Техника және қару-жарақ басқармасы – Ұлттық ұланның жауапты басқармаларының бірі. Қару-жарақ пен автобронетанкілік техника бөлімдерінен құрылған бұл басқарманың атқаратын жауапкершілігі мол. Олай болса, журналымыздың бүгінгі санында әңгімемізді техника және қару-жарақ басқармасы автобронетанкілік бөлімі автомобильді қызметінің бастығы подполковник Нұрлан Халиковпен өрбітеміз.
Нұрлан Теміржанұлы аталмыш лауазымда 2021 жылдан бері қызмет етуде. Оның айтуынша, техникалық қамтамасыз ету офицері атану – мақтаныш және мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін кішкентай болса да өзінің үлесін қосу – міндеті деп санайды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Техника және қару-жарақ басқармасының автомобильді қызметінің міндеті – әскерді техникамен және техникалық мүлікпен қамтамасыз ету, олардың ешбір ақаусыз жұмыс жасауына және істен шыққан техника мен техникалық мүлікті қалпына келтіруге, техникалық қамтамасыз ету мамандарын даярлау болып табылады.
Егер автомобильді қызметтің атқарған жұмыстарын 2022 жылдан бастап айтар болсақ, жаңадан құрылған бөлімшелерді автомобиль техникасымен жабдықтады, сонымен қатар, жауынгерлік қызметті тексеру үшін әскерлердің әскери бөлімдеріне «ВАХТА» үлгісіндегі жүк автомобилінің шассиіндегі автобустар, жүк көтергіштігі 3 тоннадан асатын жүк автомобильдері, жүк көтергіштігі 3 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері, алғашқы қызмет көрсетуге арналған автомобильдер, ППҚ-ке арналған автомобильдер, арнайы контингентті тасымалдауға арналған автомобильдер, жүктерді тасымалдауға арналған тіркемелер, автобустар, пикаптар, жеңіл автомобильдер, шағын автобустар сатып алынды. 2023 жылы қосалқы бөлшектерді сатып алуға ақшалай қаражатты 280 000 000 теңгеден 1 250 000 000 теңгеге дейін ұлғайту бойынша бюджет қорғалды. Бұл да біздің аталмыш қызметтің жемісі деп айтқан болар едім.
2014 жылдан бастап әскерлерге автомобиль техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жабдықтары мен құралдарын сатып алу үшін ақшалай қаражат бөлінбеген, алайда 2023 жылы жабдықтар мен құралдарды сатып алу үшін 55 000 000 теңгеден астам сомаға ақшалай қаражатты ұлғайту бойынша бюджет қарастырылып, қорғалды. Оны да үлкен жетістік деуге болады.
Біздің тарапымыздан техникамен жабдықтау және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген және жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің жауынгерлік дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді және біз сол мақсатта қызметімізді жалғастыра береміз, - дейді қызмет бастығы подполковник Нұрлан Халиков.
Ал қызмет бастығы Нұрлан Теміржанұлының айтуы бойынша, алда жоспар көп, атқарылатын жұмыстар да баршылық. Соның ішінде мамандарды арнайы даярлау деңгейін арттыру, (бірінші кезекте Ұлттық ұлан академиясының автокөлік жүргізушілерінің түлектері), әскерлерді автомобиль техникасымен жабдықтауға барынша күш салу, сонымен қатар автомобиль техникасын пайдалану және жөндеу бойынша озық тәжірибені зерделеу және талдау арқылы қызметті дамыту екенін айтып өтті.
Ұлттық ұлан сапында Бас қолбасшылықтың жауапты қызметінің бірін арқалап жүрген кейіпкеріміздің өмірбаянына да тоқталып өткеніміз жөн болар. Подполковник Нұрлан Халиков 1980 жылы 19 тамызда Павлодар облысы, Железең ауданы, Аллакөл ауылында агрономшылар отбасында дүниеге келген. Ол 1986 жылы Аллакөл ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Әріпті танытып, сауатын ашқан алғашқы ұстазы Байжанова Мадина Ысқаққызы оның әлі есінде. Нұрлан Теміржанұлы 1995 жылы 9 сыныпты бітірген соң, ата-анасының жолын қуып, «агроном-экономист» мамандығы бойынша Павлодар қаласындағы аграрлық-техникалық колледжіне оқуға түсіп, оқу орнын 1999 жылы аяқтап шықты.
Ер-азаматтың міндеті – Отанға қызмет ету болғандықтан, Нұрлан Теміржанұлы әскерге барып, борышын өтеуді жөн деп санайды. Сөйтіп, ол сол кездегі 1999 жылы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның сержанттар мен кіші мамандарды оқытатын 6654 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке қабылданады. Қызметін аталмыш әскери бөлімнің автомобиль ротасында атқарып, 2001 жылы старшина әскери шенімен азаматтық борышын ойдағыдай аяқтап шығады.
– Мерзімді әскери қызметті аяқтауға бір ай шамасында 6654 әскери бөлім штабының бастығы қызметін атқарған подполковник Ақзам Жанболатов маған келісім-шарт бойынша әскери қызметімді жалғастырып және ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Петропавл Жоғары әскери институтына оқуға түсуге кеңес берді. Бірақ, әскери адам болу жоспарымда болмағандықтан, ол ұсыныстан бас тартқан болатынмын. Себебі, мен туған жерім Павлодар қаласына оралып, мамандығым бойынша жұмыс істегім келді. Азаматтық борышымды аяқтап, отбасыма, туған-туыстарымның ортасына оралып, бір ай демалғаннан кейін әскерге бойым үйренісіп қалғаны соншалық әскери өмірді сағына бастадым. Иә, расымен де қызық...
Сонымен, бір күні кездейсоқ 6654 әскери бөлімі батальон командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары қызметін атқарған капитан Асылхан Шадиевті кездестіріп қалдым. Ол Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары лауазымына ауысқан екен. Мені келісімшарт бойынша автотехникалық взводтың көлік бөлімінің командирі лауазымы бойынша қызметке тұруға ұсыныс тастады. Мен де көп ойланбастан Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге бел будым. Сөйтіп, 2001 жылы мен әскер қатарына келдім. Қызмет ете жүріп, жоғары оқу орнына түсуді көздеп, Павлодар қаласындағы «Қайнар» университетіне сырттай бөліміне оқуға түсіп, оны 2005 жылы аяқтадым. Қызметке қабылданған 2003 жылы «прапорщик» әскери атағы берілді. 2005 жылы 5512 әскери бөлімінің автотехникалық взводының взвод командирі офицерлік лауазымына тағайындалып, бір жылдан соң, яғни 2006 жылы алғашқы офицерлік «лейтенант» әскери атағы берілді. Осылайша, менің әскердегі өмірім өтіп жатты. 2007 жылы 5512 әскери бөлімі әскери техниканы қаруландырудың жылдық техникалық тексерісінен «өте жақсы» бағаланып, мені сол әскери бөлімнің автобронетанкілік техникалық қызметтің бастығы лауазымына тағайындады. Ал 2009 жылы Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің автобронетанкілік қызметінің бастығы лауазымында да қызмет еттім және ол әскери бөлімнің автоқызметінің алға жылжып, дамуына өзімнің үлесімді қостым деп санаймын. Одан кейін 2011 жылы 5512 әскери бөлімі командирінің орынбасары (техника және қару-жарақ бойынша) лауазымына тағайындалып, жинақталған қызметтік тәжірибемді жас әскери қызметшілерге үйреттім. Маған жүктелген қандай да бір лауазымдарды мен атқарған қызметімнің жемісі және маған сеніп тапсырылған жауапкершілік деп қабылдаймын.
Мен қызмет ете жүріп, үнемі білімімді шыңдауға тырысатынмын. Сол мақсатпен 2012 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Фрунзе атындағы Жалпы Әскери академиясының «дивизия командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары» мамандығының тыңдаушысы бола жүріп, С. Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінің машина жасау факультетінің «автомобильдер мен автомобиль шаруашылығын пайдалану жөніндегі инженер» мамандығы бойынша сырттай бөлімінде білім алдым және ол оқу орнын 2014 жылы аяқтадым, – дейді подполковник Нұрлан Халиков.
Нұрлан Теміржанұлы, сонымен қатар, әскери қызмет жолында «Шығыс» ӨңҚ қызмет (автомобиль) бастығы, 6679 әскери бөлімі (техника және қару-жарақ бойынша) командирінің орынбасары лауазымдарында да өзін жақсы қырынан танытқан. Подполковник Н. Халиков 2016 жылы Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде «Әскери істегі логистика» мамандығы бойынша білім алады. Ал 2018 жылы 6654 әскери бөлімі командирінің орынбасары (техника және қару-жарақ бойынша) лауазымына тағайындалды. Қаракемер кентінде бір жылға жуық қызмет етіп, 2019 жылы «Оңтүстік» ӨңҚ техника және қару-жарақ басқармасының бастығы лауазымында да қызмет атқарып, өзіне тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, 5572 әскери бөлімінің (техника және қару-жарақ бойынша) командирі орынбасары лауазымында еңбек етті. Сөйтіп, 2021 жылы ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы техника және қару-жарақ басқармасының автобронетанкілік техника бөлімінің (автомобиль) қызмет бастығы лауазымына тағайындалды және осы уақытқа дейін ол қызметті абыроймен өтеуде.
Кейіпкеріміз жұбайы Айнұр Халиковамен екі баланы тәрбиелеп отыр. Айнұр Нұралдынқызы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тумасы және Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін бітірген, қазіргі уақытта салық қызметі органдарында жұмыс істейді. Тұңғыш баласы Сұлтан 2010 жылы туылған, қазіргі уақытта мектептің 7 сынып оқушысы және ол футбол ойнағанды ұнатады екен, ал 2019 жылы туған екінші баласы Әмір жүзумен және бокспен айналысқанды жаны сүйеді.
Нұрлан Теміржанұлының әкесі Теміржан Ысқақұлы 1946 жылы РСФСР Новосібір облысы Чанов ауданы Мәметкина ауылында дүниеге келген. Бірақ 1956 жылы отбасымен бірге ҚазССР Павлодар облысы Железный ауданы Камаровка ауылына көшіп келген. Теміржан Ысқақұлы 1971 жылы Алматы қаласының ауыл шаруашылығы институтын «агроном» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Павлодар облысының әртүрлі совхоздарында жұмыс істеген. Совхоз директорының орынбасары, бас агроном лауазымында да еңбек етіп, ұрпағына ұлағатты тәрбие берген. Ал анасы Халикова Райхан Сыдыққызы 1950 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келген, 1973 жылы Алматы қаласының ауыл шаруашылығы институтын «агроном» мамандығы бойынша бітірген, өсімдік шаруашылығымен байланысты лауазымдарда жұмыс істеген, еңбек жолын республикалық әдістемелік орталықта фитопатолог лауазымында аяқтаған. Ал бауыры Халиков Ерлан Теміржанұлы 1973 жылы туған, кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Алматы қаласында тұрады, отбасылы, екі бала тәрбиелеп отыр.
Нұрлан Теміржанұлының техникаға деген қызығушылығын әкесі Теміржан Ысқақұлы оятты. Әкесі агроном болғандықтан, егін егу, егістік және егін жинау сияқты жұмыстарды ұйымдастырып, бақылауда ұстаған. Кейіпкеріміз де әкесімен бірге жұмысқа араласып, техниканың қалай жұмыс жасайтынын және оның қызметі қандай деген сұрақтарына жауаптар алған. Тіпті, 8 жасында Нұрлан Теміржанұлына әкесі УАЗ көлігін жүргізуді үйреткен. Оқушылардың ең бақытты жазғы үш айлық демалысында әкесімен бірге егістік алқабына келіп, табиғат аясында тамақтанып, техниканы қызықтап, бақытты сәттерін өткізгені туралы жылулықпен есіне алады. Тіпті өзінің алғашқы мамандығы «агроном-экономист» мамандығы бойынша емес, Ұлттық ұланның Отан қорғау жолында қызмет етуіне әкесінің үлесі бар екенін айтып отыр. Осы орайда, дана қазақ халқының «жақсы әкенің даналығы – балаға мың жылдық азық» деген ұлағатты сөзі ойға түседі. Шынымен де, әкенің жанында өскен ер бала өзіне титтей де болса сабақ алып, соны өмірлік қызметіне, қағидасына айналдыратыны сөзсіз.
Нұрлан Теміржанұлын нағыз ер-азаматқа лайық қылығы бар, артық сөзі мен ісі жоқ офицер ретінде таныдым. Әскерден келгеннен кейін өмірін осы Отан қорғау жолына арнаған офицер өзінің мамандығымен мақтанатынын, өз жолын әскерден тапқанына еш өкініші жоқ екенін айтып өтті. Олай болса, алдағы қызметіңізге жеміс тілейміз және бұдан да биік белестерден көріне беріңіз деген тілек білдіреміз.
Лейтенант
Құралай ЖҰМАҚЫЗЫ