Халық даналығында «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөз бекер айтылмаса керек. Расында өмірлік өз орныңа айналатын, жаныңа ыстық жандар бас қосатын, бақыттың мекені - ол сенің отбасың, кішігірім отаның. Сырттан жабырқап келгенде, жаның жай табатын бұл мекен қашанда кез-келген адам үшін ыстық. Бала кезден бастап саған жақсылықты, мейірім мен адалдықты, жанашырлық пен бауырмашылдықты үйрететін өнегелі орта да осы.
Бұл қасиетті де, құнды мекенді үлгілі қызметімен бірдей бағалап, қадірлеп, мерейін асырып көпке көз тартар үлгі көрсетіп жүрген әскери қызметшілеріміз көп-ақ. Бүгін 15 мамыр халықаралық отбасы күні мерекесіне орай 6698 әскери бөлімінің 4 атқыштар ротасындағы озат жауынгер, өнегелі отбасының отағасы аға сержант Еркінов Бауыржан Әбдірахымұлы жайлы жазбақпыз.
Оңтүстіктің саялы Сарыағаш қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген Бауыржанның өзінен үлкен екі ағасы, екі әпкесі бар. «Кәсібі бардың – нәсібі бар» деген ата-анасы балаларының бәріне жоғары білім беріп, бір-бір кәсіптің иесі етті. Бүгінде өзінен үлкен аға әпкелерінің ізін басып өскен Бауыржан да білімсіз болмады. 11 сыныпты аяқтай салысымен әскерге аттанды. Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінде мерзімдік қызметін атқарып келді. Бір жыл ішінде әскери қызметтің қыр сырына қанық болған ол уақыт созбай, Шымкент қаласындағы 6698 әскери бөліміне келісімшарт бойынша қызметке орналасты. Алғашқы әскери қызметін қарапайым бақылаушы болып бастап, қазіргі таңда 4 атқыштар ротасында взвод сержанты-жауынгерлік даярлық жөніндегі нұсқаушы лауазымын атқарып жүр.
«Менің жас жауынгерлерді тәрбиелеуде қызметімдегі нағыз көмекшілерім сержанттарым. Олардың ішінде аға сержант Еркінов Бауыржанның орны бөлек. 8 жылдан аса тәжірибесі бар сержантыма үйреткенімнен, үйренгенім көп екені рас. Әсіресе, жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеуде, еркін өскен ерке баланы, тәртіпке саналы түрде бағындырып, бұйрықты бұлжытпай орындайтын, батыл, қырағы жауынгер етіп тәрбиелеуде үлкен үлесін қосатын сержанттарымның бірі. Сарбаздардың ғана емес ротамыздағы әріптестеріміздің бәріне қолынан келген көмегін аямай жүретін көпшіл жан. Ортамызда қызметімен ғана емес, өнегелі отбасымен де үлгі боп жүрген сержантыммен мақтанамын»,- дейді рота командирінің орынбасары капитан Қуаныш Тәжібаев.
Бауыржанның жары – Айдын химия пәнінің мұғалімі. Бүгінде бала күтімімен демалыста жүрген Айдын да Бауыржанның жауапкершілігі жоғары қызметіне үнемі қолдау көрсетіп отырады. Әскери бөлімде өтетін көпшілік іс-шараларға белсене арласып, жолдасының мерейін асқақтатып жүреді. «Мен үшін басты құндылық отбасымның амандығы. Балаларым әкелерін асыға күтіп отырады. Бауыржан қолы қалт етсе, бәрімізге мереке сыйлайды. Ойламаған жерден тосынсый, көңілді ойындар шығарады, Ленгер қаласы табиғаты керемет өлке, ең жақсы көретініміз - қызметтегі жолдастарымызбен табиғатқа шығу. Бала-шағамызбен көңіл көтеріп, мәре-сәре боламыз. Біз Бауыржанның қызметтес достарының отбасыларымен де өте жақын араласамыз, бір-бірімізге қажет жерде көмегімізді, қолдауымызды аямаймыз»,- дейді жары Айдын.
«Мен әскери қызметші боламын деп мүлде ойламағанмын. Әскерден оралған соң, қызметімді келісімшарт бойынша жалғастыру үшін көп ойланбадым. Ата-анамның отбасында берген тәрбиесі сол ешқашан ешкімнің ала жібін аттамау, қандай қызмет атқарсаң да адал бол, ең бастысы адамдық қасиетіңді жоғалтпа, деген сөздері. Отанымды қорғағаным, отбасымды қорғағаным. Екеуімен мақтанамын, екеуін де бәрінен биік көрем. Сондықтан екеуінің тыныштығы мен бақыты үшін барымды салып қызмет етемін», – деп ағынан жарылды аға сержант Еркінов Бауыржан.
Капитан Малика Шынжігітова, Шымкент қаласы