Астанада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. Дүбірлі доданың салтанатты жабылу рәсімі этноауылда өтті.
8-13 қыркүйек аралығында өткен көшпенділер ойындарына 89 мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Соңғы жарыс күнінде ұлттық құрама спортшылары 11 алтын, 9 күміс, 9 қола жүлде жеңіп алды.Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Өзге ел спортшыларынан көш ілгері шықты.
- Қазақстан – 44 алтын, 33 күміс, 37 қола
- Қырғызстан – 18 алтын, 21 күміс, 25 қола
- Өзбекстан – 11 алтын, 12 күміс, 11 қола
Көшпенділер ойындарының жабылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысып, сөз сөйледі. Е.Мырзабосынов байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпелілер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш. Ойындарда 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар. Дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттің қатысуы, 30-дан астам елдің жүлдегерлер қатарынан көрінуі – дүниежүзінде көшпелілер ойындарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Келесі, 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Көшпелілер Олимпиадасының беделі биіктей берсін!», - деді Ербол Мырзабосынов.
Жабылу салтанатының соңында ойындардың ресми нышаны саналған торсық келесі ойындарды қабылдайтын Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табыс етілді.
Айтып өту керек, халықаралық маңызды шараның қауіпсіздігін құқық қорғау органдарымен қатар, Ұлттық ұлан жауынгерлері де қамтамасыз етті. 5573, 5451, 5510 және 5512 әскери бөлімдерінен жалпы саны 2 мыңға тарта жауынгерлер мен арнайы мақсат әскери қызметшілері тартылды. Олар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені, «Думан» кешені іспетті нысандарда қызмет атқарды. Сондай-ақ, арнайы трассада тұрды. 344 маршрут бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет жүргізілді. 13 автопатруль кезекшілікке түсті. Жалпы саны 97 жауынгерлік тапсырма орындалды, олардың ішінде 46-cы патрулді-постты қыз-
мет болса, 51-і Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қатысушыларды қорғау болып табылады. 556 құқық бұзушы құзырлы мекемелерге жеткізілді. Оның ішінде қылмыс жасаған 6 дерек бар. Қарағанды, Көкшетау, Павлодар қалаларынан келген ұландықтар 26 мәрте қырағылық танытты. Елордаға келген ұландықтар жоғалған балалар мен тұрғындардың материалды заттарын тауып, көзге түсті.
«Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша жарыстар, сондай-ақ ат жарыстары өтті. Ж. Үшкемпіров адындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында ұлттық күрес түрлері, жекпе-жек түрлері және халық ойындары бойынша жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар өткізілді.
«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасты. Оңтүстік-батыс жағынан «Қазанат» ипподромының Оңтүстік-батыс жағынан іргелес 10 га аумақта орналасқан «Көшпенділер әлемі» этноауылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасын іске асырудың басты алаңына айналды. Сондай-ақ мәдени бағдарлама шеңберіндегі іс-шаралар Астана қаласының түрлі алаңдарында (алаңдар, саябақтар, скверлер, басқа да қоғамдық кеңістіктер, театрлар, концерт залдары, кинотеатрлар, мұражайлар, көрме павильондары және т.б.). қосымша өткеніне көз жеткіздік. Осы шаралардың басқасында біздің ұландық жауынгерлер жүрді. Солардың бірі қатардағы жауынгер Есен Мұхаметжат. Ол елордалық құрамада Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
– Менің Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүргеніме жарты жылдан асты. Біздің құрама өте ерекше құрама, өйткені елордадағы барлық жауапты шараларда біздің әскери бөлім қатысады. Осыған дейін Шанхай Ынтамақтастық Ұйымы мүшелері басшыларының Саммитінде қызмет атқарсақ, енді міне Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел игілігіне арналған қызметімізді жалғастырдық. Маған мұндағы атмосфера қатты ұнайды. Жәй күндегіндей емес, нағыз халықаралық шара болғандықтан жауапкершілікті шынайы сезінесің. Әсіресе, шетелдік қонақтар бірдеңе сұрағанда өз ойымызды айтамыз. Біздің жүріс-тұрысымызды әр өңірден, қала берді, шет елдерден келген қонақтар бақылайды. Біз тек Ұлттық ұлан немесе әскердің келбеті емес, қала берді бүкіл елдің келбеті іспетті өзімізді сезінеміз. Бізге қарап барлығы еліміз жайлы, ел жастары жайлы пікір қалыптастырады, - дейді жас сарбаз.
Есеннің қарулас достары да осы пікірде. Олардың айтуынша, әскери қызметші әрқашан көзге көрінетінін есте ұстаған жөн. Оның киімдері қаншалықты ұқыпты үтіктелгенін, аяқ киімдері тазаланғанын, шаштары қырқылғанын оның командирлері ғана емес, сонымен қатар сіз қызметтік міндеттерді атқаратын бейбіт тұрғындар да мұқият қадағалайды деген ойға саяды. «Қоқыс және қалдықтарды қоқыс жәшігіне тастау керек», - дейді олар. Егер ол жақын жерде болмаса, қоқысты өзіңізбен бірге алып, қоқыс жәшігі көзге түскенше күткен дұрыс. Жеке тұлға мәдениетінің маңызды элементі әскери қызметшінің сөйлеу мәдениеті. Дөрекі сөздерді қолдану, ең алдымен, шектеулі, дамымаған, мәдениетсіздіктің айқын көрінісі. Сондықтан ұландықтар баршаға үлгі болғылары келеді.
– Балалар мен қарттарға ерекше назар аудару керек. Қарт адамға көшеден өтуге көмектесу, баланы көшедегі ойланбаған әрекеттен аулақ ұстау – бұл тәрбиелі адамның табиғи мінез-құлқының элементтері, - дейді капитан Әкімбек Баймырзаев.
Офицердің айтуынша, патрульдік-посттық жасақтар өздерінің бағыттарында, бекеттерінде, оларға іргелес аумақтарда қоғамдық тәртіпті қорғауды және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, азаматтардың көшелерде, алаңдарда, саябақтарда, вокзалдарда, әуежайларда және басқа да қоғамдық орындарда заңдар мен белгіленген тәртіп ережелерін сақтауы, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөнінде уақтылы шаралар қабылдайды.
Көрермендердің бірі қостанайлық Марғұлан Оспанов Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметін сырттай бақылап, жоғары бағасын берді. Біз Астана мейманың сөзге тартқанда былай деп пікір бөлісті.
– Ұлттық ұлан жауынгерлерін көріп іштей риза болдым. Өйткені, олар ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүр. Әскери киімдері тартымды, жүрістері тік, көздері жалын мен жауынгерлік рухқа толы. Осы жас балалар бүгін өздерінің әскери борышын атқарып жүр. Ертең елдеріне барғанда да нағыз азамат болып қалатынына сенім мол. Өйткені, осы жерде алған тәрбиелері өмір-бақи өздерімен қалады. Астанаға келіп, осындай жастарымыз әскерде жүргенін мақтан тұтамын, - деді ол.
Осылайша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Ел тарихына қатысты маңызды шараның ортасында болған ұландықтарға айтар алғысымыз мол.
Алғыс демекші, қызмет барысында өздерін үздік қырынан көрсеткен әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынба-
сары – Ұлттық ұлттық Бас қолбасшысының құқығымен марапатқа ие болды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде ешқандай оқыс оқиға орын алған жоқ.
Дайындаған Дарын Берікжанұлы