Білім және индустрия: Yessenov University-де жаңа оқу зертханалары ашылды

7469
Фотосурет: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қабырғасында екі бірдей оқу зертханасы ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алғашқы «Ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу» атауы берілген зертхана «Қаражанбасмұнай» АҚ демеушілік көмегімен толықтай жабдықталып, динамикалық деректерді талдау КАППА бағдарламасы орнатылды. Бұл бағдарлама оқытудың барлық деңгейлеріндегі кәсіби пәндерді оқытуда, сондай-ақ магистрлік және докторлық диссертацияларды орындау кезінде кеңінен қолданылады.

Оқытушылық құрам да «Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік базасында бағдарламаны меңгеру бойынша біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлігін де шыңдап келді.

Ашылу салтанатына «Каражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Союнов, кадр және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі директор орынбасары Ренат Каражанов, қызметкерлерді дамыту және оқу бөлімінің басшысы Ажар Утеулиева қатысты. Сонымен қатар, университет басшылығы, Маңғыстау өңірінің мұнай-газ саласының ардагерлері де келді.

«Өзім білім алған ордаға келіп, осы оқу зертханасының ашылуына куә болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Жалғыз өңірлік ЖОО болып табылатын Есенов университетімен әлеуметтік, өндірістік қарым-қатынасты дамыта отырып, қолданбалы бірлескен қызметтер жүргізуге әрдайым дайынбыз», - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Джомартұлы.

«Қаражанбасмұнай» АҚ – Батыс Қазақстандағы Ақтау қаласынан 230 км қашықтықта Бозашы түбегінде орналасқан бірегей Қаражанбас кен орнында мұнай өндіруді жүзеге асыратын елдің стратегиялық маңызды компанияларының бірі.

«Қаражанбасмұнай» АҚ Есенов университетімен ғылыми және өндірістік саладағы қарым-қатынасты дамытуға, қолданбалы зерттеулер жүргізуде бірлескен қызметтер атқарады. Сонымен қатар, 8 білім беру бағдарламасының 26 білім алушыларын еңбек ақы төленетін тәжірибеге бағытталған оқу үрдісімен қамтиды. Әлеуметтік осал топ болып табылатын 194 білім алушыларды да «Қаражанбасмұнай» АҚ назардан тыс қалдырмай, оқу төлемін қаржыландырды.

Сонымен қатар, Erasmus+ халықаралық білім беру бағдарламасының GEOCLIC жобасының Каспий теңізі шельфін игеру кезіндегі жағалау экожүйелерінің проблемаларын және гидродинамикалық бағдарламалық қамтамасыз етуге берілген «Бағдарламалық қамту» зертханасы да ашылды.

Жоба суды тұщыландыру, мұнай-газ өндіру және теңіз экологиясы саласындағы мамандарды даярлауда оқытуды жетілдіру, жаңғырту және интернационалдандыру, жаңа геокеңістіктік технологияларды, үлкен деректер мен қашықтықтан зондтауды пайдалана отырып, қоршаған орта және мұнай-газ аймақтары саласындағы жаңа бакалавр/магистратура/докторантура деңгейлерінде нарық талаптарына және озық тәжірибеге сәйкес инновациялық үш деңгейлі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған.

Қажетті заманауи техникалық жабдықтармен қамтылған бұл оқу зертханалары Yessenov University білім алушыларының заманауи талапқа сай білім алып, ғылыми ізденістерін жүргізуге алдағы уақытта септігін тигізбек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -