Көрнекті ардагерге арналған "Құрмет" орденімен марапаттау

13299
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ұлттық ұланда "Құрмет" орденінің иегеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 377 Жарлығымен «Орталық» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Рүстемханов Ерсайын Шамгонұлы әлеуметтік саланы, мәдениетті дамытудағы үлесі, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

27 қазанда Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының мәжіліс залында Құқықтық тәртіп әскерлерінің ардагерін құрметтеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға Бас комитеттің барлық жеке құрамы мен әскер ардагерлері қатысты.

Алдымен барлық қатысушыларға генерал Е. Рүстемханов өмірінің негізгі кезеңдері жайлы фото-слайдтар көрсетілді. Офицерлер мен сержанттар Ерсайын Шамгонұлының өмір жолы мен қызмет еткен кезеңдері жайлы деректермен танысты. Көпшілік назарына ұсынылған ақпаратта кеш иесінің солдат және взвод командирінің орынбасарынан бастап жоғарғы шен иеленген кезеңіне дейін, сондай-ақ ҚР ІІМ Ішкі әскерлер комитеті Бас штабы бастығының бірінші орынбасары лауазымына дейінгі атқарған қызметі жайлы мәліметтер ұсынылды.

- Генерал Ерсайын Рүстемхановтың өмір жолы жас офицерлер үшін жанқиярлық қызметтің үлгісі болып табылады. Бүгінде Ұлттық ұланда және басқа әскерлерде қызмет ететін көптеген жоғары лауазымды офицерлер өздерін оның шәкірті деп санайды. Ол өз ісінде жоғары дәрежелі маман ретінде ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, адалдық және әділдік сияқты қасиеттерге ие лайықты азамат, ел патриоты ретінде де танымал, – деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов оған Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Құрмет» орденін тапсырғаннан кейін.

Басқосуға келген қонақтар да марапат иесін мемлекеттік награда иеленуімен құттықтады. Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев, Ұлттық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетінің бастығы полковник Савердин Имиров, құқық қорғау әскерлерінің ардагері генерал-майор Рашид Фаткуллин құттықтау сөз сөйледі.

- Ерсайын Шамгонович екеуіміз ертеден таныспыз. Ағайындыдай болдық деп те айта аламын. 2001 жылы біз ел Президентінің қолынан генерал шенін бірге алдық. Қызметтік борыш бойынша тағдыр бізді қайда айдап апарса да, генерал Е. Рүстемханов өзінің қағидаттарын өзгерткен жоқ. Ол қатал, бірақ сонысымен бірге патриоттық тәрбие мәселелерімен белсенді айналысқан талапшыл командир болды. Мемлекет басшысының Ерсайын Шамғонұлына «Құрмет» наградасын беру туралы жаңалығы тараған сәттен-ақ бұл марапат Ұлттық ұланның бүкіл ардагерлер ұйымының мәртебесіне айналып үлгерген еді, - деп атап өтті генерал-майор Қалиақпар Тоқышев.

Салтанатты іс-шара барысында Ұлттық ұланның ән және би Ансамблінің солистері патриоттық әндерді орындады. Іс-шара соңында генерал Ерсайын Рүстемханов жиналғандардың барлығына жылы сөздері мен тілектері үшін алғыс айтып, естелік ретінде топтық фотосессияға қатысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -