ҚазҰУ-да Әбсаттар Дербісәлі атындағы дәрісхана ашылды

930

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, шығыстанушы ғалым, дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлінің 75 жылдығы аталып өтті. Алдымен Әл-Фараби кітапханасында «Академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры» ашылды. Тарихи бөлмеде білім алушы жастар үшін арнайы ертедегі кітаптар мен ғалымдар жазған қолжазбалар қойылған, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Кейін салтанатты жиын «Шығыстану және руханият мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға жалғасты.

Шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әбсаттар Дербісәлінің жары Рафия Бәкірқызы мен ұрпақтары, Түркия, Ресей, Мысыр, Иордания, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран мемлекеттерінің елшілері мен консулдары, дін саласының қызметкерлері, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.

Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, академик Шейх Әбсаттар Дербісәлінің өмір жолына тоқталды.

«Әбсаттар Бағысбайұлы артына бай ғылыми мұра қалдырып, шығыстану, дінтану саласында өзіндік дара жолын қалыптастырды. ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, дипломат, мемлекет, қоғам және дін қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Ғалымның діни қайраткерлігі мен ғылыми еңбектері елімізбен қатар, ислам әлемінде жоғары бағаланып, мойындалды» Жансейіт Түймебаев

Сонымен қатар білім ордасының басшысы өз сөзінде Әбсаттар Бағысбайұлының оқу-ағартушылық қызметі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты екенін жеткізді.

«Әбсаттар Бағысбайұлының ҚазҰУ-да араб бөлімі мен Шығыс тілдері кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және деканы болды. Тілдер және халықаралық қатынастар бойынша проректор қызметін атқарды. Академик Әбсаттар Дербісәлі университетімізге Әбу Насыр әл-Фарабидің атын беру жолында көп еңбек сіңірді. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі атанды. Арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі ретінде ғылымға терең бойлап, монографиялар мен құнды еңбектер жазды» Жансейіт Түймебаев

Пленарлық отырыста ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаттары оқылды.

«Әбсаттар Дербісәлі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти ретінде еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің нығаюына зор еңбек сіңірді. Ғалымның еңбектері ислам әлемі үшін құны жоғары. Ел үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның парасат пен тағылымды өмірін кеңінен дәріптеу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы тұрғыда бүгінгі шараның маңызы зор» Делінген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатында

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде академик Әбсаттар Бағысбайұлының келуімен ҚМДБ жаңа кезеңге аяқ басқанын жеткізді.

«Әбсаттар қажы Дербісәлі – саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалым. Өзіне жүктелген дінбасы қызметін абыроймен атқарды. Мәселен, дін саласында құжаттандыру, ісқағаздарын жүргізу мәселесін ретке келтірді. Отандық дін мамандарын даярлауға баса көңіл бөліп, 2001 жылы «Нұр-Мүбарак» Египет-Ислам мәдениеті университетін ашты. Қазіргі таңда аталмыш білім ордасы діни жоғары білімді, білікті мамандар даярлайтын оқу орнына айналды. Сондай-ақ еліміздің тоғыз аймағынан тоғыз медресе, бір қарилар даярлайтын орталық ашты» Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы

Өз кезегінде «Нұр-Мүбарак» Египет-Ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шахат Абдулхамид Мұхаммед әл-Джинди, Әбсаттар Дербісәлінің жары, ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген ардагері Рафия Бәкірқызы сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

Жиын барысында ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар ғалымның ғылыми еңбектері жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті.

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы секцияларда жалғасты.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -