ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бір аптадағы жаңалықтар дайджесті, деп хабарлайды DKNews.kz:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Вьетнамның Мәдениет, спорт және туризм министрі Нгуен Ван Хунг туризм саласындағы екі елдің ынтымақтастығы туралы бес жылдық меморандумға қол қойды.
- 2023 жылдың алғашқы алты айында Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандарының саны 42% - ға артып, 575 мың адамға жетті. Оның 56 мыңнан астамы кітапханаға тұрақты түрде баратындар.
- Мәдениет және спорт министрлігінің және «Kazakh Tourism ҰК» АҚ қолдауымен үндінің IndiGo ірі авиакомпаниясы «Дели – Алматы – Дели» тікелей рейсін іске қосады. Осы бағыт бойынша рейстер қыркүйек айының соңында басталады және аптасына үш рет орындалады.
- Мәдениет саласындағы төрт орта білім беру ұйымының 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыруға 84 млн теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.
- Мәдениет және спорт министрлігі "Ұлы дала жорығы" марафон-бәйгесін екінші рет өткізеді, оның аясында еліміздің түкпір-түкпірінен 100 шабандоз Қазақстанның 5 өңірі арқылы 1300 км қашықтықты жүріп өтеді.
- Хорватияда кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошылар алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды. Алтын медальді 55 келіге дейінгі санатта өнер көрсеткен Нұрлан Исатаев иеленді.
- IBSA Дүниежүзілік ойындарының бірінші күнінде қазақстандық парадзюдошылар 4 медаль жеңіп алды. Спортшыларымыз 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды.
- Апта сайын Қазақстаннан 31 мемлекетке 117 бағыт бойынша 581 тікелей халықаралық рейс орындалады. Рейстер Түркия, БАӘ, Грузия, Германия, Египет, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Ұлыбритания, Мальдив аралдары, Тайланд, Вьетнам, Катар, Үндістан, Черногория, Греция, Италия, Қытай және т.б. елдерге шығады.
- Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндері басталды. 24-29 тамыз аралығында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тәжік киносының көрсетілімдері, концерттер, көрмелер, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері және басқа да іс-шаралар өтеді.
- Министр Асхат Оралов Тәжікстанның Мәдениет министрі Зульфия Давлатзодамен кездесті, онымен мәдени саладағы елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады.
- Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов шетелдік журналистермен кездесіп, олармен отандық туризмді дамыту келешегі туралы әңгімелесті. Кездесуге 10 елден келген қонақтар қатысты. Бұл Бельгия, Германия, Катар, Сауд Арабиясы, Мексика, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия және АҚШ.
- Туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жалпы сомасы 480 млн теңгені құрайтын шығындарды ішінара өтеуге арналған 29 өтінімді мақұлдады.
- Астанада Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ұлы ғалым, философ Әбу Әли Ибн Синаның бюстінің ашылуы өтті.