Мемлекеттік қызмет кезінде құжаттарды заңсыз талап еткені үшін шенеунік жұмыстан босатылды

7403
Фотосурет: Depositphotos

Қосшы қаласында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде лауазымды тұлға заңсыз құжат талап еткен, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру» қызметін көрсету кезінде лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері туралы шағым түсті.

Шағымды қарау барысында Қосшы қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі қызмет алушыдан пәтерді жекешелендіру үшін азаматшаның осыған дейін некеде тұрмағанын растайтын анықтама сұратқаны анықталды.

Өтініш беруші бірнеше мекемелерге, нотариустарға аталған анықтаманы алу үшін жүгінген, алайда ол ұйымдар қызмет алушыға ондай құжат түрі заңнамамен көзделмегенін түсіндірген.

Дегенмен, бөлім басшысы қызмет алушыға оның некеде тұрмағандығын растайтын құжаттарды тапсырмағанша, пәтерді жекешелендіру туралы жарт жасаспайтынын білдірген.

Әуре-сарсаңға түскен қызмет алушы бөлім басшысының әрекеттеріне қатысты шағыммен Департаментке жүгінуге мәжбүр болған.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 14-бабына сәйкес әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады.

Департаментпен бөлім басшысының қызмет алушыдан заңмен белгіленбеген құжатты талап етуі қолданыстағы мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына қайшы деп танылып, Қосшы қаласының әкіміне өтініш иесінің құқықтарын қалпына келтіру және анықталған бұзушылықтарды жою туралы шешім енгізілді.

Нәтижесінде, қызмет алушымен пәтерді жекешелендіру туралы шарт жасалып, бөлім басшысы өз еркімен лауазымынан босатылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -