Ұлттық ұлан майоры әрі үш баланың әкесі: Досжан Сахариевтің өмір жолы

836
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери қызметтің де берік тылы бар.

Ұлттық ұлан майоры Досжан Сахариев елордадағы 5573 әскери бөлімінде жауынгерлік қызметке жауап береді, ал қызметтен кейін оны үйінде жұбайы мен үш баласы күтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сахариевтер отбасының тарихы әскери мамандықтың көп жағдайда кадр сыртында қалатын қырын көрсетеді. Қызметтік ауысулар, мереке күндеріндегі кезекшілік, күтпеген тапсырмалар мен жаңа қалаға бейімделу тек әскери қызметшіге емес, оның бүкіл отбасына әсер етеді.

Досжан Сахариев Астанадағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде қызмет етеді. Қазір ол штаб бастығының орынбасары — жауынгерлік қызмет бөлімшесінің бастығы қызметін атқарады.

Күн сайын мыңнан астам әскери қызметші қызметке шығады

Бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі — елордадағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздықты қамтамасыз ету. Досжан Сахариевтің айтуынша, күн сайын мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік қызметке кіріседі.

Мұндай жұмыста тәртіп пен талапшылдық бірінші орында. Алайда офицердің пайымынша, әскери тәртіп адамға деген құрметті жоққа шығармауы керек.

«Менің басты қағидам – талапшылдық пен тәртіп қызметтің негізі болса, адамға деген құрмет – ұжымның негізі. Әскери қызметшілерден заңдылықты, әскери тәртіпті сақтауды, қойылған міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауды талап етемін. Сонымен қатар әрбір әскери қызметшінің ең алдымен адам екенін ешқашан ұмытпау қажет», — дейді офицер.

5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері елордада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тұрақты түрде тартылады. Бұған дейін бөлім жауынгерлерінің Астана көшелерінде патрульдік қызмет атқарып, қала қауіпсіздығын қамтамасыз етуге қатысатыны хабарланған болатын.

Балалық арман әскери жолға бастады

Досжан Сахариевтің әскери жолы 2012 жылы басталды. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы гимназияны аяқтағаннан кейін ол Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтына оқуға түсті.

Әскери мамандыққа қызығушылық бала кезінен қалыптасқан. Оның туған ауданында 2535 шекара әскери бөлімі орналасқан еді.

«Мен туып-өскен Күршім ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2535 шекара әскери бөлімі орналасқан болатын. Күн сайын офицерлерді көріп, олардың қызметін бақылап жүрдім. Әскери мамандыққа деген қызығушылығым біртіндеп күшейе түсті. Сөйтіп, балалық арманым кейін кәсіби жолымды айқындады», — дейді майор Досжан Сахариев.

Қызмет жылдарында оның әскери географиясы бірнеше рет өзгерді. Досжан Қостанайда, Жітіқарада, Степногорскіде және Құсмұрын кентінде қызмет етті. Қазір қызметін Астанада жалғастырып жүр.

Әскери қызметші үшін мұндай ауысу — жаңа қызмет орны. Ал отбасы үшін — жаңа үй, жаңа орта және кезекті бейімделу кезеңі.

Алты жыл бірге, үш бала тәрбиелеп отыр

Офицердің жұбайы Мөлдір Асылбекқызы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген.

Қазір ол Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі Әкімшілігінің Әкімшілік ғимараттар дирекциясына қарасты мемлекеттік баспа-полиграфиялық орталықта еңбек етеді.

Досжан мен Мөлдір алты жылдан бері бірге. Олар үш бала тәрбиелеп отыр: үлкен қызы Шырайлым, ұлы Жантөре және кіші қызы Көзайым.

Үйдің табалдырығын аттаған сәтте әскери субординация да аяқталады.

«Балаларымыз – өміріміздегі ең үлкен қуаныш. Қызметтегі міндеттерім қаншалықты жауапты болса да, үйге келгенде мен ең алдымен сүйікті жар және балаларымның әкесімін. Есікті ашып, балалардың мені қуана қарсы алғанын көргенде, қызметтегі барлық қиындық артта қалады», — дейді Досжан.

Қызметтік ауысулар бүкіл отбасының өмірін өзгертеді

Әскери қызметтің тәртібі офицердің ғана емес, оның жақындарының да күнделікті өміріне әсер етеді. Күтпеген қызметтік іс-шаралар, демалыс пен мереке күндеріндегі кезекшілік және жаңа қызмет орнына көшу — әскери отбасы үшін үйреншікті жағдай.

Мөлдір жұбайының мамандығының ерекшелігін алғашқы күннен-ақ түсінгенін айтады.

«Досжанның әскери қызметші екенін алғаш білген кезде-ақ оның мамандығына ерекше құрметпен қарай бастадым. Әскери қызметтің оңай емес екенін, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететінін түсіндім. Кейде қызметіне байланысты алаңдаймын. Бірақ оның өз ісіне деген адалдығын көрген сайын оны одан сайын бағалай түсемін. Әскери киімін киіп, міндетін толық жауапкершілікпен атқарып жүргенін көргенде, оны мақтан тұтамын», — дейді Мөлдір.

Отбасының қолдауы әскери қызметтің күнделікті ырғағында нақты мәнге ие. Өйткені әскери қызметші үйдегі жоспарларға қарамастан, қызмет барысында жинақылықты сақтап, жедел шешім қабылдауға дайын болуы керек.

Бұған дейін DKNews.kz Қазақстандағы әскери қызметшілер отбасыларына берілетін әлеуметтік қолдау туралы жазған.

Қызметте — майор, үйде — әке

Мөлдірдің айтуынша, қызметтегі Досжан мен үйдегі Досжанның айырмашылығы айқын сезіледі. Бос уақытын ол барынша балаларымен өткізуге тырысады: бірге ойнайды, әңгімелеседі, серуендейді және табиғат аясына шығады.

«Сырт көзге Досжан қатал әрі талапшыл болып көрінуі мүмкін. Бірақ үйде ол өте мейірімді және қамқор. Балаларға көп көңіл бөледі, олардың болашағына алаңдайды. Қызметтегі Досжан мен үйдегі Досжанның айырмашылығы шынымен үлкен. Қызметте ол жинақы, талапшыл әрі жауапты офицер, ал үйде балаларымен ойнап, әзілдесетін, отбасының жылуын бағалайтын қарапайым әке», — дейді Мөлдір.

Балалар да әкесінің мамандығына қызығады. Үлкен қызы Шырайлым әкесінің болашағына қатысты өз арманы бар екенін жасырмайды: «Менің әкем генерал болады».

Ал Жантөре мен Көзайым әкесінің фуражкасын киіп, айна алдында әскери сәлем бергенде, үйде тағы бір күлкілі әрі жылы сәт туады.

Досжан мұндай сәттерді балаларға жауапкершілік, ұқыптылық пен тәртіпті түсіндірудің бір жолы деп қабылдайды.

«Балаларымның әкесі Отанға қызмет ететінін көріп өсуі – олар үшін жақсы үлгі деп ойлаймын. Үйде қызметтегідей қатаң тәртіп ұстамаймыз. Мұнда мен ең алдымен олардың әкесімін. Балаларға үлкенді сыйлау, жауапкершілік, бастаған істі соңына дейін жеткізу, ұқыптылық пен тәртіптің маңызын әкелік қамқорлықпен түсіндіруге тырысамын», — дейді офицер.

Отбасының қолдауы қызметте сабыр сақтауға көмектеседі

Сахариев жұбайының қолдауын қызметтік міндеттерді алаңсыз орындауға мүмкіндік беретін маңызды факторлардың бірі деп санайды.

«Адам қаншалықты мықты болса да, қаншалықты жақсы маман болса да, отбасының қолдауы үлкен күш береді. Жұбайымның менің қызметімді түсініп, қолдау көрсетуі міндеттерімді сабырмен әрі сапалы орындауыма мүмкіндік береді. Әскери қызметші үшін отбасының қолдауы – өте маңызды моральдық тірек», — дейді майор.

Мөлдір жұбайының үш қасиетін ерекше бағалайды: жауапкершілік, әділдік және қамқорлық. Ал Досжан оның шыдамдылығын, түсіністігін және отбасыға деген жанашырлығын жоғары қояды.

«Мен Досжанымды мақтан тұтамын. Оның қызметіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын көргенде, отбасына да дәл солай қарайтынын түсінемін. Мен үшін бұл өте маңызды», — дейді Мөлдір.

Бұған дейін біз «Өнегелі отбасы» республикалық байқауында жүлдегер атанған әскери отбасы туралы да жазған едік.

Сахариевтер отбасы үшін әскери қызмет тек шенмен немесе күн сайын қызметке шығатын әскери қызметшілер санымен өлшенбейді. Оның артында алты жылдық отбасылық өмір, бірнеше қызметтік ауысу және әкесін күн сайын үйде күтетін үш бала тұр.

Лейтенант Айгерім Балтабаева

5573 әскери бөлімінің тілшісі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -