Әскери спортшылар бес чемпиондық атаққа ие болды. Қазақстанның ауыр атлетикадан өткен чемпионатына қатысқан Армия орталық спорт клубының сегіз өкілі де жүлдегер атанды. Осы жарыстың қорытындысы бойынша ұлттық құраманың құрамы жасақталады, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде өткен республикалық додаға еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық үздік спортшы қатысты.

Бес алтын медаль және Олимпиадаға деген ұмтылыс
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сайрамкез Ақмолда 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сенімді жеңіске жетті. Ол жұлқа және серпе көтеруде үздік нәтиже көрсетіп, қоссайыс қорытындысында 302 келіні бағындырды.
«Ауыр атлетикаға мектеп қабырғасында жүрген кезімнен қызыға бастадым. Спорттың осы түрін таңдауыма әйгілі Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің жетістіктері үлкен әсер етті. Биылғы чемпионатқа бір жарым ай бойы мақсатты түрде дайындалдық. Алдағы басты мақсатымыз – Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын лайықты қорғау», — деді Сайрамкез Ақмолда.

110 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Армия орталық спорт клубының спорт ротасындағы қатардағы жауынгер Бағдат Мамытқұл чемпион атанды. Оның қоссайыстағы нәтижесі 364 келі болды.
Әйелдер арасында Қарулы күштердің қызметшісі Любовь Ковальчук 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 235 келіні көтеріп, алтын медаль иеленді.

Жұлқа көтеруде үшінші, қоссайыста бірінші
Чемпионаттағы назар аударарлық нәтижелердің бірін 95 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Александр Уваров тіркеді. Ол жұлқа көтеруде қола, серпе көтеруде күміс жүлде алғанымен, қоссайыста 366 келі нәтижемен чемпион атанды.

85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тұғырдың ең жоғары екі сатысына әскери спортшылар көтерілді. Ақжол Құрманбек 363 келі нәтижемен алтын медаль жеңіп алса, Едіге Емберді 345 келіні бағындырып, күміс жүлдегер атанды.
60 келіге дейінгі салмақта Алексей Дроздов 253 келі нәтижемен күміс медаль иеленді. Ал қатардағы жауынгер Азамат Төлеген 246 келіні көтеріп, қола жүлдеге ие болды.

Қазақстанның ұлттық құрамасы чемпионат қорытындысы бойынша жасақталады
Республикалық біріншілік халықаралық аренада ел намысын қорғауды көздеген спортшылар үшін айрықша маңызды. Алдағы халықаралық жарыстарға қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы осы чемпионаттың нәтижелері негізінде жасақталады.
Бұған дейін Қазақстанның жас ауыр атлеттерінің Азия чемпионатында 59 жүлде жеңіп алып, бес әлемдік рекорд орнатқаны туралы жазған едік.
