Қазақстан әлемдік рекордты жаңартты. Астанада өткен HackAlem AI хакатонына 2 415 адам қатысып, еліміз жасанды интеллект саласындағы ауқымды халықаралық жарыста Үндістанның бұған дейінгі көрсеткішінен асып түсті, деп хабарлайды DKNews.kz.
AI Month аясында ұйымдастырылған хакатонның нәтижесін Guinness World Records ұйымының ресми төрешісі Гленн Поллард жариялады. Ол қатысушылардың деректері мен жұмыстарын тексергеннен кейін жаңа әлемдік рекорд тіркелгенін растады.
Қазақстан Үндістанның рекордын 326 адамға жаңартты
Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2025 жылғы 21 желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында орнатылған еді. Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдастырған хакатонға 2 089 адам қатысқан.

Астанадағы HackAlem AI бұл нәтижеден 326 адамға асып түсті. Бірақ әлемдік рекордты тіркеу үшін қатысушылардың көп жиналуы жеткіліксіз болды.
Guinness World Records ұйымының ресми төрешісі Гленн Поллард әр қатысушының белгіленген талаптарды орындағанын тексеру қажет болғанын түсіндірді.
«Хакатон басталғанға дейін мен бұл рекордтың бұған дейін орнатылғанын айтқан едім. Оны өткен жылдың желтоқсан айында Үндістанда Google компаниясы орнатып, оған 2 089 адам қатысқан. Менің міндетім іс-шараның өту барысын бақылап, стюардтар және тәуелсіз куәгерлермен бірге Guinness World Records талаптарының толық сақталғанына көз жеткізу болды. Біз хакатонға нақты қатысқан, қажетті талаптарды орындаған және белгіленген уақыт бойы алаңда болған қатысушыларды ғана есепке алдық. Қатысушылардың барлық деректері мен жұмыстарын тексергеннен кейін HackAlem AI нәтижесі 2 415 адам болғанын ресми түрде жариялай аламын. Сіздер Guinness World Records жаңа әлемдік рекордын орнаттыңыздар!» — деді Гленн Поллард.
Рекордқа қатысушылардың барлығы бірдей есептелген жоқ
HackAlem AI ұйымдастырушылары қатысушылардың санын ғана емес, олардың жарысқа нақты қатысуын да дәлелдеуге тиіс болды.
Guinness World Records талаптарына сәйкес әр қатысушы тіркеуден және сәйкестендіруден өтті. Алаңға кіріп-шығу уақыты жеке бейдждерді сканерлеу арқылы бақыланды.
Әр секторда арнайы стюардтар жұмыс істеді. Олар қатысушылардың белгіленген уақыт бойы алаңда болуын және жарыс ережелерін сақтауын қадағалады.
Қорытынды есепке тек барлық талапты орындаған және хакатон барысында жобаларды әзірлеуге тікелей қатысқан адамдар енгізілді.

Сондықтан ресми тіркелген 2 415 қатысушы жай ғана іс-шараға келген адамдардың саны емес. Бұл — Guinness World Records талаптарына сәйкес тексерілген нәтиже.
Қазақстан AI жобаларын нақты экономикаға енгізуді көздейді
Хакатонның басты міндеттерінің бірі жасанды интеллект технологияларын экономиканың нақты мәселелерін шешуге бағыттау болды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ендігі міндет — жарыс барысында жасалған жобалардың әрі қарай дамуын қамтамасыз ету.
«GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнату — Қазақстанның технологиялық қоғамдастығының ортақ жетістігі және еліміздің жоғары әлеуетінің дәлелі. HackAlem AI озық технологияларды қолдана отырып, экономиканың нақты міндеттерімен жұмыс істеген мыңдаған дарынды әзірлеушіні, студентті және жас маманды біріктірді. Біз үшін мұнда жасалған жобалардың идея мен прототиптен бастап пилоттық жобаға және нақты енгізуге дейінгі жолын жалғастыруы маңызды. Бұл нәтиже Қазақстанның жаһандық технологиялық күн тәртібіне қатысып қана қоймай, оны қалыптастыруға да қабілетті екенін көрсетеді. HackAlem AI Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай өтіп жатқан AI Month аясында ұйымдастырылды», — деді Жаслан Мәдиев.
Хакатон қатысушыларына технологиялық және білім беру ресурстары ұсынылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, әзірлеушілер экономиканың нақты салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін дайындады.
Жобалардың келесі кезеңге өтуі олардың практикалық әлеуетіне байланысты. Үздік командалар өз әзірлемелерін жетілдіріп, серіктестермен бірге пилоттық жобаларға айналдыру мүмкіндігіне ие болады.
OpenAI мен NVIDIA қатысқан хакатон мыңдаған маманды біріктірді
HackAlem AI халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен ұйымдастырылды. Жоба серіктестерінің қатарында OpenAI, NVIDIA, Arizona State University және Palo Alto Networks бар.
Хакатонға жас әзірлеушілер, студенттер, IT мамандары мен жасанды интеллект технологияларына қызығушылық танытқан қатысушылар жиналды.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев әлемдік рекордтың артында технологиялық қоғамдастықтың бірлескен жұмысы тұрғанын айтты.
«Бүгін Қазақстан Guinness World Records әлемдік рекордын орнатты. Бұл нәтижеге ең алдымен адамдар, біздің жас әзірлеушілеріміз, студенттеріміз және AI энтузиастары үлес қосты. Мыңдаған қатысушы Астанаға жиналып, бірнеше сағат ішінде өз идеяларын нақты AI шешімдеріне айналдырды. Біз үшін бұл рекорд HackAlem AI ауқымының көрсеткіші ғана емес, Қазақстанда және өңірде мықты технологиялық қоғамдастық пен таланттардың жаңа буыны қалыптасқанын да көрсетеді. Біз олар үшін жаңа мүмкіндіктер жасап, жаһандық технологияларға, білімге және серіктестікке жол ашуға ұмтыламыз. Бұл олардың идеяларын бәсекеге қабілетті өнімдерге айналдырып, әлемдік нарыққа шығаруына мүмкіндік береді. HackAlem AI Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының маңызды оқиғаларының біріне айналды», — деді Мағжан Мәдиев.
Хакатонды ұйымдастыруға мемлекеттік органдар, халықаралық технологиялық компаниялар, университеттер мен қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.
Серіктестер қатарында Silkroad Innovation Hub, Blockchain & AI Technology Center, AI & Digital Bridge және басқа да ұйымдар болды.
Ал демеушілер арасында «Самұрық-Қазына», Freedom Holding Corp., Kaspi.kz, Halyk Bank, «Қазақтелеком», «Транстелеком», Beeline Қазақстан және Firebird Inc. бар.
Әлемдік рекордтан кейін AI & Digital Bridge 2026 өтеді
HackAlem AI Қазақстандағы AI Month бағдарламасының алғашқы ірі іс-шараларының бірі болды.
Бағдарлама жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Оның негізгі оқиғаларының бірі — Астанада 1–3 қазан аралығында өтетін AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы. Онда стартаптар, инвесторлар, технологиялық компаниялар мен мемлекеттік сектор өкілдері бас қосады.
HackAlem AI жеңімпаздарын марапаттау 1 қазанға жоспарланған. Жарыста әзірленген үздік шешімдер үшін келесі маңызды кезең — прототиптерді нақты жобаларға айналдыру.
Астанада тіркелген 2 415 қатысушының әлемдік рекорды енді Қазақстанның технологиялық тарихындағы ресми жетістікке айналды.
Бұған дейін біз Қазақстанда басталған AI Month бағдарламасы мен HackAlem AI қатысушыларына ұсынылған 1,1 миллион долларлық технологиялық ресурстар туралы жазған едік. Енді хакатон әлемдік рекорд орнатып, келесі кезеңге өтті.