Қазақта ежелден жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғаған батыр бабаларымыз көп болған. Олардың күрес жолдарымен ерен еңбектерінің бәрі ел, жер, Тәуелсіздік үшін болған. Осы жолда көптеген батырларымыз тер төгіп өз жандарын құрбан еткен. Бүгінгі біздің әңгімемізде Отан қорғау жолында өз жанын құрбан еткен, Ішкі әскердің ер жүрек жауынгері туралы болмақ.
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы тараған уақытта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Ауғанстаннан тәжік-ауған шекарасы арқылы бұрынғы кеңес республикаларына контрабанда, есірткі және қару тасымалданып, экстремизм насихаттала бастады, осының барлығы қылмыстың өсуіне, экстремистік ойдың пайда болуына және есірткеге тәуелді халық санының өсуіне алып келді. Осы орайда, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі «ТМД-ның тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шекарасын қорғауды күшейту туралы» қаулысына сәйкес, Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның жауынгерлері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Әскери тапсырманы мүлтіксіз орындаған екі мыңнан астам сарбаз бен сардардың арасында Батыс қазақстандық Шыңғырлау ауданының тумасы Радик Қаймулдиев те болды. Жас жауынгер Отан алдындағы борышын өтеу кезінде жат елде ажал құшқан еді.
Радик 1975 жылдың 6 мамырында Шыңғырлау ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Бақтыгерей Жәдігерұлы зейнет жасына дейін күзетші болып жұмыс істеген кісі, ал анасы Қазима апай үй шаруашылығы мен айналысқан. Қазіргі таңда екеуіде зейнет жасында. Қаймулдиевтер отбасы ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасылардың бірі еді. Ал осы отбасының көз қуанышы, барлығының сүйіктісі, отбасының тұңғышы Радик еді. Ол кішкентайынан көпшіл, қайратты бала болып өсті.
Радик мектеп қабырғасында жақсы оқып, үздік оқуы және үлгілі тәртібі үшін мадақтама қағаздарымен көп марапатталған. Ол жастайынан спорттыда жанына серік етіп, спортпен айналысқанды ұнатқан. Радик үйдің тұңғышы болғандықтан бала кезінен ата-анасына, үй шаруасына араласып өскен. Ол отын шабу, құдықтан су әкелу, пешті жағу бір сөзбен айтқанда, үй шаруашылығындағы жұмыстар оның мойнында болған.
Радик бала кезінен үйде жүргенде әкесінің әскердегі альбомын жиі ашып қарап қызығып, әскер туралы әкесіне көп сұрақтар қойып менде өскенде әскер қатарында қызмет етемін дейтін болған. Радиктің әкесі Бақтыгерей Жәдігерұлы 1968 жылы Кавказ әскери округінде әскери борышын өтеген кісі. Ара-тұра өзінің армиялық альбомындағы фотосуреттерді тұңғышы Радик екеуі парақтап отырып, «Нағыз ер жігіт - нағыз өмір мектебі атты әскерден өтуі керек», - деп айтып отыратын болған. Арада біраз уақыттар өтіп, Радик мектеп қабырғасын бітірген соң, 1993 жылы 2 маусымда Радикке военкоматтан әскерге шақыру туралы қағаз келеді. Жалындап тұрған жас жігіт көп ойланбастан әскерге барамын деп шешіп, үлкен ықыласпен ішкі әскерлер қатарына алынады. Осылайша Радик өзінің ата-анасы, достарымен вокзалға келіп, олармен қимай қоштасып пойызға отырады. Алайда бұл қоштасу ақтық қоштасу екенін ешкімде біліп сезбейді. Жалындаған жас жігіттер отырған пойыз оларды туған жерлерінен алыстатып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің жедел бөлімшесі орналасқан Шымкент қаласына алып келеді. Осылайша кеше ғана ата- анасымен, достарымен қимай қоштасып пойызға отырған жас жігіттердің әскери өмірінің алғашқы күндері де басталып кетеді.
Радик әскердің алғашқы күндерінен-ақ, айналасындағылармен тез тіл табысып алады. Арада бір ай өткеннен кейін жас сарбаздар әртүрлі оқиғаларға толы патрульдік қызметке де түсе бастайды. Радик өзінің қарулас достарымен бірге Шымкент қаласының көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтауға қызметке түсіп жүреді. Осылайша әскердің бір күнінен екіншісі қызықты болып, әскери өмірдің күндері зулап өте берді.
1992 жылғы 15 мамыр күні «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісімдерге сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңестің 1992 жылғы 23 желтоқсандағы Қаулысысымен Ішкі әскерлердің 100 адамға дейін жиынтық ротасын Қазақстан Республикасының жиынтық батальоны құрамында тәжік-ауған шекарасындағы ТМД шекарасын күшейтуге жолдау туралы шешім қабылданып, әскер жинақтай бастайды. Осы кезде Радик Тәжікстанда қызмет еткісі келетіні туралы айтып, өз еркімен Тәжікстанға жауынгерлік қызметті атқаруға аттанады.
Ол жақта Ішкі әскерлердің жауынгерлері жүк тиеген колонналарды күзету мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді міндеттерді орындайды.
1995 жылғы 7 сәуір күні Пендж өзенінің бойымен Пшихавр шатқалы арқылы жүріп келе жатқан жүкті күзетіп келе жатқанда шекара постылары арасында колоннаға Ауғанстан жағынан моджахедтер шабуыл жасайды. Осы қақтығыста қарсыластың күші басым болып, Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза табады. Қаза тапқандардың ішінде әскерден өзінің үйіне оралуына аз уақыт қалған сержант Радик Қаймулдиевте бар еді.
Осы жылдың 11-сәуірінде өзінің туып өскен жеріне әскери борышын атқарып, өз аяғымен келуі керек болған Радиктің денесі тағдырдың жазуымен өз үйіне табытқа салынып жеткізіледі. Әрине осы кездегі қайсар жігіттің ата-анасының, туған-туыстарының мұңын жеткізу мүмкін емес еді. Келесі күні 12 - сәуірде туған ауылында батыр Радиктің денесі қимастықпен жер қойнауына табысталды.
Бүгінде Қаймулдиевтер отбасы жыл сайын мамыр айында Радиктің туған күнінде ағайын-туыстары мен ұлының достарының басын қосып, жалындаған жас шағында әділдік үшін отқа түскен сарбазды сағынышпен еске алады. Шыңғырлау ауылының бір көшесіне жат жерде қыршынынан қиылған боздақтың есімі берілді. Өзі оқыған мектептің және «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мұражайынан әскери міндетін соңына дейін орындаған жауынгерге арналған естелік бұрыш жасақталды. Радик әскери борышын өтеген Шымкенттегі жедел бөлімшеде оның інісі Эдик те Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған. Еліміз тәжік-ауған шекарасында Пшихавр шатқалындағы жанкешті шайқаста қаза тапқан 17 жауынгерін ұмытпай, оларға ескерткіш орнатып, есімдерін көшелерге, мектептерге беріп, олардың ерлігі туралы кітап жазылып, «Қазбат» деректі фильмі түсірілді. Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімінде еске алу жиындары, арамыз да жүрген жауынгерлермен кездесулер өтіп тұрады. Ерлерін ескеріп тұратын әскерилерге Р.Қаймулдиевтің әкесі Бақтыгерей Жәдігерұлы да риза. «Отан үшін жандарын құрбан еткен сарбаздарды Ұлттық ұлан әскері ұмытпайды. Оралда және Шыңғырлауда мұндай іс-шаралар жиі өтеді. Ұлымыз арамызда жоқ болса да, оның ерлігін жас ұрпақтың жадында жаңғыртқан азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді ол. Радик секілді ұландардың ерлігі – өскелең ұрпаққа өнеге. Олардың батырлық іс-әрекеттері, отансүйгіштік қасиеттері халқының жадынан мәңгі өшпейді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің аумағында Ішкі әскерлердің 17 жауынгеріне арналған ескерткіштер қойылды, олардың есімдерімен көшелер, мектептер аталады. 7 сәуір күні барлық әскери бөлімдерде Тағзым ету күні өткізіліп, 17 жауынгердің есімдері мен ерліктері еске алынып, гүл шоқтары қойылады.
Сөз соңында айтарымыз, ел тыныштығының кепілі болып келе жатқан Ұлттық ұлан, шын мәнінде құқықтық тәртіп әскері болып табылады. Ол қашанда ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауға әзір тұратындығына сенімдіміз. Сондықтан, ерлік дегеніміз – Ұлттық ұланның күнделікті атқаратын жауынгерлік қызметі!
Капитан,
Ертуған Әубакир