1 желтоқсан күні ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының құрылғанына 7 жыл толды. Орталық басшылығы мен ұжымын Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығымен Ән-би ансамблінің ұжымы құттықтады.
Дана халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген. Жаңа қазақстандық патриотизм мен ұрпақтар сабақтастығы принциптерінің негізінде күштік құрылымдардың жеке құрамының моральдық-психологиялық рухын қалыптастыру, ел азаматтарын ұлтжандылық рухта тәрбиелеу – әрдайым өзектілігін жоғалтпайтын маңызды міндеттердің бірі.
Осыдан тура 7 жыл бұрын, 2015 жылғы 1 желтоқсанда еліміздің ордасы Астана қаласында құрылған Ұлттық әскери-патриоттық орталығы осы бағытта қыруар істерді атқарғанына куәміз. Айтулы күнге орай, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Е. Ботақанов орталық басшысы Арман Асенов пен оның ұжымына құттықтау хат жолдады.
«Әскери-тарихи музей азаматтардың тәрбиесінде маңызды рөл атқарады, көшпенді ұлттың мәдениеті мен тұрмысына терең бойлатып, мемлекеттің әскери тарихымен кеңінен таныстырады. Жауынгерлік дәстүрлерді зерделеу мен насихаттау арқылы жастарды рухани тұрғыдан кемелдендіруге зор ықпал етуде. Ұлттық ұланның жас сарбаздары да Отан қорғау ісіне кіріспес бұрын, әскери-тарихи музей қабырғасынан төл тарихымыз бен ата-бабаларымыздың жауынгерлік жолын танып-біліп, бойға қуат, ойға рух жинайды» делінген құттықтау хатта.
Әскеріміздің Ән-би ансамблінің жетекшісі капитан Алпамыс Асылбекұлы бастаған шығармашылық ұжым Бас қолбасшы құттықтауын жеткізіп, қуаныш иелеріне арнап музыкалық ән-шашуларын тарту етті.
Жергілікті атқарушы органдармен, күштік ведомстволармен бірлесіп өткізілетін түрлі бағыттағы кешенді іс-шаралар бүгінде орталықты – жастардың қоғамдық қызметін үйлестіруші мекемеге айналдырды десек, қателеспейміз.
Аға лейтенант Мөлдір НӘЛІБАЕВА