27-29 қараша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті мен «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мамандары АҚШ геологиялық қызметімен тәжірибе алмасу мақсатында Вашингтон қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандық делегация құрамында Геология комитеті Төрағасының орынбасары Қайырхан Тұтқышбаев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиев, геологиялық ақпарат бөлімінің басшысы Назгүл Сүйіндікова, картография және геоақпарат жөніндегі директоры Даулетбек Жанатаев.
«Жұмыс сапары аясында – геологиялық мазмұндағы карталарды әзірлеу және пайдалану бойынша бірлескен жобалар құру, жерді қашықтықтан зондтау және деректерді өңдеудің заманауи технологияларын пайдалану, жер қойнауын зерттеу картографиясы мен геология саласындағы зерттеулер, жерасты су ресурстарын зерттеу және мониторингілеудің озық технологияларымен танысып, америкалық әріптестерімізбен геология саласындағы бірлесе атқаратын жұмыс жоспарын құрдық», - деді Геология комитеті төрағасының орынбасары Қ.Тұтқышбаев.
Сондай-ақ, мамандар геологиялық индустриядағы озық әдістер мен технология мүмкіндіктерін талқылап, пайдалы қазбаларды барлау, табиғатты тұрақты пайдалану және инновациялық шешімдерді қолдану саласында тәжірибе алмасты.
«Қазақстанмен ынтымақтастық біздің геология саласындағы жаһандық өзара іс-қимылға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Біз тәжірибе мен білім алмасу екі ел үшін де өзара тиімді болатынына сенімдіміз», - деп атап өтті АҚШ Геологиялық қызметінің өкілі Ингрид Верстраетен.