Орталық Азияның экономикалық интеграциясының жолдары

2937
Фотосурет: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқық –аймақтық экономикалық интеграцияның негізі ретінде» тақырыбында II Орталық Азия халықаралық құқықтық форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  және О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университеті бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға белгілі сарапшылар, ғалымдар мен практиктер, оқытушылар мен студенттер қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Форумның мақсаты – біртұтас еуразиялық кеңістікті қалыптастыру бойынша өзекті мәселелерді талқылау және түйткілді шешу үшін Қазақстанның жетекші ғалымдары мен шетел заңгерлері, саясаттанушылары, философтар мен экономистердің күш-жігерін біріктіру.

Іс-шараның ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев форум Орталық Азия елдерінде құқықтық қызметтерді көрсету саласындағы интеграция мен өзара іс-қимылды заңнамалық реттеудің өзекті мәселелерін талқылау үшін сарапшылардың, ғалымдар мен практиктердің күш-жігерін біріктіруге бағытталғанын атап өтті.

«Құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекеттің маңызды міндеті – қазіргі көпполярлы әлемде адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, кепілдік беру және қорғау. Осы аса маңызды міндетті шешуге 2022 жылғы Қазақстандағы конституциялық реформа және осы саладағы конституциялық-құқықтық заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталды. Бүгінгі форумдағы пікірсайыс мемлекеттік құрылыстың өзекті мәселелерін шешуге елеулі үлес қосады» Жансейіт Түймебаев

Сондай-ақ онлайн форматта  О.Е.Кутафин атындағы университеттің (МГЮА) ректоры Виктор Блажеев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов (онлайн) және т.б. сөз сөйледі. Игорь Роговтың айтуынша, «экономикалық интеграция жағдайында көрші елдердің заңнамасы мен практикасы ерекше қызығушылық тудырады». Бұл экономикалық дамудың сәтті үлгілерін, бизнес инновацияларын және өз елінде бейімделуге, қолдануға болатын басқа да пайдалы аспектілерді анықтауға көмек береді. Түрлі елдердің заңнамасын зерделеу ынтымақтастыққа  жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін, соның ішінде бірлескен жобалар, тәжірибе  мен технологиялар алмасу және экономикалық қатынастарды нығайтуға жол ашылады.

Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін форум жұмысы тоғыз панельдік секция аясында жалғасты. Екікүндік форумға қатысушылар тақырыптық баяндамалар жасады, онда әркім өз көзқарасын білдіріп, пікір алмасты. Шара аяқталғаннан соң, қонақтар Алматы қаласының көрікті жерлерін аралап қайтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -