Бірлік пен келісім – Қазақстан Президенті Жолдауының тұжырымдамалық құрамдас бөлігі

11286
Фотосурет: Gov

Бірлік пен келісім бағзы заманнан адамзаттың мызғымас құндылығы болып табылады. Оны жетілдірудің жолдары мен әдістері ғасырлар бойы зерттеліп келсе де, бұл категориялар ешқашан өзінің маңыздылығын жоғалтқан емес, яғни бұл – кез келген мемлекеттің тұрақты және үздіксіз дамуының басты факторлары. Әлемдік деңгейдегі жаңа сын-қатерлерді тудыратын жаһандық әлемнің дамуы мен мәдениетаралық байланыстарды жандандыру үрдістері бірлік ұғымының маңыздылығын одан әрі өзектендіре түседі.

Жүз жиырмадан астам этникалық топтан тұратын Қазақстан Республикасы бірлік ұғымын әрқашан бірінші орынға қояды. Осындай тұжырымдама жылдың басты бағдарламалық құжаты – ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан ешқашан тыс қалған емес. Әділдік үшін тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев де бірлік пен келісімді нығайту қажеттігін аса назарға алғанын атап өткен жөн.

Тағдырдың жазуымен, бастарына күн туған, кейде тіпті жүректі дір еткізер оқиғалардан кейін түрлі этностардың жүз мыңдаған өкілдері Қазақстан жерін паналауға мәжбүр болды. Олар осы жерде тамыр жайып, қазақ халқымен бірге өсіп-өніп, ортақ тарихты бастан кешірді, қоғамдағы бірлік пен келісім қағидатын еліміздің мызғымас брендіне айналған «отандық өнімі» ретінде қабылдауды үйренді.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр».

Қазақстандағы бірлік саясаты әлеуметтік-экономикалық реформалардың, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттырудың және этносаралық бейбітшілікті қолдаудың үйлесіміне негізделген.

Бұл постулаттар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында нақты айтылды: «Бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі. Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады».

Қазақстан Президентінің берік сенімі бойынша татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Қазақстан қоғамында Президент ұсынған қағидаттар: «Сан қырлы бірлік», «Біз әртүрліміз, бірақ біз біргеміз» – «бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек».

Осы тұста «Қоғам сүйіспеншілікпен бірігеді, әділдікпен жүреді, адал еңбекпен өмір сүреді» деп атап өткен ұлы ойшыл әл-Фарабидің сөзін келтірген орынды. Ғасырлар өтсе де адамның әділетті және жасампаз қоғам туралы ізденістерінің өзектілігі өз маңыздылығын жоғалтпайды. Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған Адал азамат тұжырымдамасы қоғамдағы әділеттілік, бірлік пен руханияттың орнауы туралы ғасырларға созылған армандармен тікелей байланысты болмақ.

Бірлік, шын мәнінде, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтудың қуатты факторларының бірі болып табылады.

Жыл сайынғы жолдаулардағы бірлік тұжырымдамасын жан-жақты талдап қарасақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзқарасы бірнеше негізгі аспектілерге негізделген.

1. Бірлік – еліміздің әрбір азаматының қажырлы және жүйелі еңбегі.

Қазақстан Президентінің пікірінше, бірлікті нығайту жолында әрбір азамат еңбек етуі тиіс. Және де мұны үздіксіз жасау керек. Себебі, нағыз өмір тек бірлік бар жерде ғана болады. Бұл мәселеде Қазақстан халқы Ассамблеясына басты рөл беріледі. ҚХА квотасын Мәжілістен жоғарғы палата – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ауыстыру туралы 2022 жылғы жазылым да кездейсоқ емес.

Қазақстан Президенті Ассамблеяны біздің бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін және қасиетті қазақ жерін мекендейтін барлық этностарды біріктіретін бірегей құрылым деп атады. Президент ҚХА елдің саяси жаңғыруында да маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Ол реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге, барлық этностарға мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешудің жолын табуға ықпал етті.

2. Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім – елдің тұрақты дамуының негізі. Саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды елдегі бірлік пен тұрақтылықсыз жүзеге асыру мүмкін емес.

2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Президент: «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!», – деп атап өткені кездейсоқ емес. Дей келе, ұлы Абайдың қарасөзінен «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» деген сөзін тиек етті.

Осы мәселеге орай өз тарапынан жүйелілік қағидатын дамыта отырып, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында Қазақстан өзінің бейбітшілік пен келісім саясатының арқасында табысты мемлекет бола алғанын және халықаралық аренада да елеулі табыстарға қол жеткізгенін бірнеше рет мәлімдеді.

3. Бірлік – бұл экономиканы нығайтудың негізі, Президенттің пікірінше, ішкі бірлікті сақтаудың маңызды факторы болып табылады. Президент елдің барлық азаматтары экономикалық өсудің артықшылықтарын сезінуі үшін экономикалық әртараптандыру және ресурстарды әділ бөлу қажеттілігін атап көрсетеді.

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», – деп атап өтті.

4. Бірлік – жасампаздықтың кепілі. Еліміздің кез келген саналы азаматы үшін Қ.К.Тоқаевтың мәлімдеген постулаттары түсінікті: «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз».

Зайырлы және тәуелсіз мемлекет құру, оның барлық жетістіктерін қабылдап, қиындықтарын әлі де жеңу – бұл да жасампаздыққа бағытталған бірліктің нәтижесі. Бұл 2021 жылғы Жолдауда көрсетілген: «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік».

5. Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде Қазақстан Президенті үшін қоғамдағы әлеуметтік бірлік пен әділдікті нығайтуға тиіс жүйелі реформаларға бейімделу тән. Бұл, әсіресе, әлеуметтік жүйені реформалау, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында, сонымен қатар табыстарды әділ бөлу және халықтың аз қорғалған топтарын қолдау арқылы өте маңызды.

6. Кез келген жағдайда бірлік пен келісім тұжырымдамасының мызғымастығы. Қазақстан Президентінің бұл қағидаттары мызғымайды және мүлдем өзгермейді. 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын еске түсірейік: оның негізгі мақсаты қаңтар оқиғаларын бағалау және талдау болғанына қарамастан, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев атап өтті: «Біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар. Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз».

Демек, жылдың басты саяси және әлеуметтік-экономикалық құжаты – Қазақстан Президенті жариялаған жеті Жолдаудың ішінде маңызды идеологиялық түсінік бар: бірлік пен келісім – біздің құрылысымыздың негізі. Оларды ел үшін маңызды істермен нығайту қажет. Президент атап өткендей, аға буынның аса маңызды міндеті – келер ұрпаққа татулық пен келісімді құру мен сақтаудың баға жетпес тәжірибесін мұра етіп қалдыру, ал ұрпақтар сабақтастығының негізі – Қазақстан халқының өнегелі қасиеттерінің бірі.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -