Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Үрқия Хамитқызы Мұстафинаға «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін табыс етті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жоғары марапат - оның ұзақ жылғы адал еңбегі, биік кәсіби шеберлігі мен мемлекеттік қызметке адалдығының айқын әрі салмақты бағасы.
Үрқия Хамитқызы Мұстафина өзінің еңбек жолын 1984 жылы Қорғалжын аудандық ауылшаруашылық техникасы қоймасының жұмысшысы болып бастаған. 2001 жылдан бүгінгі күнге дейін Ерейментау ауданының экономика және қаржы бөлімінде қызмет атқарып келеді. Қызметтік жолында Үрқия Хамитқызы өзін тәртіпті де жауапты, кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде танытып, терең білім мен мол тәжірибесін айқын көрсетті.
Оның еңбегі жоғары жауапкершілікке негізделіп, шешім қабылдаудағы шапшаңдығы мен ұқыптылығы арқылы ерекшеленеді. Бұл қасиеттер ұжымның бірлескен жұмысының нәтижелілігін арттыруға елеулі үлес қосуда. Өз ісіне деген адалдығы мен кәсібилігінің арқасында ол әріптестерінің де, аудан тұрғындарының да шынайы құрметіне бөленіп отыр.
«Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі – ел дамуына және оның институттарын нығайтуға ұзақ жылдар бойы елеулі үлес қосқан қызметкерлерге көрсетілетін құрметтің ерекше белгісі.
Шын жүректен Үрқия Хамитқызы Мұстафинаны лайықты марапатымен құттықтап, Отан игілігі жолындағы қызметінде толағай табыстар тілейміз.