Қарағандыда "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы инновациялық шешімдер" бірінші республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар конкурсының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оны Қарағанды облысының әкімдігі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті және "Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдарының одағы" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Байқау қыркүйек айында басталды. Белсенділік зор болды. 120 жұмыс келіп түсті. Әр түрлі жастағы адамдар қатысты: мектеп оқушыларынан зейнеткерлерге дейін.
Ақтық сайысқа 18 жұмыс шықты, олардың ішінен төрт номинация бойынша жеңімпаздар таңдалды: "Қоғамдық бақылау", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және зерттеу", "Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа құралдар".
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық дамуында басым орын алатынын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағыттарына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға жаңа серпін беру қажет. Негізгі міндет - кез келген нысанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұл байқауды әлеуетті жобалар айқындады, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов 9 желтоқсанда Қазақстанның БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қосылғанына 15 жыл толатынын еске салды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту үшін Агенттік үлкен қоғамдық маңызды жұмыс жүргізуде, – деп атап өтті ол. – Байқауға ұсынылған идеялар өте қызықты, инновациялық. Комиссия іске асыру үшін ақшалай сертификат берілген үздік төрт жобаны таңдады. Авторлар сыйлық алды.
Байқаудың жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады.
Жеңімпаздар:
Ольга Диденко, заңгер, сарапшы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы және құқық мәселелері жөніндегі кеңесші (Алматы қ.);
Аслан Асқаров, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистранты (Қосшы қ.);
Наталья Довгаль, Степногорск қ. Л. Толстой атындағы № 4 мектеп-гимназиясының тарих, құқық негіздері және экономика пәнінің мұғалімі;
Гүлжазира Ілиясова мен Руслан Тоқатов, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қызметкерлері.
– Біз "Блокчейн-технологияларды құқықтық реттеу" инновациялық технологиясын ұсындық. Қазір әлемде бәрі өзгеруде, жасанды интеллект мемлекеттік қызметтерді реттеу үшін қолданыла алады, – дейді ҚарУ аға оқытушылары Руслан Тоқатов.
Сонымен қатар, тағы екі жоба "Әділдік жолы" қоғамдық ұйымының сыйлығымен марапатталды. Бұл марапатты "Сатылмайтын Алпамыс" компьютерлік ойынын әзірлегені үшін байқаудың ең жас қатысушысы Абай облысы Жезкент кентінен Нұралы Амангелдіевке, сондай-ақ комикс-жоба авторлары Карина Филиппи мен Ақерке Яғмусоваға табыстады.
Үздік жобалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте пайдаланылатын болады. Олардың авторлары республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумға шақырылады.
Байқаудың барлық финалистеріне алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.