Бұл мерейтойлы жылда өзім елу жылдан артық қызмет етіп келе жатқан Қазақ ұлттық университетінде жаңа ректор Ж.Қ.Түймебаевтың келуіне байланысты басқа ғылымдар сияқты гуманитарлық пәндер саласында да жағымды әрі түбегейлі өзгерістер басталғанын атап өткім келеді. Университет өзінің классикалық үлгідегі профессорларымен құнды. Олардың еңбегінің материалдық және моральдық дұрыс бағалауына үлкен мән берілді, гуманитар ғалымдары еңбектерінің жариялануына қолдау көрсетілді.
Алдымен біздің университетте министрлік бекіткен философия және басқа да әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша негізгі оқулықтардың дайындалғанына ризамын. Тәуелсіз Қазақстанның философия, мәдениеттану пәндері бойынша ғылыми-методикалық талаптарға сай, ресми мақұлданған, әмбебап, ұлттық деңгейдегі оқулықтары болу керек. «Әліппені» бірінші сынып оқушылары қалай күтетіні сияқты, бірінші курс студенттерін де танымал, оларға ұнайтын, сапалы оқулықтармен қамтамасыз етуіміз керек. Әлеуметтік желілерде кейбір ғалымдар «қазаққа инженериядан басқа гуманитар ғылымдар керегі жоқ» деп жазатынына таңғаласыз. Бұл – тар әрі сыңаржақты деңгейде ойлаудың, өркениеттілікке жете алмаудың белгісі. Дәл солай кейбір «суперисламистер» де философия керек емес дегеннен шыға алмайды. Оларға тым көп ерік беріп қойсақ, адамзаттың тамаша бөлігінің басына «қара қапшық кигізіп қоюдан» да таймайды. Соңғы он жыл көлемінде ҚР ҒЖБМ тарапынан философия мен мәдениеттанудан бірде-бір оқулық түрлі себептермен ресми бекітілген жоқ. Мысалы, әр автор кітабына рецензияны өзі қаржыландыруы керек болды. Студенттер ескі кеңестік кезең мен 90-жылдары шыққан кітаптармен шектеліп жүрді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңа басшылығы бұл мәселеге көңіл бөліп, осы бағыттағы оқулықтар мен оқу құралдарын баспаға ұсынып келеді.
Жаңа оқулықтарды дайындау жұмысына Алматыдағы «Қазақ университеті», «Раритет», «Лантар Books» баспалары айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақтану, философия, логика пәндері бойынша қалыптасқан ғылыми мектептер мен бағыттар қамтылуы тиіс. Шығармашыл топтар ұйымдастырылып, соңғы бес жыл аумағында осы пәндер бойынша оқытушылар мен ғалымдар дайындаған кітаптар мен оқулықтарды баспалар жариялап келеді.
Тағы бір жағымды жаңалық: қазақтанумен тікелей байланысты «Мәдени антропология» мамандығын ашудың маңыздылығы туралы соңғы кезде билік пен қоғамда жиі айтылып жүр. Айталық, корейтану, қытайтану, жапонтанулар бар да, неге оқу пәні мен ғылыми зерттеу орталығы ретінде ресми рәсімделген «Мәдени антропология» жоқ? Мәдени антропология (шетелдерде кең тараған пән) аясында қазақтану мәселелерін зерттеу де, оқыту да ұтымды және заман талабы. «Мәдени антропология» бағыты бойынша Қазақ ұлттық университетінде ғылыми мектеп қалыптасқан, шығармашыл топ ұйымдастырылған. Бұл бастама да университет басшылығы және факультеттер тарапынан қолдау табуда.
Менің елу жылдан артық өмірім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланысты. 1966 жылы, ол кезде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті деп аталатын, Қазақстандағы жалғыз университеттің философия бөліміне қабылданғаннан бастап, осы қара шаңырақтан кеткен емеспін. Еңбек кітапшамда елу жыл бойы тек қызмет атқаратын бір ұжымның атауы бар және философия – менің бірден-бір басты мамандығым. Жалпы, қазақстандық кәсіби философия марксистік-ленинистік философиясы негізінде ХХ ғасыр ортасында қалыптаса бастады. Берілген философиялық жүйе идеологияландырылған және догматталған сипатта болғанына қарамастан, кәсіби философияның Қазақстанда пайда болуының өзі-ақ қазақ руханилығы мен өркениеттілігінің дамуына өзіндік үлес қосып, маңызды рөл атқарды.
Кеңес Одағының саяси басшылары өзіндік мақсаттың жетегінде кеткенімен, Қазақстанға философиялық білімнің қалыптасып, ұйымдасуы үшін жеке жоғары дайындықтан өткен философтарды Ресейден жіберді. Сонымен қатар Мәскеу, Ленинград, Киев және т.б. қалалардың оқу орындарына кәсіби философиялық білім алуы үшін Қазақстан жастары да бағытталды. Кәсіби философия қалыптасу жүйесіндегі маңызды функцияны түпнұсқаға жүгініп, әлемдік философияның барша тарихымен танысуды атқарды.
Өзімді ҚазҰУ-дың философия бөлімінің студенті ретінде еске алатын болсам, әлі күнге дейін есімнен шықпайтыны – біздің оқытушылар (М.Н.Чечин, Ж.М.Әбділдин, Ә.Н.Нысанбаев, Л.К.Науменко, Г.А.Югай, А.Х.Қасымжанов және т.б.) Аристотель, Спиноза, Кант, Гегель және т.б. еңбектерінің конспектілерін талап ететіні еске түседі. Орыс тіліндегі әдебиеттерді қолға ала отырып, біз әлем философиясының мұрасына машықтана бастадық. Келесі жағдай қызықты-ақ. Болашақ философтар марксистік философия төңірегінде оның аз идеологияландырылған бөлімдеріне ерекше қызығушылық танытты: философия тарихы мәселелері мен диалектика, гносеология, жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым салаларындағы философиялық сұрақтар және т.б. Ұлттық республикаларда кеңес философиясының ойлары жөніндегі зерттеулердің дами түсуінің нәтижесінде «КСРО халықтарының философиялық тарихы» сияқты пәндердің қалыптасуына, соның негізінде қазақ руханилығының тарихына бетбұрыс күшейді.
Қазақстанның тәуелсіз ел болуы – еліміздегі философияның рөлі мен мазмұнын түбегейлі өзгертіп жіберді. 30 жылдығын енді ғана атап өткен тәуелсіз Қазақстанның философиядағы жетістігі – «Мәдени мұра» және «Жаңа 100 кітап» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және қазақ философиясын кәсіби деңгейде қайта жасап шығару. Бұл екі аумақты міндетті жүзеге асыруға Қазақ ұлттық университетінің философтары үлкен үлес қосты.
Жаһандану жағдайында алдымызда тұрған міндеттердің бірі – халқымыздың ежелгі тарихи, мәдени және рухани әлемінің терең тамырларын анықтап, оларды қопара зерттеп, философиялық тұрғыдан біртұтас жүйеленген ұлттық мұрамызды жаңғыртып жасап шығару. Қазақ халқының әлемдік өркениетке мен дегізерлік өзіндік болмысымен енуіне мүмкіндік беретін, ілгері дамуымызға тұғыр болатын ұлттық санамыздың ұстанымды ерекшеліктерін саралау өте маңызды және бұл ғасырлар тұңғиығымен тамырласып жатқан құндылықтар, яғни біздің ұлттық тұтастануымыз үшін табан тірейтін тұғырларымыз ұлттық руханиятымызды жаңа өркениеттік көзқараспен, терең біліктілікпен жан-жақты талдау.
ҚазҰУ философтары «Әлемдік философиялық мұра» сериясының 20 томын, «Қазақ халқының философиялық мұрасы» сериясының 20 томын, әл-Фараби шығармаларының 10 томын дайындауға тікелей қатысып, әлемдік және ұлттық рухани-философиялық мұраны ана тілінде насихаттауға сапалы да сүбелі үлес қосты.
Тәуелсіздік жылдарында ҚазҰУ философтары еліміздің басқа да философтарымен бірге қазақ халқының философиялық ойларын жаңғыртумен қатар, қазіргі әлем тыныс-тіршілігі мен талаптарына сай жаңа ұлттық философияны қалыптастыра алды. Бұл мәселеге тікелей көшуден бұрын, «қазақ философиясы» түсінігінің мән-мағынасын ашып алу қажет. Біздің ойымызша, осы мәселе кең мәтінінде «философия» терминінің әртүрлі ерекшеліктерінің ішінде бұл ұғымға ең жақын келетіні – философияны ұлттық мәдениеттің «тірі рухы, квинтэссенциясы» (Гегель) деп қарастыру. Сонымен қатар дамыған және өзіндік жетілген ұлттық мәдениеттің өзіндік ұлттық философиясы болады. Сол арқылы ол ең әуелі өзін, содан соң әлемге деген және өзге мәдениеттерге деген қарым-қатынасын таниды немесе ұғынады. Осы жағдайда біз қазақ, өзбек, түрік және т.б. философиясы туралы айтсақ болады.
Қазақ философиясы рухани астарлы формаларының жүйелеу принциптеріне көп тоқтамай-ақ, қазақ мәдениеті контексінде қазақ философиясының келесі типтерін атап өтуге болады: исламға дейінгі Еуразия көшпенділері философиясы, Орталық Азиядағы ислам ренессансы философиясы, Қазақ хандығы кезіндегі философия, зар заман және ағартушылық философиясы, ұлттық ояну философиясы, қазақтың марксистік философиясы, Қазақстан Республикасының философиясы (қараңыз: Қазақ халқының философиялық мұрасы. 1 т. – Астана: Аударма 2005). Анахарсистен біздің күнге дейінгі уақыт бұл түркі философиясының болмыстық кезеңі болып табылады. Бірнеше тарихи параллельдер: көне сақ ойшылы, «әлемдегі жеті данышпанның бірі» Анахарсис, өнегелік жөніндегі антикалық түсіндірмелерге күмәнданушылықпен қарай отырып, оларға көшпелілердің жоғары руханилығын қарсы қояды (қараңыз: Қазақ халқының философиялық мұрасы. – Т.1. – Астана, 2005). Орхон-Енисей жазба мұралары табғаштардан (қытайлардан) өнеге мен жүріс-тұрыс стереотиптерін алудың қауіптілігін ескертеді. Әйгілі Қорқыт атаның өзі өмірдің мәнін әрі адамзаттың мәңгі өмір сүруінің жолын іздейді. Абай атамыз адам болуға шақырады. Осы қысқаша сентенциялардың өзінен-ақ түпкілік руханилықтың этикалық бағыты анық байқалады. Қазақ философиясы басынан-ақ ислам әлемі философиясының бір бөлігі ретінде аяғынан тік тұрған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ислам дүниетанымы мен құндылықтарын зерттеген ғалымдардың қатарында М.С.Орынбеков, Б.Қ.Құдайбергенов, Н.Ж.Байтенова, А.Д.Құрманалиева, Ш.С.Рысбекова, Қ.А.Затов, Б.Қ.Бейсенов, Қ.М.Борбасованың және т.б. есімдерін атап өткен жөн.
Қазақ тіліне аударылған және түсіндірмелер берілген «Әлемдік философиялық мұра» мен қазақ философиясы кең мәтінінде орындалған зерттеулерді болашақ ұрпаққа аманат ретінде тапсырамыз. Әрине, Қазақстан философтарының, солардың арасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының алдында әлі шешімін күтіп тұрған біршама философиялық мәселелер бар. Олардың кейбіріне назар аударайық:
республикадағы философиялық еңбектерде әлі күнге дейін бұрынғы тоталитарлық идеологияның әсері орын алып келеді;
- заманауи талаптарға сай философияны қалыптастыру Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философтарының кезек күттірмейтін міндеті болып табылады;
- әлемдік тәжірибеге сай мәдениеттану мамандығын мәдени антропология бағытына ауыстыру қажет;
- қазіргі заман талаптарына сай философиялық зерттеулер орталығын ашқан жөн;
- практикалық мазмұнды философиялық арнаулы таңдау пәндерін кеңейту қажет.
Тұрсын ҒАБИТОВ, философия ғылымының докторы, профессор