Елордада «EŃBEGІ JANǴAN ARÝLAR» атты жұмысшы әйелдер конференциясы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны қалалық әкімдік жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен Астанадағы Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстандағы жұмысшы мамандықта еңбек етіп жүрген әйелдердің еңбегін елеу, олардың қоғам мен экономиканың дамуына қосқан үлесін көрсету.
Конференцияның міндетіне жұмысшы мамандықта еңбек етіп жүрген әйелдердің мәртебесін көтеру, әйелдер көшбасшылығын нығайту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін астаналық әйелдер қауымын біріктіру, әлеуметтік осал санаттағы әйелдерді қолдау кіреді.
Іс-шарада нақты секторда жұмыс істейтін әйелдерге ерекше назар аударылды. Салтанатты жағдайда өз саласының кәсіби мамандары елорданың дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің алғыс хатымен марапатталды.
Аспазшы, жәшік құрастырушы, тігінші, химиялық тазалау технологы, кітап түптеуші, гүл өсіруші, тазалаушы, күтуші, сатушы, мұғалімнің көмекшісі, күзетші сияқты мамандықтардың өкілдері марапатталды.
«EŃBEGІ JANǴAN ARÝLAR» конференциясы Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтті.