Біріккен Ұлттар Ұйымының Берлиндегі министрлік конференциясында Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов еліміздің бітімгерлік қызметі туралы баяндама жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Биылғы жылы Берлин министрлерінің кездесуі БҰҰ құрылғанына 80 жыл толуына және бейбітшілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммитінің 10 жылдығына орай өтіп отыр.
Оған БҰҰ Хатшылығының, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басшылығы мен лауазымды адамдары, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының басшылары қатысты.
Кездесуде БҰҰ-ның маңызды, өміршең, сенімді және тиімді құралы ретіндегі бітімгерлік рөлін сақтау, оның қатаң қаржылық шектеулер жағдайындағы экономикалық тиімділігі және қақтығыстар динамикасының өзгеруіне байланысты бірқатар басқа да аспектілер талқыланды.
Тараптар бейбіт тұрғындарды қорғау, стратегиялық коммуникациялар, бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әйелдердің бітімгерлік операцияларға қатысуы саласында пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қазақстанның қазіргі мүмкіндіктері мен бітімгерлік әлеуеті туралы баяндама жасады. Ол кездесуге қатысушыларды географияны кеңейту және ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің ұйымның бітімгерлік миссияларына қатысуын әртараптандыру туралы хабардар етті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан бейбітшілік, тату көршілік, барлық серіктестермен және халықаралық институттармен сындарлы диалог орнату саясатын ұстанады. Голан жоталарында дербес ұлттық бітімгерлік контингентін өрістету біздің еліміздің БҰҰ-мен бітімгерлік саласындағы өзара іс-қимыл деңгейін сапалы арттырды және Қазақстанның қорғаныс ведомствосы тарихындағы маңызды кезең болды Генерал-полковник Руслан Жақсылықов
Қорғаныс ведомствосының басшысы сондай-ақ бүгінгі таңда Қазақстанның бітімгерлік операциялардың орталығын ғана емес, Қарулы күштердің басқа да оқу орталықтарын пайдалана отырып, бітімгерлерді даярлаудың толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндігі бар екенін айтты.
Қорғаныс министрі Қазақстан Қарулы күштерінің БҰҰ операцияларының қажеттіліктері үшін стратегиялық тасымалдау жөніндегі әлеуетін іске қосу туралы бастама көтерді, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығына осындай мүмкіндіктері бар елдермен авиациялық ғана емес, сонымен қатар әскери-теңіз, Құрлық компоненттерін де тиісті үлгілік ұзақ мерзімді келісімдерді (меморандумдарды) әзірлеудің орындылығын қарауды ұсынды.
Бұл бірегей алаңда конференция тарихында БҰҰ-ның ресми тілдері: ағылшын, француз, испан, орыс, араб және қытай тілдерімен тең дәрежеде қазақ тіліндегі баяндама тұңғыш рет жасалғанын айта кету керек.