Қырағы жауынгерлердің жауапты міндеті

4752
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның Петропавл қаласында орналасқан 6637 әскери бөлімінің 2 атқыштар ротасы түзеу мекемесін күзетеді. Биыл олар төтенше жағдайда қызмет атқаруға мәжбүр. Өйткені көктем мезгілі Солтүстік Қазақстан облысы үшін жайсыз болып тұр. Су тасқыны салдарынан тұрғындардың үйлерін су басты. Табиғи апат ұландықтар қарауыл қызметін атқаратын Заречный кентіндегі № 48 түзеу мекемесін де айналып өтпеді. Қылмыстық-атқару жүйесін толықтай су басып қалған.

Су басу қаупі мүмкін деген болжам айтылған сәттен-ақ Ұлттық ұланның айдауылдау қызметі түзеу мекемесіндегі 750 сотталған адамды қаладағы әйелдерге арналған № 50 түзеу мекемесіне ауыстырды. Ал әйелдерді Қарағанды облысына көшірді. Жаңа мекемеде Ұлттық ұлан жауынгерлері бәрін жаңадан жасақтап, қызмет барысын бір жолға қойып алды. Осындай істердің басы-қасында қарауыл бастығы старшина Жанат Шопанов секілді азаматтар тынымсыз еңбек етіп жүр.

"Су тасқынына байланысты түзеу мекемелерін эвакуациялау алғаш рет біздің өңірде жүргізілді. Жалпы еліміз бойынша Ұлттық ұланның 400 жауынгері 1700-ден астам сотталғанды су басқан аймақтан елдің басқа мекемелеріне көшірді. Тасымалдау үшін арнайы автомобильдер мен теміржол вагондары пайдаланылды"  Старшина Жанат Шопанов

Старшина Жанат Даукенұлы осы әскери бөлімге 2013 жылы келген. Содан бері бүгінге дейін әртүрлі лауазымдарды атқарған. Бөлімше командирі, взвод сержанты, қарауыл бастығының көмекшісі және қарауыл бастығы секілді сатылардан өткен.

"Біздің қызметіміздің қоғамға пайдасы зор. Түрмеде адам өлтірген, кісі зорлаған, ұрлықпен шұғылданғандар және нашақорлар отыруы мүмкін. Егер бұл адамдар түзеу мекемесінен қашып кетсе қоғамдағы кез келген адамның өміріне қауіп төнуі ықтималы. Ал осындай қауіптердің алдын алу Ұлттық ұланның қырағы ұлдарына жүктелген" Старшина Жанат Шопанов

Оның айтуынша, қарауыл қызметіне түсетін жауынгерлер оқу пунктінде жүрген кезінен бастап іріктеледі. Әскерге енді ғана келген сарбаздармен бөлім командирлері, психологтар әңгімелеседі. Соңында іріктелген үздік срабаздар әскери бөлімнің атқыштар ротасына қосылады. Мұндағы төрт взвод кезекшілікпен қызмет атқарады.

Көкшетаудан келген қатардағы жауынгер Жасқанат Қайыр әскерге келгелі бері қарауыл қызметін атқаратын топтың арасында қызмет етеді. Оның міндетіне ауысымға түскен сарбаздардың ас-ауқатын әзірлеу жатады. Олар қазіргі сәтте қызмет орынын ауыстырғандықтан әзірге тамақ полктен жеткізіліп отырады.

"Дәл қазіргі кезде әскери бөлімнен жеткізілетін тағамдарды әскери қызметшілерге дайындап беремін. Заречный кентіндегі қызмет барысында тамақты өзім пісіретін едім. Көбіне ас мәзіріндегі тағамдар жыл мезгілдеріне сай нормаға байланысты өзгеріп отырады. Өз басым азаматтық ортада да аспазшы болып жұмыс істедім. Негізі бағдарламашы мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ бұл салада еңбек етудің сәті түспеді. Тағам әзірлей алатын қабілетім осы кәсіпті қолға алуға түрткі болды. Менің ойымша, Отан қорғау деген - әр ер азаматтың борышы. Сол міндетті атқару үшін әскерге келген едім. Тоғыз ай зу етіп өте шықты. Бірнеше айдан кейін үйіме ораламын" Сарбаз Жасқанат Қайыр

Қарауыл қызметінде бір жылға жуық абыройлы қызмет атқарып жүрген тағы бір сарбаздың аты-жөні — Фархат Тұрсынбек. Ол құқықтық тәртіп әскеріне Түркістан қаласынан келіп қосылған.

- Бекетте тұрған кезде сотталушылардың қашып кетпеуін қадағалаймыз. Бұл қызметке алғаш түскенімде де қорқыныш, үрей деген сезімдер болған жоқ. Әскери өмірге аз уақытта үйреніп кеттік. Осында келгеніме, түзеу мекемлерінде қызмет еткеніме көңілім толады. Азаматтық ортаға оралған соң айналамдағы достарыма және бауырларыма әскерге баруды үгіттеймін. Отан алдында қызмет атқару қашанда маңызды міндет" Қатардағы Фархат Тұрсынбек

Бұл ұландық жауынгерлер атқаратын ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Біз бүгін 2 атқыштар ротасының әскери қызметшілері жайлы сөз еттік. Қарауыл қызметінің ісі мен сөзіне берік қырағы жауынгерлері жауапты міндетін мінсіз атқаруды жалғастыра береді.

Қатардағы Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Астана-Петропавл-Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -