Аягөз ауданының білім бөліміне қарасты мектептерден 250-ге жуық 10-сынып оқушылары 5 күндік далалық жиынға қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Олар бұл жиыннан мол сабақ алып, мамандық таңдау маңызды іс екенін ұғынды.

Аталмыш дала жиыны аудандық білім бөлімінің және қорғаныстар істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің ұйымдастыруларымен Аягөз қаласындағы әскери бөлімдерде өткізілді. Бес күндік жиынның негізгі мақсаты – Қарулы Күштердің мәртебесін арттыру, оқушыларды Отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.

Шара барысында оқушылар гарнизонындағы 10810, 10181, 97616 және әскери полиция бөлімдерінде болып, әскери казармалар мен асхананы, қару-жарақ түрлері мен жас сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты.

Сонымен қатар оқушылар спорттық жарыстарға да қатысты. Атап айтсақ, белтемірге тартылу, 100 және 1000 метрге жүгіру, Ак-74 автоматын шашып-жинау сынды бірқатар сынақтар тапсырды. Бұл сайыстарда жоғарғы көрсеткіш көрсеткен оқушылар әскери бөлімдердің мақтау қағаздарымен марапатталды.

Оқу жаттығығу жиынының жастарға берер тағылымы мол. Бұл шара ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ел үшін аянбай қызмет етуге баулиды. Осы іс – шараны өткізуге ат салысқан Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдерінің басшыларына және әскери қызметшілеріне айтар алғысымыз шексіз, - деді аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәкен Қыржыбаев.