Шет ауданының ауылдарында жаңа су құбырлары салынып жатыр

5203
Фотосурет: Қарағанды облысының әкімдігі

Шет ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жалғасуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биыл Ақой, Ақшоқы, Ақбауыр, Қызылқой, Ақсу және Пикет ауылдарында су құбыры желілерін салуға қаражат бөлінді. Ақсу-Аюлы ауылында кәріз жүйесін салуға ЖСҚ әзірленді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Шет ауданына барып қайтты.

Өңір басшысы Ақсу-Аюлыда тұрғын үй құрылысының қалай жүріп жатқанын тексерді. Мұнда 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ал Ағадыр кентінде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 12 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталу сатысында.

Шет ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Серіктің айтуынша, биыл 80 отбасы пәтер кілтін алады.

Билік аудан тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігіне көп көңіл бөледі.

2022 жылы Ақсу-Аюлы аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтті. 

Медициналық мекеме аумағындағы блоктардың бірі дәрігерлерге арналған төрт пәтерлі тұрғын үй ретінде қайта салынды.

Сондай-ақ, Ағадыр кентіндегі ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Шет ауданында 21 ФАП салынады, жетеуі биыл қолданысқа берілмек.

Әлеуметтік нысандарды аралағаннан кейін Ермағанбет Бөлекпаев Ақсу-Аюлы ауылының Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті.

Тұрғындар өңір басшысымен ауылдардағы мәселелерді ашық талқылай алды.

Өңір басшысына жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, абаттандыру, тұрғын үй құрылысына қатысты сұрақтар қойды.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары олардың мәселелері бірден болмаса да, шешіліп жатқанын атап өтті. Мысалы, жолдар тұрақты негізде жөнделеді. Билік биыл 10 кентішілік көшені асфальттап жатыр.

Босаға ауылы мен Ағадыр ауылы арасындағы жол жөндеуді қажет етеді, бұл мәселені аудан тұрғындарының бірі көтерді.

– Біз бұл жолды ертең жөндей бастаймыз деп айта алмаймын, – деп жауап берді Ермағанбет Бөлекпаев. – Жалпы 140 шақырым жолды жөндеу керек, бұл үлкен сома. Бізде ондай ақша жоқ. Қазір біз Ағадырдағы 12 көшені жөндей бастаймыз. Келесі жылы жұмысты жалғастырамыз. Біз бұл мәселе туралы хабардармыз, біртіндеп шешеміз.

Мойынты ауылының тұрғындары мектепті жөндеп беруді сұрады. Ғимарат ескі, билік жаңа оқу орнын салуды қарастыруда. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын жақсы жаңалықпен қуантты: Ақсу-Аюлы ауылы мен С. Сейфуллин кентінде "Жайлы мектеп" республикалық жобасы аясында 300 орындық жаңа мектептер салынады.

Тұрғындармен кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -