Үш дүркін Қазақстан чемпионы

5148
Фотосурет: «Шығыс» ӨңҚ баспасөз қызметі

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінде Отан алдындағы  борышын  өтеуге кіріскен  Алдияр Тоқанов спортсүйер қауымға етене таныс, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ол еркін күрестен 2019 жылы Қызылорда қаласында, 2020 және 2024 жылдары Қарағанды қаласында өткен республикалық турнирлерде жеңімпаз атанған. Ұлттық ұлан сапына Абай облысы Бесқарағай ауданынан шақырылған спортшы үшін жауынгерлік өмірдің маңызы бөлек.

– Мен алты жасымнан бастап  күреспен шұғылданамын. Әскерге дейін сан түрлі дүбірлі додаларда топ жардым. Семей қаласында есімі елге әйгілі балуандар Айбек Нұғымаров және Мұхит Тұрсыновпен бірге жаттықтым. Болашақта олимпиада чемпионы атанып, көк байрақты биік тұғырдан желбіреткім келеді. Алайда, Отан алдындағы борышымды әманда естен шығармаған жөн. Сондықтан Павлодар қаласындағы әскери бөлімде абыройлы қызмет еткім келеді, - дейді қатардағы жауынгер.

Мерзімді әскери қызметші Абай облысы Бесқарағай ауданы Өндіріс ауылында туған. Өткен жылы өңірдегі жалпы білім беретін мектепті тәмамдаған ол Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнының бірінші курсын аяқтаған соң  академиялық демалыс алып, қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтеуде. Мерзімді әскери қызметші жайында  қаруластары да жағымды пікірде.

– Алдиярдың қаруластарына деген құшағы әрдайым ашық. Жайсаң жігіттің спорттан бөлек, шығармашылық қабілеттеріне куә болдық. Қатарластарына қол ұшын беріп,  білгенін үйрететін шымыр білектімен бірге әскерде жүру мен үшін мақтаныш. Алдияр күрестен бөлек, волейбол спортында шебер ойнайды. Сондай-ақ  еліміздің әр қиырынан келген жас толым енді танысып жатсақ та, баршамызға бауырмал һәм жанашыр. Аз уақыттың ішінде арамыздағы белсенді жанға айналып үлгерді. Бұл жауынгердің көшбасшылық қасиетінің бар екендігін айқындаса керек. Мен Алдиярдың әскери қызметті  абыроймен атқарып, отбасына аман-есен оралуына тілекшімін, - дейді қатардағы жауынгер  Диас Рақымбек.

97 келі салмақ дәрежесінде белдесетін балуан қазіргі таңда жас жауынгер курсынан өтіп жатыр. Аталмыш курс аяқталған соң мерзімді әскери қызметші салтанатты түрде әскери ант қабылдайтын болады. Айта кетейік, әскери бөлімде борышын өтейтін сарбаздар жауынгерлік міндеттерін Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінде атқарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -