Алматыда алғаш рет Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында митралды клапанды эндоваскулярлық клиптеу бойынша операция жасалды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматы қаласында алғаш рет Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында MitraClip жүйесінің көмегімен митралды клапанды эндоваскулярлық клиптеу бойынша 72 жасар пациентке миниинвазивті рентгеноперациясы жасалды. Операция Цюрихтен келген (Швейцария) профессор Maurizio Taramasso басшылығымен және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының (Астана) интервенциялық кардиологы, м.ғ.д. Марат Ариповпен бірлесіп жүргізілді.
Пациент ұзақ жылдар бойы 200/100 мм сын.бағ.дейін жоғары қан қысымынан, митралдық жетіспеушіліктен, жүрекше фибрилляциясынан зардап шеккен. 2 жыл бұрын миокард инфарктына шалдыққан. Демікпенің өршуі, жүрек соғуының жиілеуі, құлақтың шуы, жалпы әлсіздік, тез шаршау сияқты ауру белгілерімен жағдайы нашарлаған. Институтқа емдеуге жатқызу кезінде консилиум өткізіліп, жүрек ырғағының бұзылуын бақылау және митралды клапанды клиптеу жолымен түзету мақсатында өкпе тамырларының радиожиілік абляциясын жасау ұсынылды.
Митралдық жеткіліксіздікті емдеудің негізгі әдісі - пластика немесе екі жақты клапанды толық ауыстыру операциясы. Алайда пациенттің ауруының асқынуы, қосымша патологиялық жағдайына байланысты ауыр жағдайы операцияның қаупін арттырды.
MitraClip - бұл митралды клапанды қалпына келтірудің аз инвазивті техникасы. Бұл инновациялық құрылғы митралды клапанды клиптеу арқылы қанның регургитациясын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ашық хирургиялық операцияларды көтере алмайтын пациенттер үшін жүрек жұмысын жақсартудың жалғыз мүмкіндігі. Операция наркоз беру арқылы жүргізіледі. Интервенциялық хирургтер сан тамырлары арқылы катетердің көмегімен рентгенологиялық және УДЗ бақылауымен митралды клапан аумағына жетеді. Құрылғы клапанға бекітіледі, осылайша оларды қысады, қан ағыны қалыпқа келеді.
«Біз жаңа технологияларды енгізе отырып, заманауи медициналық үрдістер мен стандарттарды ұстануға тырысамыз. Біздің дәрігерлер: рентгеноперблогының және функционалдық, ультрадыбыстық диагностика бөлімшесінің меңгерушілері Брюссель қаласындағы (Бельгия) Abotte компаниясының тренингтік орталығында тағылымдадан өтіп келді. Біздің клиника мен ҰҒКО-ның интервенциялық кардиологтарының да, УДЗ дәрігерлерінің де жоғары кәсібилігін атап өту маңызды, себебі операцияның сәтті өтуі дәрігерлер командасының үйлесімді жұмысына байланысты» Институттың Басқарма төрағасы Марат Пашимов
«Бұл технология жетекші еуропалық клиникалардағы басқа да аурулары бар және операциядан кейінгі асқынулардың даму қаупінің жоғары болуына байланысты «ашық» операция жасауға жарамайтын пациенттер арасында өзін жақсы дәлелдеді. Енді бұл миниинвазивтік әдіс біздің институт пациенттеріне де қолжетімді болды. Импланттың қымбат болуына қарамастан, бұл операция тегін жасалады. Мұндай операциядан кейін пациенттер тез сауығып, аз уақытта үйге шығарылады» Марат Орынбасарұлы
Функционалдық және ультрадыбыстық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Ақжан Қонысбекованың айтуынша, бұл процедураның ерекшелігі - операция жүректің эхокардиографиясының толық бақылауымен жасалады.
Емханада заманауи 3-D эхокардиографиясы бар ультрадыбыстық аппарат болғандықтан, клип орнатудың нақты орны анықталып, интраоперациялық бақылау жүргізіледі.
«Бұл аз инвазивті процедураны қолдану пациентті қалпына келтіру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, ал жағдайының жақсаруы наркоздан шыққаннан кейін бірден сезіледі. Мұндай операциялардан кейін пациенттер тез сауығып, бірнеше күннен кейін үйге шығарылады. Оларда өмір сүру сапасы едәуір жақсарады, демігу азаяды, физикалық төзімділік артады, медициналық көмекке жүгіну жиілігі төмендейді» Рентгенэндоваскулярлық оперблок меңгерушісі Алексей Колесников
«Мен қазір өзімді өте жақсы сезінемін, тыныс алуым дұрысталды, құлағымда шу жоқ, серуендеймін, үй жұмыстарымен айналысамын. Мұндағы мамандар өте білікті. Оларға деген алғысым шексіз», - дейді пациент.
2020 жылы MitraClip құрылғысы үздік медициналық технология үшін Prix Galien USA сыйлығына (Нобель сыйлығына тең) ие болды.