасов місе тұтты.

– Атқарылған еңбектің нәтижесінде бірінші орынға ие болып отырмын. Бірнеше сынақтар тапсырдық. Соның барлығын бұлжытпай орындап, үлкен нәтиже көрсетіп, жеңіске жетіп отырмын. Осындай іс-шаралар жиі болып тұрса деймін. Өйткені жарысқа келген әр өңірдің тергеушілерімен тәжірибе алмастық. Алдағы уақытта оны жұмыста пайдаланамыз деген ойдамын, – деді бірінші орын иегері Асылбек Бексейітов.

Әскери-тергеу бөлімшесі бойынша бірінші орынды Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының ақтөбелік бөлімінің аға тергеушісі Эльмира Қанатпаева иеленді. Астана ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі Әлібек Иманқұлов өзіндік қауіпсіздік департаменті бойынша 2022 жылдың үздік тергеушісі болып танылды.

Сондай-ақ шара барысында Қарағанды академиясында жас курсанттарды білім нәрімен сусындатып, ғылымға баулып жүргендер де марапаттан тыс қалмады. Марат Қожаев академияның “Үздік оқытушысы” номинациясымен Серікқазы Күмісбековты, “Үздік жас ғалым” деп танылған Құлынтай Монайды және академияның “Үзік курсанты” ретінде Самат Темірбековті марапаттады.

Кеншілер астанасына жасаған жұмыс сапарының соңында министрдің бірінші орынбасары академия қабырғасында төрт жыл білім нәрімен сусындап, биылғы жылы оқу орнынан түлеп ұшатын курсанттарды өңірлік полиция департаменттеріне бөлу жұмысына қатысты. Әрбір департамент басшылығына жұмысқа келетін жас мамандардың қызметіне көңіл бөліп, академияда алған білімдерін тәжірибеде қолдануға қолғабыс етулерін тапсырды.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Приложение DKNews для Android Приложение DKNews для iPhone
МИА «DKNews» © 2006 -