Қазақстандағы дәрігерлер қауіпті ауруларды ерте анықтағаны үшін бонустар алады

6413
Фотосурет: ҚР ДСМ және Үкіметтің баспасөз қызметі

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі қызметтердің бірі саналады, оны елімізде 5 617 нысан көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру туралы баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, МСАК жұмысының негізгі қағидаты – отбасылық қызмет көрсету мен тұрғылықты жер бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету. Көмекті учаскелік дәрігер, үш орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер және психологтан тұратын учаскелік көпбейінді командалар көрсетеді. Сонымен қатар осы саланың өзекті мәселелері де бар. 

Бірінші – медициналық көмектің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл мәселелер бойынша Астана, Алматы қалаларында, Ақмола, Атырау облыстарында жиі шағым түседі. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3 млн-нан астам халық сақтандырылмаған күйінде қалып отыр, сақтандырылмаған халық саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген.

Екінші – медициналық кадрларға деген сұраныстың төмендеуіне қарамастан, әлі де тапшылық бар. Бұл көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында басым.

Үшінші – медициналық нысандардың инфрақұрылы әлі де жеткіліксіз. Бүгінде 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық нысандар жоқ, ғимараттардың тозуы 56%-ды, медициналық техникамен жарақтандыру 50%-ды құрайды.

Төртінші – халықтың саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру мәселелері. Елімізде ересек тұрғындардың 21%-ы темекі тартады, балалардың 20%-ы артық дене салмағынан, ал 6%-ы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің тұрақты түрде вейп шегуі 10%-ды, энергетикалық, тәтті сусындарды ішуі 17,5%-ды, артық дене салмағының болуы 15%-ды құрайды.

Әрі қрай денсаулық сақтау министрі осы өзекті мәселелердің шешілу жолдарына тоқталды.

«Алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша медициналық көмектің 57%-ын мемлекеттік амбулаториялық-емханалық ұйымдар, 43%-ын жеке меншік ұйымдар көрсетеді, яғни бәсекелестік үшін жеке меншік медицина кеңінен тартылуда. Амбулаториялық деңгейдегі қаржыландыру ұлғайды, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 60% жалпы көлемнің 56%-ын құрады» Ажар Ғиният

Сонымен қатар 3 жылдың ішінде консультациялық-диагностикалық көмек 7 есе өсті, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есе, МРТ қызметтерінің қолжетімділігі 6 есе өсті. Осы жылдың 6 айында 200 млн-нан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Енді 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті қабылдайтын орны жоқ мейіргер көрсетеді, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылды. Жалпы практика дәрігеріне қабылдаудың кезектілігін төмендету үшін мейіргерлік қабылдау функциялары кеңейтілді.

9 бағыт бойынша жалпы практика дәрігеріне бармай-ақ, арнайы мамандардың қабылдауы үшін жағдайлар жасалды, ал онкологиялық ауруға күдікті пациенттер үшін «Жасыл жол» бағыты бойынша 18 күннің ішінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында тексеру жеделдетілді. Осы жылдың 6 айында қатерлі ісіктердің ерте диагностикасы 5,6%-ға ұлғайды.

Ауруларды ерте анықтау кезінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар қызметі сапалы және нәтижелі болуы үшін мамандар жалақысына қосымша ақы төлеуді қарастыратын пилоттық жоба басталды. Мысалы, учаскелік дәрігер онкологиялық ауруды ерте анықтаған әр жағдай үшін, сондай-ақ туберкулез үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бонус ала алады. Барлығы 6 индикатор анықталды.

«Балаларға профилактикалық көмек көрсету үшін 1 500-ден астам баланы дамыту кабинеті құрылды. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғайды. 2019 жылы 48 ауру-сырқау бойынша дәрі-дәрмек сатып алынды, 2023 жылы аурулардың тізбесі 3,8 млн адамды қамти отырып, 126-ға дейін кеңейтілді» Ажар Ғиният

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 2022 жылдан бастап «eGov mobile» мобилдік қосымшасында бірыңғай денсаулық сақтау экожүйесі – eDensauluq құрылып, іске асырылуда. Бүгін зертханалық зерттеулердің нәтижелері, электрондық рецептілер, жүктілікті есепке алу, тіркелу, қабылдауға жазылу және дәрігерді үйге шақыру, мүгедектікті сырттай куәландыруға жіберу, еңбекке жарамсыздық парақтары және басқаларын көруге болады. Сондай-ақ көрсетілген медициналық қызметтер туралы 5 SMS хабарлама жіберіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен ауыл тұрғындарының арасында ауруларды ерте анықтау күшейтілді. Балалар үшін міндетті профилактикалық тексеру пакеті кеңейтілді.

Ауыл тұрғындары үшін бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу жолдары, қуықасты безі обыры ауруларын ерте анықтауға, сондай-ақ бұрын тексерілмеген 18-29 жас аралығындағы адамдарды скринингпен қамту кеңейтілді. Бұл жұмыс өткен жылдың соңында басталды, биыл бүкіл ел бойынша кезең-кезеңмен ұлғайды.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, былтырдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Адамға бағдарланған» қағидаты бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмектің озық практикаларының жобалары енгізілуде. Биыл бұл практикалар бүкіл ел бойынша 48 емханада жүзеге асырылады. Шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етуде көлік медицинасы үлкен рөл атқарады.

Тағы бір өзекті мәселе – медициналық кадрлардың тапшылығын төмендету үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында соңғы 3 жылда 8 мыңнан астам дәрігер даярланды. Өңірлерге келген жас мамандарды қалуға ынталандыру мақсатында әкімдіктер әлеуметтік қолдау көрсетеді. Медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Дәрігерлердің еңбекақысы 397 мың теңгеден 519 мың теңгеге дейін көтерілді. Орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 224 мың теңгеден 268,9 мың теңгеге дейін өсті.

Үшінші – биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылуда, оның аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады, 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастырылады, ауылдық денсаулық сақтау саласы үшін 1 100 медицина қызметкері даярланады. Ауылдық жерлердегі медициналық қызметтерге қолжетімсіздік мәселесі шешілетін болады. Сондай-ақ соңғы жылдары 250 алғашқы көмек көрсету нысаны салынды. Инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін 2022 жылы өңірлерде 116 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны ашылып, салынды.

Төртінші – саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 452 саламатты өмір салты кабинеті, 4 608 денсаулық мектебі, темекіге қарсы кабинет және 157 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциз мөлшерлемелері көтерілді, электрондық темекі, олардың хош иістендіргіштері мен сұйықтықтарының айналымына толық тыйым салу бойынша Мәжілісте заңға өзгерістер қарастырылды. 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізілуде.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың жұмысына тығыз байланысты. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері бекітілген стандартқа сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту, емханаларға, ауруханаларға күрделі, ағымдағы жөндеу жүргізу, оларды заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру, сақтандырылмаған халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту, әлеуметтік қолдау көрсете отырып, жергілікті жерлерде медициналық кадрларды тарту және бекіту тетіктерін іске асыру, дәрігерлерді, оның ішінде салалық мамандар мен орта медицина қызметкерлерін даярлауға қаражат бөлу, саламатты өмір салты бойынша халық арасында кең насихат жүргізу және саламатты өмір салты орталығын ашуға қосымша қаражат бөлуді қарастыруы қажет.

«Осы аталған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғайтылады және ел халқының денсаулығы жақсарады. Қазақстан алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуда көш бастап тұр және бұл мәселені халықаралық деңгейде белсенді түрде ілгерілетудеміз» Ажар Ғиният

Осы жылдың 22-23 қазанында Астанада Алматы декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және Астана декларациясының қабылдануының 5 жылдығына арналған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша жаһандық конференция өткізу жоспарланған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кетрин Рассел, денсаулық сақтау министрлері бастаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттердің 80-ге жуық делегациясы, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар қатысады деп күтілуде.

«Аталған іс-шараларды өткізу Қазақстанға медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы жетістіктерді көрсетуге және үздік әлемдік практикалар тәжірибесін қабылдауға мүмкіндік береді» Ажар Ғиният

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің мәлімдеуінше, өңірде 1 222 мың халық тұрады. Оның ішінде 946,4 мың адам (78%) міндетті медициналық сақтандырумен қамтылған. Міндетті медициналық сақтандырумен қамтылмағандар саны – 276 мың адам (22%).

«Облыстағы халықты медициналық сақтандырумен қамту бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Өңірлік деңгейде арнайы ведомствоаралық жұмысшы топ құрылды» Ербол Қарашөкеев

Өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда міндетті медициналық сақтандырумен қамту 2%-ға артып (23 мың адам), оң динамика қалыптасып отыр. 

Сондай-ақ облыста 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Биыл 3,7 млрд теңгеге 20 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып, 1,4 млрд теңгеге 10 нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 18 нысанның аяқталуы жоспарланып отыр. Бүгінде 5 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 52,4%-дан 36,7%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

«Облыста денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жыл соңына дейін 97%-ға жеткізілмек. Медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 8 айда 91,7%-ды құрап отыр. Аталған мәселе – тұрақты бақылауда» Ербол Қарашөкеев

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңір бойынша 2023-2025 жылдары 37 медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысын жүргізу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 18 медициналық-санитарлық көмек нысанын салу қарастырылған. Бүгінде 3 нысан бойынша жұмыстар басталып, осы жылдың аяғына дейін қолдануға тапсырылады. 15 нысанның құрылысы 2024 жылы басталатын болады.

Сонымен қатар 2023-2025 жылдарға арналған Атырау облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен 19 нысан құрылысы жоспарланып, оның ішінде 12 нысанның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Ал 5 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады.

Атырау қаласының «Өркен» және «Нұрсая» шағын аудандарында күніне 250 пациентті қабылдайтын 2 емхананың құрылысын жеделдету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат қарастырып, құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі – 91,7%. Медициналық техникалар сатып алу үшін биыл жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Ол өз кезегінде медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейін 93,5%-ға жеткізеді.

«Атырау облысы бойынша биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 39 медициналық жедел жәрдем көлігі сатып алынды, желтоқсан айында жеткізілетін болады. Оған қосымша демеушілікпен 5 жедел жәрдем көлігі алынып, жеткізілді» Серік Шәпкенов

Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 406 арыз-шағым келіп түскен, оның ішінде 74 шағымның негізі бар, 73 шағым ішінара негізделген, 259 шағым негізсіз екені анықталды. Ең жиі кездесетіндері:

  • МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың сақтандыруға жататын көмекті ала алмауы;
  • дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде тегін медициналық көмек тізбесіне енбеген дәрілік заттарды немесе олардың аналогтарын сұрауы;
  • емханалардағы дәрігерлерге кезек, консультативті диагностикалық көмек мәселесі бағыттарындағы арыз-шағым.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, аталған кемшіліктерді жою және алдын алу мақсатында келесі жұмыстар атқарылуда: 

  1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарды қамтуды арттыру мақсатында тұрғындармен кездесулер кестесі бекітіліп, шағын және орта бизнес өкілдерімен 1 313 рет кездесу өткізіліп, 43 971 адам қамтылды.
  2. Республикалық бюджеттен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 2023 жылы жалпы 5,6 млрд теңге жоспарланып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде.
  3. Жергілікті бюджеттен 301 млн теңге бөлініп, 108 пациент дәрілік заттармен қамтамасыз етілді.

Бұдан басқа биыл емханалар базасында бала ауруларын кешенді басқару/әмбебап прогрессивті патронаж моделі облыстық ресурстық орталығы мен балалар консультативтік орталығы ашылды. Қараша айында Атырау қаласында және Жылыой ауданында үздік тәжірибелер орталығы ашылады.

Облыста жыл басында кадр тапшылығы 185 маманды құраған болса, бүгінде облысқа 102 маман жұмысқа қабылданды. Мамандардың тапшылығын жою үшін жергілікті бюджеттен 2023 жылдан бастап өңірге келген мамандар үшін келесі кешенді шаралар қабылданды:

  • «Отбасы банк» АҚ арқылы жеңілдікпен несие беру бағдарламасы енгізілуде.
  • Қалалық медициналық ұйымдарға 3 млн теңге, аудандық медициналық ұйымдарға 5 млн теңге көлемінде бір реттік қолдау әлеуметтік төлемақы қарастырылды.

Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында 3 деңгейлі білім алу жүйесі енгізіліп, бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді.

Медициналық ұйымдардағы арыз-шағымдарды болдырмау мақсатында тәулік бойы қоңырау қабылдайтын колл-орталық қызметі іске қосылды және ситуациялық орталық жұмысы жолға қойылды.

«Медициналық-санитарлық көмек қолжетімділігін жақсарту, медициналық көмек сапасын арттыру шаралары жалғасын табады, мәселе өз бақылауымда» Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың мәлімдеуінше, қалада 75 медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді, оның 40-ы – мемлекеттік және 35-і – жеке меншік. 2023 жылғы 22 қыркүйектегі жағдай бойынша Алматы қаласының МСАК ұйымдарына бекітілген халық саны 2 555 830 адамды құрады.

Алматы қаласы бойынша МСАК жүйесінде 1 519 МСАК дәрігері жұмыс істейді: 1 098 жалпы практика дәрігері, 313 учаскелік педиатр, 108 учаскелік терапевт. Бүгінде 1 жалпы практика дәрігеріне 1 559 адамнан, 1 учаскелік педиатрға 759 баладан, 1 учаскелік терапевтке 2 040 адамнан келеді. 1 жалпы практика дәрігеріне 2 орта медицина қызметкерінен келеді, бұл нормативке сәйкес келмейді.

«Халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігі мен олардың сапасын жақсарту үшін Бірыңғай емханалар стандарты бекітілді. Биыл МСАК Бірыңғай стандарты бойынша 6 емхананың құрылысы басталды, олар 2023 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі, сондай-ақ 2025 жылға қарай 15 емхана және барлығы 2030 жылға дейін 33 емхана салу жоспарлануда» Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова

Мұның бәрі бекітілген халық санын 2 500-ден 1 600-ге дейін төмендете отырып, 1 дәрігердің жүктемесін азайтуға және салалық мамандардың қызметтеріне және диагностиканың жоғары технологиялық әдістеріне қолжетімділікті 25 мыңнан астам азаматқа арттыруға мүмкіндік береді.

«Алматы қаласының денсаулық сақтау ұйымын медициналық техникамен жарақтандыру» бойынша жүргізілген аудитті ескере отырып, денсаулық сақтау ұйымын заманауи жабдықтармен жете жарақтандыру бағдарламасы әзірленді. Мәселен, 2022 жылы жалпы сомасы 15,1 млрд теңгеге 730 медициналық техника сатып алынып, жеткізілді, 2023 жылға бағдарлама аясында 13,3 млрд теңге бөлінді. Бұл жарақтандыруды 5%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -