Нұра ауданының мүгедектігі бар тұрғындары грант қаражатына саңырауқұлақ жылыжайы, массаж бөлмесі мен тігін цехын ашты

11990

Нұра ауданында мүмкіндігі шектеулі тұрғындар бизнес ашуға және оны дамытуға грант алып, саңырауқұлақ өсіреді, тапсырыс бойынша киім тігеді, тұрғындарға массаж қызметтерін көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Елена Колесникова Нұра ауылында тұрады. Білімі бойынша ол экономист, бірақ ешқашан мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Үй шаруасындағы әйел өткен жылы өз бизнесін бастауға шешім қабылдаған. Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша онлайн-оқытудан өткен.

– Мен 38 жастамын. Менің үш балам бар. Бірнеше жыл мен үй шаруасындағы әйел болдым, екінші топтағы мүгедектігім бар. Өткен жылы оқудан өтіп, гранттар конкурсына өтінім бердім. Менің бизнес-жобамды қолдады. Осылайша кішкентай ісімді бастадым. Мен гаражды саңырауқұлақ өсіруге бейімдедім, гранттық қаражатқа жабдық сатып алдым, енді бір жарым айда бір рет 100 келіге жуық аспа саңырауқұлақтарын аламын, – дейді Елена. – Жаңа бастаған кәсіпкерлерге ештеңеден қорықпауға кеңес беремін. Ең бастысы – мақсат қою және оған қадам жасау керек.

Кәсіпкер әйел жаңа жиналған саңырауқұлақтарды Нұра ауданының сауда нүктелеріне жеткізеді.  Алдағы уақытта ол өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ол тек жаңа піскен саңырауқұлақтарды ғана емес, сонымен қатар маринадталған саңырауқұлақтарды да сатқысы келеді.

Осыған дейін құтқарушы болған Сапарбек Жақұдин өрт кезінде көзінен айырылған. Бірақ мүгедектікке қарамастан, ол өз ісін таба алды. Астанада қытайлық массаж курстарын оқыған, ал туған Нұра кентінде "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік сауаттылықты меңгерген. 1 миллион 225 мың теңгеге грант алып, үйінде массаж кабинетін ашқан.

Гранттар Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында берілді. Өткен жылы Нұра ауданында "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша барлығы 167 адам оқудан өтті. Өтеусіз гранттық қаражат түрінде мемлекеттен 59 адам қолдау алды. Оның ішінде 16 мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар.

– Бизнес-жобаларды табысты іске асырудың тағы бір мысалы – Қарой ауылындағы тігін цехы. Оны Тутиковтар отбасы ашты, онда төрт адамның мүгедектігі бар. Барлығының туа біткен сөйлеу және есту бұзылыстары бар. Олар мемлекеттік қолдауға ие болды және қазір тапсырыс бойынша киім, төсек-орын жабдықтары, көрпелер, жастықтар және т. б. тігуде, – деді Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Динара Ермекова.

Нұра ауданында биыл мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың 15 жобасын қаржыландыру жоспарлануда. Гранттар сомасы 1 миллион 400 мың теңгеге дейін ұлғайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -