Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да 65 жастағы пациентке жүректің жасанды сол жақ қарыншасы имплантталды (LVAD), деп хабарлайды DKNews.kz.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан келген 65 жастағы пациентке жүректің жасанды сол жақ қарыншасы (LVAD) имплантталды. Бұл Алматыда осындай операция жасалған екінші пациент. 2-ші операция да сәтті өтті.
Пациент 2017 жылдан бері ауырады. Ол ишемиялық дилатациялық кардиомиопатиядан зардап шекті, сол жақ қарыншаның шығарылым фракциясы өте төмен болды - небәрі 20%, миокард инфарктісін бастан кешірді, алдыңғы төмендейтін артерияны стенттеу бойынша операция жасалды, сондай-ақ кенеттен жүрек өлімінің алдын алу үшін кардиовертер-дефибриллятор имплантталды. Жүрек жеткіліксіздігінің декомпенсациясы мәселесі бойынша бірнеше рет терапия қабылдаған.
ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, Астана Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының Басқарма төрағасы Махаббат Бекбосынованың және орталықтың жетекші мамандарының қатысуымен өткен консилиумда пациентке LVAD имплантациясын жасау ұсынылды.
Институттың бірінші басшысы:
«Ағымдағы жылдың сәуір айында ҰҒКО басшылығымен болған кездесу барысында біз халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін өзара тәжірибе, инновациялар және технологиялармен алмасу бойынша ынтымақтастықты жалғастырамыз деп келіскен едік. Біздің дәрігерлермен бірге осы күрделі операцияны жасаған Астана қаласының ҰҒКО әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Операция Әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жүзеге асырылады және Қазақстан азаматтары үшін тегін» Марат Пашимов
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рустем Тулеутаев атап өткендей, науқас операция үстеліне жатқанға дейін үш рет жансақтау бөлімінде жатты. Бұған дейін ол бірнеше рет ауруханаларда ем қабылдағанымен, емнің нәтижесіне қол жеткізу мүмкін болмады.
«Бұған дейін мұндай диагнозы бар науқастар резервтік мүмкіндіктерінше өмір сүретін, енді бұл адамдардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар, мұндай аппараттар әлемде көбірек орнатылуда. Дегенмен, операция құны қымбат болғандықтан мұндай оталарды кез келген елдің қалтасы көтере бермейді» Рустем Тулеутаев
Имплантациядан кейін жалпы ағзаның жағдайы жақсарады, жүрек жеткіліксіздігінің белгілері кері қайтады.
Науқастың өзі дәрігерлерге алғысын білдіреді: қазір өзін жақсы сезінеді, ісінуі басылды, ентігу жоқ, ұйықтай бастады, қазір жүріп жүр, демалыс күндерінен кейін үйге шығарылады.
1-7 мамыр аралығында бүкіл әлемде, с.і. Қазақстанда да Жүрек жеткіліксіздігі туралы хабардарлық халықаралық апталығы аталып өтуде. Оның аясында еліміздің барлық емханаларында, кардиоорталықтарында Ашық есік күндері өтуде.
Жүрек жеткіліксіздігі АҚШ пен Еуропадағы өлімнің екінші негізгі себебі болып табылады. Әлемде 70 млн. астам адам осы дертке шалдыққан. Бұл өлім-жітімге әкелетін, қайталанатын және ұзаққа созылатын ауру. Әрбір бесінші науқас диагноз қойылғаннан кейін бір жыл ішінде өмірден өтеді.